Мәселе • Бүгін, 08:58

Тарихи ескерткіштер қорғауға зәру

40 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің солтүстік және батыс өңірінде қазақтың тарихи-мәдени мұра нысандары көп. Олардың бірнешеуі тізімге алынғаны болмаса, бұрын ғылыми тұрғыдан зерттелмеген. Қазір табиғи және антропогендік әсердің себебінен бұл ескерткіштер тозып, жойылып барады. Оларды шұғыл қорғауға алып, архео­логиялық және этнографиялық зерттеу жұмысын жүргізбесек, кеш болады.

Тарихи ескерткіштер қорғауға зәру

Солтүстік Сарыарқа, Ақ­жайық, Маңғыстау өңірінің тарихи-мәдени мұрасы қазақтың материал­дық мәдениеті тарихында көрнекі орын алады. Бұл өңірлерде қазақтың жерлеу ескерткіштері – кесене мен құлпытас, тұрғын ғимарат­тар – қыстау, мешіт-медресе көп кездеседі. Алайда олардың қазіргі техникалық жағдайы сын көтермейді. Маңғыстаудың жерас­ты мешіттерінің де жағдайы мәз емес. Қазір мұндай мешіттің 20-дан астамы белгілі. Бірақ олардың басым көпшілігі топыраққа көміліп, айналасы шашылып жатыр.

Тиісті орындар осы аталған тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеуге қаржыландыру бағ­дарламалары аясында квази­мемлекеттік мекемелерге нұсқау бергені жөн. Бұл археологиялық, этнологиялық зерттеу жұмыстары 5 жылға жоспарланып, алдыңғы 3 жылында далалық-қазба зерттеу жұмыстары жасалса, ал кейінгі 2 жылда жинақталған материалдарды ғылыми тұрғыда өңдеп жарияласа үлкен іс бітер еді.

а

Аталған өңірлердегі қорым­дар мен кесенелер, жерасты ме­шіттері, құлпытастар, қоныстар мен қыстаулардың толыққанды құжаттық топографиясын жүр­гізуді бастау қажет. Көне кезең қонысы мен қазақ қыстауын салыстыра отырып зерттеу арқылы олардың құрылымдық байланысын ашып көрсетіп, өзара ұқсастығы мен ерекшелігін қарастыру керек. Әсіресе тарихи тұлғаларға қатысты орындарды, оның ішінде олардың ата қыстауын, әулеттік қорымдарын, тас құлпытастарын этноархеологиялық тұрғыда зерт­теу өте өзекті болар еді. Қазақ­тардың үй салу техникасын анықтау мақсатында тарихи тұлға­лардың қыстауларына, жерасты мешіттеріне археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу де керек. Әрине, этнографиялық кезең ескерткіштері бойынша зерттеулер нәтижесінде жеке-жеке монография дайындалары сөзсіз.

Этноархеологиялық барлау барысында Сарыарқа, Ақжайық, Маңғыстау жеріндегі қазақтың өмір сүру жүйесі, көші-қон тізбегі, үй салу техникасы бойынша топографиялық және планиграфиялық ерекшеліктері басқа көршілес аудандармен салыстыра отырып зерттелер еді. Соның ішінде жасы үлкен адамдардан аңыз-әңгіме, жыр-дастандарды жазып алу, музей қорларындағы этнографиялық кезең­нің батырлық, жаугершілікке қатысты материалдарын зерттеу де қажет-ақ.

Бұлардың үй салу дәстүрінің бастауын қарастырғанда сақ дәуірінің қыстауларын кіріктіре отырып зерттеу тұрғын салудың техникасы мен мәселелерін шешу­ге үлкен мүмкіндік береді. Себебі ғасырлар бойы келе жатқан орманды-далалы аймақтағы тарихи-мәдени үдерістердің негізгі ерекшелігі сақ дәуірінде де, этнографиялық кезеңде де сақталған. Бұл – еліміздің солтүстік және батыс өлкелерді зерттеудегі негізгі мәселелердің бірі.

Қазақ қорымдары мен қыстау­ларын зерттеу барысында олардың автохтонды халық екенін дәлелдеу тарихи жағынан ғана емес, сая­си, идеологиялық тұрғыдан да өзекті ғылыми мәселе болар еді. Бұл жұмыс патша өкіметіне дейін солтүстік пен батыс өңірде қазақтардың өзіндік үй салу техникасы болғанын көрсетіп береді.

Ғылыми жағынан алсақ, жоба ерте көшпелілердегі үй салу тех­ни­касы мен этнографиялық кезең­дегі қазақ тұрғындарының өзара ұқсастығын дәлелдейді. Мысалы, сақ қонысының үстіне салынған қазақ қыстаулары кез­деседі. Демек, ғасырлар бойы жергілікті тұрғындардың санасында қалыптасқан таным-түсінік шаруашылық мәселесінде де ортақ тәжірибеге мән береді.

Осы уақытқа дейін қорым­дар­дағы тас құлпытастар зерттеу аясынан тыс қалды. Қазіргі ғылы­ми материалдарға қарағанда қазақтардың құлпытас жазу өне­ріне сыртқы күш қатыспағаны, жер­гілікті шеберлердің болғаны көрінеді. Бұл – сол кезеңде қазақ­тардың тұтас мәдени ұйысып отыр­ғанын дәлелдейтін бірден- бір факт.

д

Қазір өткен ғасырдың 40–50 жылдарының этномәліметтерін білетін топтардан мол мағлұмат алып қалу қажет. Өз кезегінде аңыз, әңгімелер, жыр-дастандар, тарихи жәдігерлерді жинап, мемлекетіміздің солтүстік және батыс өңірінің ғасырлар бойғы бейзаттық материалдарын алып қалу – өте маңызды іс.

Біз ұсынып отырған бағдарлама этнографиялық материалдарды жүйелеп, зерттеу негізінде бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік берер еді. Мәселен, экономикалық жағынан тарихи тұлғалардың орындары зерттеліп, тарихи
туризм нысанына айналады. Жаңа материалдар арқылы патриоттық тәрбие дамиды, өлке тарихының ғылыми өнімдері дайындалып, қазба барысында табылған заттар музей қорын толықтырады.

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы аумағында жиі кездесетін, жергілікті халық «Шошақ мола» деп атайтын мазар құрылыстары да ерекше назар аударуды талап етеді. Бүгінде олардың көбі құлап бітуге қалған. Тойқожа бейіті, Керік моласы, Жұмыр-Сасық қауымы, Айт мазары, Қашарсойған, Таймас, Үркін-Сәти, Құмқұдық, Далбан батыр, Қызылоба, Шудабай, Қожабек, Адайбай, Беріш Жүсіп, Айтмағамбет батыр мазарлары өз заманындағы ерекше сәулет ескерткіштері болғанымен, күтімсіздіктің кесірінен тозығы жетіп тұр. Өкініштісі, бұлардың ешқайсысы да тарихи ескерткіштер тізіміне алынбаған, жеке зерттеу нысаны болмаған.

Еліміздің тарихи, архео­ло­гиялық және архитектуралық ескерт­кіштерінің 35–40%-ы Маң­ғыстау аумағында орналасқан. Осындай тарихи ескерткіштердің ең үздік туындыларының бірі – жерасты мешіттері. Бұндай сәулеттік құрылыстар елдің басқа жерінде кездеспейді. Олар – әртүрлі кезеңде салынған, ерекше архитектуралық құрылыс. Қазір жиырмадан аса осындай нысан белгілі. Өкініштісі, олардың басым көпшілігі табиғи және анотропогендік әсерлердің нәтижесінде көміліп жа­тыр. Мәселен, Масат ата жерасты мешіті Ұштаған ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан. Мұндағы қорымда әртүрлі кезеңге жататын мыңға жуық қабір орны бар. Оның ең ежелгісі XIV–XV ғасырға жатады. Жерасты мешіті өте тығыз құмтастан ойылып, екі бөлмелі киіз үй үлгісінде жасалған. Жоғарғы жағындағы дөңгелек ойықтан ішке жарық түседі. Оның сыртқы беті қаланған тастармен көмкерілген. А.Бернштамның дерегінше, мұндай күмбезді құрылыс салу – Азия даласын мекендеген атты көшпелілерге тән қасиет. Қазақтардың киіз үйіндегі жоғарыдан жарық түсіретін шаңырақ осының дәл­ме-дәл көшірмесі сияқты. Мешіт­тің оңтүстік бөлігінде ішке кіруге арналған есік орнатылған. Ішкі бетінде есіктен сәл солға таман Мекке бағытында михраб ойылған. Сыртқы жағында 3–4 метр батысқа таман диаметрі 2,5 метр болатын қазылған шұңқыр орны сақталған. Шамасы аяқталмай қалған тұрғын үйдің орны болса керек. Соның маңында тастан ойылған ұзындығы бірнеше метрге созылатын жылға төмендегі су жиналатын құдыққа әкеледі. Кезінде дәл осы жылға арқылы жоғарыдан ағып келген қар, жаңбыр суларын шаруашылық пайдасына жаратса керек. Қазіргі таңда нысан­ның бірінші бөлмесінің төбесі құлап, кіреберісі мен дәлізі көміліп қалған. Шұғыл түрде бірінші бөл­месінің қалдығын тазалап, айналасын абаттандыру керек.

Осыған ұқсас Ишан хожа, Үйтолы, Жоласқан, Қолбас ишан (Қарабұлақ), Көбен, Темір абдал жерасты мешіттерінің де өздеріне тән қайталанбас ерекшеліктері бар. Бұлардың бәрін зерттеп, құлаған жерін тазартып, абаттандырып қойсақ, көне тарихымыздың түгенделуіне де, бүгінгі тарихи-мәдени туризмнің дамуына да қосылған ауқымды үлес болар еді.

 

Мұрат ҚАЛМЕНОВ,

археолог, тарих ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар