Сурет: kaz.inform.kz
Нысандарды аралау барысында қала әкімі Дархан Сатыбалды мен жауапты ұйымдардың өкілдері қатысты. Алатау ауданында орналасқан ЖЭО-2 стансасын табиғи газға көшіру жобасы іске асырылып жатыр. Құрылыс жұмысы 2024 жылы басталған, аяқталуы биылға жоспарланған. Мердігер міндетін Қытай компанияларының консорциумы атқарады. Жоба нәтижесінде сағатына 952 гигакалория жылу, 600 мегаватт электр өндіретін заманауи газ стансасы іске қосылуға тиіс. Бұл қаладағы энергия тапшылығының алдын алуға әрі атмосфераға таралатын зиянды заттар көлемін қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазір негізгі әрі қосалқы жабдықтарды жеткізу ісі толық аяқталуға жақын. Үш газ турбинасы мен генераторлар, төрт су жылыту қазандығы орнатылған. Кәдеге жарату қазандығын монтаждау жалғасады. Қосалқы инфрақұрылым мен жол желісі дайын. Негізгі құрылыс нысандарындағы жұмыс шамамен 55 пайыз деңгейінде орындалған. Бас корпус, су дайындау жүйесі, газ дайындау пункті, электр техникалық инфрақұрылым бағытында құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп отыр.
ЖЭО-2 Алматыдағы ең ірі жылу көздерінің бірі саналады. Стансаны жаңғырту мегаполистің энергетикалық тұрақтылығын арттырумен қатар, экологиялық қауіпсіздікті күшейтуге ықпал етеді.
Роман Скляр жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды, құрылыс сапасын тұрақты бақылауда ұстауды әрі жабдықтарды жеткізу кестесін қатаң сақтауды тапсырды. Нысанды жоспарланған уақытта іске қосуға барлық ұйымдастыру шараларын жеделдету қажет екені айтылды.
Жұмыс сапары барысында Іле ауданындағы ЖЭО-3 стансасын жаңарту жобасы да қаралды. Аталған нысан 2007 жылдан бері «Алматы электр стансалары» акционерлік қоғамы құрамында жұмыс істеп келеді. Жоба аясында қуаты кемінде 450 мегаватт болатын бу-газ қондырғысын салу мен тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту көзделген. Құрылысқа жергілікті компаниялар консорциумы тартылған.
Қазір инженерлік іздестіру мен жер дайындау кезеңі толық аяқталған. Іргетас құю, негізгі инфрақұрылымды қалыптастыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Газ турбиналық қондырғының алғашқы жиынтығы орнатылып, жабдықтарды монтаждау жалғасып келеді.
Бірінші вице-премьер құрылыс қарқынын күшейтуді, жобаға қатысушы ұйымдардың үйлесімді әрекетін қамтамасыз етуді тапсырды. Нысанды жаңғырту энергетикалық қуатты арттырып, өңірдің индустриялық дамуына қосымша мүмкіндік береді.