Заң мен Тәртіп • Кеше

Ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдер саны 40,5 пайызға азайды

2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың қыркүйегінен бастап барлық мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» және «KiVa» антибуллингтік бағдарламалары енгізілді. Нәтижесінде білім беру ұйымдарындағы буллинг деңгейі 2 пайызға төмендеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдер саны 40,5 пайызға азайды

Фото: gov.kz

Сонымен қатар өңірлерде «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жоба 474 білім беру ұйымын қамтып отыр. Бұл бағытта бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткен және арнайы дайындықтан өткен 455 тәлімгер жұмыс істейді.

Психологиялық қолдау жүйесіне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Ел аумағында мектептер мен колледждерде буллинг, зорлық-зомбылық және қатыгездік фактілері тіркелген 20 Психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында 6 333 бала және 3 421 ата-анаға психологиялық және кеңес беру көмегі көрсетілді. Қауіп-қатерді ерте анықтау мақсатында суицидтік мінез-құлық пен зорлық белгілерін айқындайтын диагностикалық әдістемелер енгізілген.

Елімізде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық 8 пайызға төмендеген

Қауіп тобындағы кәмелетке толмағандарға қатысты профилактикалық шаралар күшейтілді. Ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдер саны жүргізілген қайта тексеру нәтижесінде 4 990-нан 2 968 адамға дейін, яғни 40,5 пайызға азайды.

Ал 2026 жылдың наурызынан бастап білім беру ұйымдары басшыларының зорлық-зомбылық немесе буллинг жағдайында балаларға қажетті көмек көрсетпегені үшін жауапкершілігі енгізілді.

Еске сала кетейік, қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар арасындағы буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ буллинг фактілерін елемегендерге 30-80 АЕК көлемінде айыппұл көзделген.

Соңғы жаңалықтар