– Соңғы жылдары жасанды интеллект адамзат өркениетінің ең күрделі философиялық мәселелерінің біріне айналды. Сіздің ойыңызша, «ақылды машиналардың» пайда болуы адам мен сананың табиғаты туралы бұрынғы түсініктерді қалай өзгертті?
– Адамзат баласы пайда болғаннан бері өзін танумен, ғаламдағы орнын зерттеумен айналысып келеді. «Ғылым жолы – Жаратушыны тану жолы» деген сөздер дәл айтылған. Ақпараттық дәуірдің жетістіктерінің бірі – адамдардың «ақылды, саналы» машиналармен ерекше қарым-қатынастарға түсуі болып отыр. Адамдарға ғана тән болып келген сипаттардың біразына ие болған (сөйлеу, жауап беру, талдау, шешім қабылдау) жасанды жүйелермен «қауымдасу модельдерін» жасау адамзаттың болашақ дамуының бағытын анықтайтын проблема түрінде талданып келеді. Бұл адамзат өркениетіндегі «жансыз дененің» орнын айшықтайтын тұжырымдаманың аса күрделісі болуы мүмкін. Адамның ішкі рухани әлеміне байланысты философиялық пікірталастар әлі де аяқталмаған тұста «жансыз интеллект» категориясының қосылуы мәселені одан сайын күрделендіре түседі.
Біздің заманымыздағы нейробиология ғылымы сана мен ми қатпарларындағы процестерді түсіну үшін философияға жүгінсе, дәл сондай дәрежедегі мұқтаждық философтар да бар. Олар сананың табиғатының құпиясын нейробиологтардың ізденістерінен тапқысы келеді. Осындай сан қатпарлы мәселенің философиялық, этикалық тұжырымдарын жасаудың қиындығы, жасанды интеллект дискуссиясы интеллектуалды машиналардың қоғамдағы орнына қатысты мәселелердің өзектілігін өсірді. Алдымен мынандай сұрақтарға қызығушылық ерекше күшейді. Біріншіден, машинаның интеллект деңгейін адамның ақыл-ой дәрежесімен салыстыруға бола ма? Оларды бәсекелестер деп айта аламыз ба? Екіншіден, машина нақты өмірде адамдармен бейбіт қатар өмір сүре ала ма? Үшіншіден, «саналы» машиналардың бойында ерік-жігерге, ерік бостандығына (liberum arbitrium) орын бар ма? Этикалық тұрғыда олар өз іс-әрекеттеріне жауапты екенін түсіне ме?
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері жасанды интеллект хакатонына барды
Ғасырлар бойы философтар ғаламда адамзаттан басқа ешқандай материалдық формадағы жаратылыс иесінде сананың жоқтығын дәлелдеуге күш салды. Жасанды интеллект бұл тартысты мүлдем шатастырды. Адам мен жануарлар әлемін салыстыра отырып, ойлау мен ақыл-сана категориясының социумға ғана тән екендігін ғылыми зерттеулер дәлелдеп берді. Әзірге, адам мен «ақылды» машиналар арасында да осы айырмашылықтар сақталып отыр. Адам өңдей алмайтын зор массивті мәліметтерді бірнеше секундта өңдей алатын, ауа райы мен қаржылық индикаторлардың өзгеруін дәл болжай алатын және басқа көптеген таңғаларлық қабілеттеріне қарамастан, интеллектуалды машиналардың қызметі мен мүмкіндіктері өздеріне жүктелген бағдарламалық алгоритмдермен шектелген. Мамандар бұл жағдай енді 5-10 жылда жылдам өзгеруі мүмкін екенін айтып отыр.
– Жасанды интеллект құралдарының даму қарқыны өте жоғары. Машиналардың өзін-өзі үйрететін алгоритмдері олардың мүмкіндіктерін бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізіп жатыр. Осындай жағдайда адам мен машина арасындағы шекара қаншалықты сақталады деп ойлайсыз?
– Бұл күрделі мәселе. Бүгінгі ақылды машиналар «ойлауды» үйренді, өзін-өзі оқытатын терең үйрену алгоритмдердің көмегімен «ақылдылық» деңгейін өсіре бастады. Басқаша айтқанда, «ойлау қабілеті» артқан сайын машиналардың проблемаларды анықтау, оларды шешу, өзін қоршаған қоғамды зерттеу мен үлкен мәліметтер мен логикалық процестерден қорытынды шығару қабілеті күшейеді. Осындай даму жолына түскен машиналар адамға қауіпте емес деп ешкім кепілдік бере алмайды. «Ақылды» машиналар жылдам дамып, адамдарға жақын болған сайын, адами қасиеттерге біртіндеп ие болып, біздің осал тұстарымызды білген соң олардың өзін жасаған адамға деген көзқарасы, іс-әрекеттері қандай болады деген сұрақ сарапшыларды да, ғалымдарды да үрейлендіреді.

Ғалымдар болашақта машинаның өзін жасаған адамдарға ұқсайтыны соншалық, тек интеллектуалдық қана емес, тіпті физикалық айырмашылықтары да білінбейтін болады дейді. Жасанды интеллект адамдармен коммуникацияға түскен сайын машықтанып, шебер бола бастаса, адамдар мен машина арасындағы байланысты ажырату қиындай түспек. Яғни, машиналар адамнан айыра алмастай жетіліп, Тьюринг сынағынан өту жасанды интеллектке қиын болмайды. Көпшілікке белгілі Тьюринг тесті қарапайым: адам өзіне көрінбейтін машинамен мәтіндік хабарлама алмасу арқылы сөйлесе отырып, онымен сөйлескен компьютер емес адам деп сенсе, онда сынақ тоқтатылады. Машина ойлауға қабілетті деп саналады.
– Адамды алға жетелейтін күш – ынта мен уәждеме екені белгілі. Ерік бостандығы мен таңдау қабілеті де адамға ғана тән. Ал жасанды интеллектіде осындай «ішкі қозғаушы күш» болуы мүмкін бе?
– Сіз ең басты мәселені қозғадыңыз. Интеллектуалды машиналардың ақыл-ой қабілеті қойылған мәселелерді шешу жылдамдығымен өлшенбеуі тиіс. Егер Жаратушы берген интеллект адам баласын өзара коммуникацияға, шығармашылыққа және жаңашылдыққа жетелесе, бұның бәрін интеллектуалды технологиялар да қайталай бастады. Дәлірек айтқанда, ақылды машиналар адамдарға еліктей (имитациялай) бастайды. Осының бәрімен айналысуда, адамға өзін-өзі дамытуда ынталандыру (стимул) мен уәждеменің (мотивация) маңызы зор болса, ЖИ үшін өзін-өзі дамытуға жетелейтін, ынталандыратын күш қайдан болмақ? Зерттелуі тиіс ең басты проблема да осында.
Бір-бірімен абстрактілі идеялармен алмасу – адамның интеллектуалды қабілетінің ерекше сипаты. Машиналар адамның осы ерекше қабілетіне қол жеткізсе, қоршаған әлемді адам сияқты сезіну мүшелері мен эмоциясы пайда болса немесе адамдар машиналарға осы ерекшеліктердің жұмбағын ашып үйреткен болса машина мен адамның арасындағы шекаралар түбегейлі бұзылады. Әзірге бұл болжамдар теориялық жағынан ғана қызықты болғанымен олардың іргесін қалайтын фундаменталды тұжырым мынандай: адамзаттың бүгінгі бірегей жаратылысы технологиялық прогрестің әсерімен «шегрен теріге» ұқсап руханият тұрғысынан тартылып, жоғалып барады. Енді 1-2 онжылдықта біздің осы тұжырымның дәлелдерін өмірдің өзінен байқайтын болармыз.
Енді Ұлттық ұлан сарбаздарының эмоциялық жағдайын жасанды интеллект бақылайды
Еркіндікке ұмтылу мен ерік-жігер иесі болу – адамның жаратылысындағы мықты қозғаушы күш. Тарихтың даму барысы да адамның осы қасиеттерінің ынта мен уәждемемен қосылуынан шығатын маңызын көрсетіп отыр. Философтардың арасында ерік-жігер бостандығы деген құр елес қана, адамның таңдауы сыртқы және ішкі күштердің ықпалының нәтижесі, құдіретті күштің, заңдар мен қоршаған орта, қоғамның ықпалы деген тұжырым бар. Мысалы, ағарту дәуірінің философы, француз жазушысы Шарль Луи де Монтескье (1689-1755) «заңдарды белгілі құбылыстар арасындағы тұрақты қатынастар» деп түсіндіреді.
Заңдардың бірнеше түрлерін көрсетеді:
Жаратушы мен адамдар арасындағы тұрақты қатынастарды көрсететін Құдайдың заңдары;
дүниедегі құбылыстардың тұрақты қатынастарын анықтайтын әлемдік заңдар;
адамдардың табиғатына сәйкес, адамдар арасында өзара тұрақты қатынастар орнататын заңдар.
Философтың ойынша, осы үш түрлі заңдарда қаралатын тұрақты қатынастар адамдар өмір сүретін ортаға – елдің географиялық орналасуына, климатына, топырақтың құнарлылығына, жерінің көлеміне, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, мемлекетте рұқсат етілген бостандық дәрежесіне, халықтың ұстанатын дініне, әл-ауқаты мен байлығына, саудасына, мораль мен әдет-ғұрыптарына байланысты өзгеріп отырады, бір-біріне ұқсамайды.
Монтескье өз гипотезасының дұрыстығын дәлелдеу үшін, болжаған критерийлердің бір-бірімен қатынасын зерттеп 31 еңбек жазған. Жекелеген фактілер мен эмпирикалық мәліметтерді сараптаған философ алғаш рет жалқыны жалпылау, жинақтау, қорыту әдісін қолданған. Монтескьені жақтаушылар дәл осы күштердің әсерімен «өмірдің мәні пайда болады, ғаламда белгіленген табиғи тәртіпті еріксіз түрде орындау арқылы адамзат өз мақсатына қызмет етеді» дейді.
Бұл жерде бізге мына мәселені нақтылап алған жөн. Жаратушы белгілеген заңдарда адамның дербестігі, таңдау еркіндігі бар екені айтылады. Исламда адамның еркіндігі Жаратушының қалауын орындауы мен Ол белгілеген нормалар мен әлемдік тәртіпті ұстануында. Адамға олардан ауытқуға да ерік берілген. Адамға жақсы мен жаманды, достық пен жауыздықты таңдау еркіндігі берілген: «Кез-келген бақытсыздық тек Алланың қалауымен болады. Аллаға сенген адамның жүрегін Ол тура жолға нұсқайды. Аллаға бәрі мәлім» (Құран Кәрім, 64-сүре, 11-аят).
Ойлау мен ақыл-сана – ғылым мен прогрестің, адамның қоршаған әлемді тануының құралы болып келсе, интеллектуалды машиналарға қондырылған қабілеттер адамзатқа көмекші ме әлде бәсекелес пе? Ақыл мен ойлау өзін және әлемді тану үшін Жаратушының адамға ғана берген сыйы болса, жасанды интеллект тек көмекшілік рөлді атқаруға тиіс қой.

Адамның дербестік пен бостандыққа ұмтылуы, қандай да бір оқиғаның болуын қалауы мен тілеуі адамзатты жануарлар мен машиналардан ерекшелеп тұрады. Жануарлардың қалауы олардың табиғи түйсігімен (инстинктерімен) шектелетіні белгілі: азығын тауып жеу, ұрпақ өрбіту мен оны қорғау, тіршілік үшін күресі мен мекендейтін орындарын табу. Адам, әрине, жануарлар әлемінде кездеспейтін ғажайып ерік-жігерге ие, бостандық үшін өз таңдауын жасап, тағдыры жолында күресе біледі. Таңдау еркіндігі мен бостандықпен қатар адам өзінің істеріне жауапты екенін де мойындайды. Адамға өзінің ісіне жауапты болу мен өзіне қажетті іс-әрекетті таңдау еркіндігі сыртқы құдіретті күшпен берілген болса, онда инженер қондырған таңдау еркіндігі мен жауаптылық функциялары да машинаға сырттан берілген болып саналады. Бұл өлшемдер бойынша машина мен адам арасында ешқандай айырмашылық жоқ деп айта аламыз ба?
Болашақ машиналар әлеміндегі іс-әрекеттің моральдық еркіндігі проблемасы заңды тұрғыдан да, моральдық-этикалық тұрғыдан да осындай үлкен сұрақтар туғызады. Құқықтық тұрғыда машинаның моральдық әрекетке қабілетін көрсететін шәкіл – бұл оның өзін жасаушының іс-қимылына қарамастан дербес іс-әрекеті үшін жауап беруі. Қазір қиял-ғажайып болып көрінгенмен, болашақта интеллектуалды жүйелер толығымен дербес шешімдер қабылдауға, өзін-өзі жетілдіруге және еркін іс-әрекетке қабілетті бола ала ма? Жасанды интеллектуалды машинаны жасаған инженерлер үшін машина өзінің баласындай болып, «ата-анасының» тәрбиесімен, бағытымен дамуын да көзге елестете аламыз ба? Мұндай «бала-машина» тек өзінің қалауымен жақсы істерге де, зиянды қылықтарға да бейім болуы мүмкін бе? Бұның барлығы ойлантатын күрделі мәселелер.
– Сіз жасанды интеллект мәселесін талдағанда Абайға жиі жүгінесіз. Ұлы ойшылдың «толық адам» концепциясы бұл мәселеге қандай жаңа көзқарас береді?
– Жаңа көзқарас бермейді, осы жасанды интеллект құбылысын түсінуге көмектеседі. Ақыл-ой мен парасат мәселесі сияқты, философтар тағдыр тақырыбын, адам өмірінің мәнін талқылауды ешқашан тоқтатқан емес. Интеллектуалды машиналардың табиғатын зерттегенде тіршілікті сандық өлшемдермен ғана анықтауға болмайтынын естен шығармау керек. Машиналар қанша терабайт (1000 гигабайт) ақпарат жинап, оны талдауға, қорытып түсіндіре алатынына қарамастан, шынайы өмір, шынайы тіршілікті ұғыну үшін Ақылды ғана емес Жүректі де қосып, ерік-жігермен бірге қорыту қажет. Әлем философтарын толғантқан бұл сұрақты ұлы қазақ ойшылы Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы терең зерттеген.
Ұлы қазақ ойшылының «толық адам» концепциясында адамшылық пен кісілік сынды күрделі моральдық ұғымдар қамтылған. Адамшылық пен кісілік деген бірдей емес, мағыналары да әртүрлі. Егер адамшылық деп адамның жақсы қасиеттерін атасақ, кісіліктің мазмұнын бекзаттықтан, тектіліктен іздеген дұрыс болар.
Ибраһим Құнанбайұлы «адамшылықтың таразысын – өнер және білім», «адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалай бітіргендігінен емес» деп түсінген. Ұлы ақын өз еңбектерінде «адамға жақсылық жасау адамшылықтың негізі» деген ойдан ешқашан ауытқымаған.
Жаратушы өзі жаратқан адамға сана, ақыл-ой мен ерік-жігер берген. Бұл жерде назар аударарлық нәрсе Жаратушы адамның осы қасиеттеріне шектеу қоймаған. Ерікті және саналы, ақылды адамның ойы мен қиялында шек жоқ. Олардың ішінде жасампаздық та, қирату да бар. Оңы мен солы, жақсысы да, жаманы да кездеседі. Ал кісілікке келсек, бекзат, текті адам өзін сыйлатып, өзгені сыйлайды. Өзін құрметтетіп, өзгені құрметтей алады. Ибраһим Құнанбайұлының философиясында «адам болу дегеніміз кісілікті кісі болу, қара басты емес, елдің, халықтың қамын, адамзаттың қамын ойлау» екені айқындалған:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл».
Адамның жақсы болуы үшін ұлы Ибраһимнің сөзімен айтсақ «Жаратушыны танымақ, өзін-өзі танымақ, дүниені танымақ» қажет болса, жасанды интеллект адамзаттың игілігіне қызмет ететін «жақсы» машина болуы үшін осы 3 шарттың ешқайсысын да сезіммен, жүрекпен тани алмасы анық. Жаратушыны да, өзін де, дүниені де танымаққа «жылы жүрек» қажет. Ия, жүрексіз ЖИ діни ілімдерді толық меңгеруі мүмкін, өзін тануға да қабілеті бар. Бірақ бұл екеуін де адамдай ыстық жүрекпен емес, «суық машина жүрегімен» ғана қабылдай алады. Әрине, «суық жүректің» таңдауын, шешімін адамның ыстық сезімінен шыққан таңдаумен салыстыруға болмайды. Міне, нақты осы жерде болашақ интеллектуалды машиналар үшін еңсере алмайтын асу бар. Жүрекпен сезіну, эмоция мен интуицияға сүйенген шешімдер еш уақытта машиналарда болмайды. Инженерлер машинаға оларды (жүрекпен сезіну, эмоция мен интуицияны) еліктеуді, имитациялауды ғана үйрете алады. Адамның машинадан артықшылығы да, ерекшелігі де осында.
Адам өмірде жаңылмай, дұрыс тұрып-жүруі үшін (Жаратушы белгілеген Ережеге сәйкес) қайтпек керек? Теолог ғалымдар бұл үшін адам жүрегіне 2 сипатты сіңіруі қажет екенін айтады. Бірінші, адамның өзінің Жаратушысына деген кәміл сенімі, екінші, сол Жаратушы белгілеген шектен шықпай, өзінің әрбір қадамын Жаратушы бекіткен (нормаларға) тәртіпке бағындырып басу. Осы 2 сипаты бойына тараған (орнаған) адамды нағыз адамшылық қасиеті бар деп бағалайды.
Ал енді Жаратушымыз тек Адамға сыйлаған сананы, таңдау еркіндігін Жасанды интеллектке орнатуға бола ма? Егер Жаратушы адамға арнап жіберген дін ережелерін, адамдардың дұрыс өмір сүруін, өзіне де, өзгеге де зиян шектірмей, залал тигізбей адал өмір сүру қағидаларын ЖИ бойына «қондырсақ» ол адамзат үшін сенімді, пайдалы құрылғы бола ала ма? Қазіргі талқыланып жүрген «робоэтика» (құлтемір этикасы) өз бастауларын діннің негізінен алмай ма?! Робототехниканың 3 заңына сәйкес робот адамға зиян келтірмейді, адамға зияндық жасауға тосқауыл болады, робот адамның бірінші заңға қайшы келмейтін барлық бұйрықтарына бағынуы тиіс, робот өзінің сақталуын бірінші немесе екінші заңға қайшы келмейтін жағдайда ғана қамтамасыз етуі керек.
– Сіз өзіңіздің «Жасанды интеллект: гуманитарлық өлшемдер» атты монографияңызда Абайдың адам тобырын басқаруға берген бағасына да жүгінесіз. Егер болашақта «ЖИ қауымдастығының» әрекеті адамдардың әлеуметтік мінез-құлқына ұқсас болуы мүмкін бе?
– Дәл осы сұрағыңызға жауап беру үшін тағы да Ибраһим Құнанбайұлына жүгінейік. Хакім Ибраһим өмірде надандардың (ақылсыз, невежда) көптігіне налиды. Сондықтан да, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» дейді. Қара сөздерінде надандар мен тобырды теңестіріп сөйлейді. Адамның бір кемшілігі туралы ұлы Ибраһим жиі айтады: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың. Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал». Міне, ұлы ойшылдың көп, тобыр туралы айтқан кесімі осы. «Тобырда ақыл болмайтынын, бірақ оны ебін тауып, басқаруға болатынын» айтады.
Өйткен үлкен топқа кірген жеке тұлға жауапкершілік сезімін толығымен жоғалтады, тобырдың бір бөлігі бола отырып, жеке адам зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке де бейім болуы мүмкін. Көпшіліктің ортасында адамның интеллектуалдық дәрежесі төмендейді, айналасында болып жатқан оқиғаларды қабылдауда эмоциялық бояулар күшейеді. Бұл психологиядан белгілі заңдылықтар.
Саналы адам тобырының сипаты, оны басқару осыншама қиын болса, ЖИ «тобырын» басқару ерекшелігі қандай? «ЖИ тобыры» бұларды е-тобыр деп атайық, өте білімді, адаммен салыстырғанда ақпаратты өңдеу, сіңіру қабілеті 1000 есе жоғары. Е-тобырдың жұмыс істеу механизмдері де адамдар тобырына ұқсас па, қайталай ма? Е-тобырды, оның мүшелерін «надан» деуге бола ма? Мүмкін ЖИ эмоция, интуиция, сезім тұрғысынан адамдарға жете алмас. Бірақ, ол адамның көп қызметін орындайды, біз шеше алмайтын проблемаларды, есептерді тез, сапалы және тиімді жолдармен шешеді, құнды кеңестер мен ұсыныстар береді. Өмірімізді едәуір жеңілдетеді. Осындай «ақылды» мүшелерден құрылған е-тобырдың қауымдасуы, бірігуі, бір-біріне бағынуы, бір-біріне деген қарым-қатынасында тек адамдарға тән бәсеке, жарысу, бірін-бірі көре алмау сияқты қасиеттер болуы мүмкін бе? Оларға осындай «адами» қасиеттерді қондырған дұрыс па?
ЖИ-лерде ұжымдасуға, қауымдасуға, бірігуге деген қажеттілік пен қабілеттер болуы немесе пайда болуы мүмкін бе? Мысалы, адамзат қоғамын зерттеу арқылы олар қосымша, өздеріне жүктелмеген (немесе қаскөй адамдар жасырын жүктеген) міндеттерді орындауы мүмкін бе? «Осы адамдарға пайдалы» деп, зиянды, қауіпті әрекеттер жасау ықтималдығы қаншалықты жоғары? Оны қалай болжап есептеуге, алдын алуға болар екен?
Қазіргі адамдар мен мемлекеттер арасындағы араздық, жаулық, төзбеушілік, күш көрсету, күш қолдану сияқты қауіпті қатынастар, деструктивті идеологиялар машиналарға берілмейді деп кім кепілдік бере алады? Ешкім. Экстремистік, террористік санамен уланған күштер (адамзатты тұтастай жойып жіберетін салдарын бағалай алмай, керісінше, жаман ниетпен жамандыққа барып) ЖИ әлеуетін бүкіл адамзат өркениетін жойып жіберуге қолдануы да әбден мүмкін. Бейбіт күндері өзін-өзі жарып жіберуге әзір адамдар (жансыз темір машинаны) аяушы ма еді?
Бұл жерде жасанды интеллектінің әлеуетін бақылау, оларды қолдану қазір атом қаруынан қалай қорғансақ, одан да күшті сақтық шараларын қабылдау ЖИ жасаушы мемлекеттерге жүктелуі тиіс. Атом технологиясын, жаппай қырып жоятын қаруларды таратпау механизмдері ЖИ технологияларын қорғауға қолданылуы міндетті болғаны дұрыс. Арнайы бекітілген құжатты БҰҰ деңгейінде қабылдауды, оның орындалуын бақылау барлық мемлекеттерге жүктеліп, бұл құжаттың орындалуын қадағалау төтенше маңызды деп жариялануы қажет. Бұндай құжатты іске асыру формасы да, орындалуын қатаң бақылау да өте маңызды деп бекітілуі тиіс. Бастапқыда игілік жолына қызмет етуге арналған машина өзін-өзі дамыта келе өзгеріп шыға келмей ме? Сонда ұлы Ибраһим Құнанбайұлының сөзімен айтқанда: «Бет бергенде шырайың сондай жақсы, Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың...» деп кешігіп қалмаймыз ба? Бұның да алдын алып, сақтық шараларын қабылдау артық болмайды.
− Әңгімеңізге рақмет!