Фото: Ақорда
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, қордың қамқоршылық кеңесі әлеуметтік маңызы зор міндеттерді шешуге бағытталған 134 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны бекіткен.
Мемлекет басшысына қордың білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларында ауқымды шаралар атқарып жатқаны жөнінде баяндалды.
Атап айтқанда, онкологиялық қызметке қолдау көрсетіліп, медициналық ұйымдар заманауи құрылғылармен, соның ішінде сәулелік терапияға арналған қондырғылармен жабдықталды. Сондай-ақ өңірлерде оңалту инфрақұрылымы жаңғыртылып, мамандандырылған көмек көрсету жолға қойылды.
Білім беру бастамаларына ерекше назар аударылып отыр. Гранттар тағайындалып, ауылдық және шағын жинақты мектептерді дамыту жобалары жүзеге асырылып жатыр. STEM-білім беру мен цифрлық шешімдер секілді заманауи оқу бағдарламалары енгізілуде. Балалар мен жастардың қосымша және озық біліммен қамтылуына, жасанды интеллект саласын игеруіне баса мән берілген. Осы орайда аймақтарда білімнің қолжетімді болуына ден қойылған. Бұдан бөлек, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, инклюзивті спорт орталықтарын құру жобалары қолға алынған.
Мемлекет басшысы қайырымдылық шараларын ашық, жүйелі әрі мақсатты түрде іске асырудың маңызына тоқталып, бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып отырғанын жоғары бағалады.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдап, өңірде туризмді дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.