Руханият • Бүгін, 10:40

Мұзбалақ ақынның бір хаты

100 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызылорда облысы Арал ауданындағы Құттықовтар шаңырағында жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған жәдігер сақтаулы. Ол ақын Мұқағали Мақатаевтың досы Мешітбай Құттықовқа жазған хаты еді. Асқақ Алатаудан айдынды Аралға жеткен ыстық сәлемнің ішінде мұзбалақ ақынның сүйініші де, күйініші де көрініп-ақ тұр.

Мұзбалақ ақынның бір хаты

Қазақтың даласында қанатын еркін сермеген ақынның тағы бір тағдырлы сапары Сыр өңірінде жалғасыпты. Батыс өңірінде басталған жыр-керуенін шалқар теңізге қарай бұрған Мұқағали Мақатаев Аралдың теміржол вокзалына бір-ақ тоқтайды. Алдын ала ескертусіз келген соң, діттеген жеріне жеткеннен кейін ғана бұрын көрмеген Мешітбай Құттықовты іздеуге кіріседі. Осыдан-ақ ақын жұртының ақеділ көңіліне арқа сүйегені анық көрінбей ме? Алдынан кезіккен жас жігітке «осында Мешітбай Құттықов деген ақын бар» деп, байланыстыруды сұрайды. Таныс есімді құлағы шалған жігіт Мұқағалиды вокзал ішіне кіргізіп, телефонға алып барады.

Қазалы топырағында дүниеге келген Мешітбай Құттықов ол уақытта Арал аудандық авто­инспекциясының бастығы әрі атағы елге мәлім ақын. Ғұмы­рын ішкі істер саласына арнаған ол қаламын да жанына серік етті. «Өкінем сен талықсып жат­қаныңда, Бір тамшы су тамызбай кеткеніме» деп теңіз-анасының алдында перзент көңілі шарқ ұрды. «Аралды сүю керек қайтқанда да» деп адамзатты күдер үзбеуге шақырды. Сол антына өзі де адал болды. Ақынның шаңырағында қазақтың қай зиялысы болмады деңізші. Сірә, адамның туған жеріне тартып туатыны ақиқат болар. Әйтпесе Мұқағалиға Алатаудай айбар, Мешітбайға Аралдай шалқар көңіл бұйырар ма еді?

Сонымен телефон тұтқасын ұстағаннан алып ақын: «Мешіт­жан, Каспийді ішіп, Аралмен бас жазуға келдім», деген екен. Тақырға тау көшкендей әсер берген мына хабарды естіген соң, Мешітбай дереу жетіп, Мұқа­ғалиды шаңырағына алып барады.

Осыдан соң теңіз ұлы тау баласын туған өлкесінің табиғатымен таныстырып, теңіз тіршілігіне қанықтырады. Мешітбай келіні Гүлсімнің айтуына қарағанда, осы сапарында Мақатаевтың денсаулығы сыр беріп, Аралдағы үйде аптаға жуық ем алып жатқан. Содан соң көрші Қазалыға, кейін Қызылордаға да соға кеткен.

Реті келгенде біз де Мешітбай Құттықұлының шаңырағындағы мол естелікпен танысып шық­тық. Талай марғасқалар мен май­талмандардың суреттері, хаттары сақтаулы. Солардың ішінде Мұқағали Мақатаевтың мұрасы ерекше. Қағаз бетіне жан сырын ақтарған бұл хатты күрсінбей оқу мүмкін емес...

«Қадірлі Мешітбай! Барлы­ғыңа, көбіне сенің үй ішіңе менен дұғай сәлем! Аттанарда арақтың салдарынан үй ішіңмен, қолынан дәм татқан жақсы жұбайыңмен қош дей алмай кеткеніме қатты өкінудемін, жаным.

Саған мың мәрте рақмет! Сенен айырылғасын жағдайым жақсы болмады. Қазалыдан ауырып, Алматыға тарттым. Қы­зылордаға соқтым, онда да жағдайым өте нашар болып, артынан жақсарып кетті. Рухани да, тұрмыстық мәселем де қирап барып, қайтты. Сенің балығың (шын айтам) қорғап қалды. Кешір, ол дәмді бала-шағам тата алмады, өкінішті-ақ. Түсініп отырсың ғой, менің бір қатынас жасап, бірден таныған Мешітім. Мені дұрыс түсін. «Мавр» шыққан, мен саған оны да сыйлай алмай отырмын, қолымда жоқ. Егер қолыңа түсірсең, мен берді, өзі берді деп ойла, жаным Мешітім. Мен сондай сарамыс адаммын, түсін мені.

Келісімен ауруханаға жатып шықтым, кеше ғана тағы да сол арадан шықтым, тәуір­мін. Мен сол Союзда Ғафу, Жұмекендермен бірге істеген болып жүрмін, еңбекақы алып тұрам, шүкір. Болмаса саған, сен сықылды азаматтарға тигізер көмегім шамалы. Арбаның бесінші доңғалағымын ғой мен деген, Мешітім, мені дұрыс түсін. Көріссек, сырласармыз. Алматыда бола қалсаң, мен осында болып, кезіксек, үйде болып, сулы-супанды бірдеңе (дәм) татысып, қонақ боларсың. Не дейін басқа, сау бол!

Мұқағали, хабарлас.

Алма-Ата, ул. Интернацио­нальная 129, кв 20. 21.VII. 1970 ж.».

Биыл осы хаттың жазылғанына тұп-тура 56 жыл толып отыр. Мешітбай Құттықұлы балаларына мұзбалақ ақынның хатын жоғалтпауды мықтап аманаттайды. Бүгінде Мешітбай келіні Гүлсім Лайыққызы атамыздың барлық естелігін қызғыштай қорып, көздің қарашығындай сақтап келеді. Қос ақынның байланысы кездесуден кейін де өрбіген, алайда көпке созылған жоқ. Мұқағали Мақатаевтың тағдыр таразылап берген ғұмыр жолы 1976 жылы аяқталса, Мешітбай Құттықов бертінде, 2001 жылы дүниеден өтті.

Қос ақын достығының заттай куәгері, мәңгілікке айналған мезеттің ескерткіші – сол бір сарғайған хаттың жыл өткен са­йын қағазы үгітілсе де, салмағы ауырлап, құны арта бермек. Нағыз музейдің төрінде тұратын-ақ мұра. Есіл аманатты аудан басшылығы елеусіз қалдырмаса игі...

Соңғы жаңалықтар