Қылмыстық схема халықаралық сипатқа ие болып, есірткі құралдарын жеткізу, буып-түю және тарату функцияларын атқарған тұрақты қатысушылар желісін қамтыған, ал төлемдер криптовалюта арқылы жүргізілген. Сонымен қатар, топтың негізгі мақсаттарының бірі азаматтарды, оның ішінде жастарды психотроптық заттардың заңсыз айналымына жүйелі түрде тарту болған.
Облыстық прокуратура мәліметінше, 2025 жылы Ұлытау облысы сотының үкімімен аталған топтың екі қатысушысы кінәлі деп танылып, 16 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Осыған қарамастан, арнайы прокурорлардың одан әрі жүргізген жұмыстары барысында қылмыстық желінің қалған бөлігі әшкереленіп отыр.
«Жедел-тергеу іс-шараларының кешені нәтижесінде Қарағанды және Ұлытау облыстарының аумағында қылмыстық схеманың үш қатысушысы ұсталды. Кейін Жезқазған қаласының тағы екі тұрғыны ұсталып, олардан шамамен 1 килограмм психотроптық заттар табылды. Қылмыстық тізбекті жүйелі түрде пысықтау барысында арнайы прокурорлар жеткізушілердің біріне шықты. Одан 850 грамм есірткі заттары тәркіленді. Кейінгі іс-шаралар барысында жеткізу арнасы анықталып, жөнелтуші ретінде Қарағанды қаласының тұрғыны белгілі болды. Жүргізілген операция нәтижесінде трансұлттық есірткі желісінің буыны жойылып, қатысушылары ұсталды, заңсыз айналымнан шамамен 3,5 килограмм синтетикалық есірткі заттары шығарылды», делінген облыстық прокуратураның ресми мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта үш айыпталушыға қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, тағы төрт тұлға бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталу сатысында.
Нұрболат АМАНБЕК