Қоғам • Бүгін, 16:30

Жануарларды қорғау және қоғам қауіпсіздігі: Қаңғыбас иттердің шабуылына қалай тосқауыл қоямыз?

130 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

8 сәуір күні Мәжілістің жалпы отырысында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулер қабылданды. Депутаттар қолданыстағы заңның ниетін емес нақты нәтижесін талдап, жануарларды қорғау мен азаматтардың қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікті табуды алға тартты. Мәжіліс ұсынған дерекке ден қойсақ, соңғы бір жылда иттердің шабуылынан шамамен 41 мың адам зардап шеккен. Олардың жартысынан көбі қараусыз иттердің кесірінен болған. Мәжілісмендер елдің басты байлығына баланған адам тағдырына төнген қауіпке мемлекет міндетті түрде жауап беруі тиіс екенін жеткізді. Ал жоғарыда аталған заңға енгізілген түзетулер қаңғыбас иттердің қоғамға қауіпін қалай сейілтеді? Құжат ит иелеріне қандай жауапкершілік жүктеп отыр? Заңға енгізілген осы және өзге де маңызды міндеттер мен жаңашылдықтарды депутат, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Анас Баққожаев тарқата түсіндірді, деп жазады Egemen.kz.

Жануарларды қорғау және қоғам қауіпсіздігі: Қаңғыбас иттердің шабуылына қалай тосқауыл қоямыз?

Фото: Тимур Батыршин

Анас Ахатұлы, 2021 жылы қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға түзетулер енгізуге нендей себеп түрткі болды?

– Негізгі себеп қолданыстағы «ұстау – стерилизация – вакцинация – қайта жіберу» моделінің күткен нәтижені бермеуі. Соңғы жылдары қаңғыбас иттердің саны азайған жоқ. Онымен қоса адамдарға шабуыл фактілері де көбейді. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігі мәселесі өткір көтерілгені мәлім. Сонымен қатар жергілікті жерлерде заңды іске асыру тетіктері біркелкі жұмыс істеген жоқ. Құзыретті органдардың мәліметінше, 2022 жылы – 36,7 мың, ал 2025 жылы  –  41 мыңнан астам адамды ит қапқан. Бұл қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға шығаруға итермелеп тұр. Сондықтан мәселені бұрынғыдай ветеринария немесе коммуналдық сала аясындағы тар шеңберде қарастыруға болмайды. Соңғы жылдардың шындығы жағдайдың өзгергенін ашық мойындауға мәжбүрлейді. Қаңғыбас иттердің адамдарға, әсіресе балаларға шабуыл жасау жағдайлары алаңдатарлық деңгейге жетті. Мұндай оқиғалар сирек кездесетін жайт болудан қалды. Олар азаматтардың аулаларында, көшелерде, мектептер мен балалар алаңдарының маңында өзін қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік бермей отыр. Ал адам үйінен шығуға қорқатын болса аталған жағдай зоология мәселесі емес, мемлекеттің жауапкершілігіне қатысты мәселе. Сондықтан түзетулердің діттегені жануарларға қатыгездік таныту емес, адам өмірі мен денсаулығын қорғау.

пп

Түзетуде бұралқы иттерге қатысты оларды қайтадан ортаға қайтару моделінен қайтарымсыз аулау моделіне көшу ұсынылды. Қоғам көзқарасын қақ бөліп тұрған да – осы түзету. Жалпы бұл өзгеріс халықаралық стандарттарға қаншалықты сәйкес келеді?

– Ішінара сай келеді деп айтуға болады. Алайда жаңадан енгізіліп жатқан модель гуманистік және бақылаулы эвтаназия қағидаларымен бірге қолданылуы тиіс. Оны Үкімет қадағалайды деп үміттенемін. Жалпы, халықаралық тәжірибеде 3 тәсіл бар: «ОСВВ» моделі, яғни аулау, стерилизация, вакцинация және қайта жіберу. Панажайға орналастыру және асырап алуға беру. Сондай-ақ қауіпті немесе агрессивті жануарларды қайтарымсыз оқшаулау, яки эвтаназия. Қазақстандағы ұсыныс үшінші модельді қоғамдық қауіпсіздік басымдығы негізінде енгізіліп отыр. Әсіресе агрессивті, үйір құрған, адамға шабуыл жасау қаупі бар иттерге қатысты халықаралық практикаға қайшы емес.

Қазақстанда иесіз жануарларды тегін вакцинациялау тоқтатылады

– Осы орайда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдау аясында қоғам пікірі қаншалықты ескерілгенін айта өтсеңіз?

– Қоғам пікірі бұл түзетулерде өте үлкен рөл атқарды. Барлық тарап әр жиналысқа еркін түрде қатысты. Талқылау кезінде зооқорғаушылардың ұсыныстары ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздікке қатысты шағымдары, әкімдіктердің нақты тәжірибеде туындаған мәселелері, ветеринар мамандардың қорытындылары қаралды. Яғни түзетулер тек эмоциялық пікірге емес, нақты статистика мен өңірлік тәжірибеге сүйеніп әзірленді.

– Ал түзетулер негізінде жануарларға қатыгездік жасағандарға қатысты жаза күшейтіле ме, сондай-ақ жануарды тастап кеткен иелерге қандай жауапкершілік қарастырылған?

– Иә, түзетулердің маңызды бағыты – иелердің жеке жауапкершілігін күшейту. Заңның бұл жағын зооқорғаушылар айта бермейді. Себебі оларға заңның тиімсіз болып көрінуі қажет. Несіне жасырамын?! Зооқорғаушылар ит иелері жауапкершілігінің күшейгені туралы біліп отырса да, оны айтпайды. Олар Мәжіліс депутаттарын сүйкімсіз, қатігез, тек бір жақты көзқарас ұстанатын адамдар ретінде көрсеткісі келіп отыр. Ал жауапкершілікті күшейту – заңның негізгі өзегі. Енгізіліп отырған шаралар жануарға қатыгездік көрсеткені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті нақтылау, жануарды көшеге тастап кеткені үшін айыппұл салу, міндетті тіркеу мен чиптеу талабын бұзғаны үшін жауапкершілікті енгізу және иттің шабуылынан келген залалды иесіне жүктеу сияқты нақты нормаларды қамтиды. Бұл нормалар «жануар тек меншік емес, иесі бар тіршілік иесі» деген қағиданы күшейтіп отыр.

Үй жануарларын чиптеу: Жануарлар туралы жаңа заң бойынша иелердің жауапкершілігі күшейтіледі

– Қаңғыбас иттер адамға шабуыл жасаса кім жазаланады? Осы тұрғыда жергілікті органдарға қандай жауапкершілік жүктеліп отыр және иттің иесі анықталса қандай жаза тағайындау көзделген?

Мұнда жауапкершілік екі деңгейде қаралады. Егер ит иесіз болса жауапкершілік жергілікті атқарушы органға және аулауды ұйымдастыратын коммуналдық қызметке жүктеледі. Олар уақытылы аулау, қауіпті аумақтарды мониторингтеу, тұрғындардың өтінішіне жедел әрекет етуге міндетті. Егер оны орындамай селқостық танытса, сол үшін жауапты болады. Екінші жағдайда, егер иесі анықталса онда әкімшілік айыппұл, келтірілген зиянды өтеу, ауыр зардап болса қылмыстық жауапкершілікке дейін қаралады. Мысалы, 2024 жылы Маңғыстау облысында жергілікті кәсіпкердің «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы сатып алған 20 ешкісін бұралқы иттер талап, қырып кеткен. Сол кезде заңда нақты жауапкершілік болмағандықтан мемлекеттік мекемелерді сотқа бере алмады. Енді мұндай мүмкіндікке жол ашылады.

аа

– Ит иелерінің жауапкершілігіне қандай міндеттер жүктеледі? Сондай-ақ міндетті чиптеу қалай жүзеге асады?

Түзетулер бойынша міндетті чиптеу және тіркеу, вакцинация, қоғамдық орында қарғыбау, қажет болса тұмылдырық тағу, итті қараусыз жібермеу, агрессивті тұқымдарға арнайы бақылау, көбеюін бақылау (стерилизацияны ынталандыру), жануарды тастап кетпеу сияқты нақты жауапкершілік көзделген. Ал чиптеу дегеніміз жануарға тері астына салынатын микрочип орнату арқылы бірыңғай дерекқорға енгізу. Ветеринар клиникада чип салынады, кейін иесі чипің жеке сәйкестік номерімен оны базаға тіркейді, сосын оған барлық вакцинация тарихы тіркеліп отырады. Ондай ит жоғалған жағдайда чип арқылы иесін анықтауға болады. Шабуыл немесе заңбұзушылық болса иесі тез табылады. Бұл норма қаңғыбас жануар мәселесін шешудегі, ең маңызды алдын алу тетіктерінің бірі.

–  Шындығында, заңның қабылдануы сынды оның қағаз жүзінде қалып қоймауы да маңызды екені анық. Сол секілді «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулердің орындалуын қай орган қадағалайды?

Бақылау бірнеше орган арасында бөлінеді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі жалпы уәкілетті орган. Жергілікті әкімдіктер ұйымдастыру және қаржыландыруды қамтуы тиіс. Полиция иелердің жауапкершілігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Прокуратура заңдылықты қадағалайды. Практикада негізгі жүк, көбіне әкімдіктерге түсетінін айта кету керек.

Екі облыста тазы тұқымын анықтауға арналған байқау өтті

– Түзетулердің маңызды бағыты ретінде панажай желісін дамыту мәселесі айтылды. Сондықтан панажайлар (приюттар) салу немесе қолдау бойынша қандай шаралар іске асырылатынын білгіміз келеді. Бұл іске мемлекет тарапынан қаржыландыру жеткілікті ме?

Иә, панажай желісін дамыту бойынша мемлекеттік тапсырыс арқылы панажайларды қаржыландыру, мемлекеттік-жеке серіктестік, жануарларды уақытша ұстау орталықтарын кеңейту, асырап алуды ынталандыру бағдарламалары және тағы басқа жағдайлар ескерілген. Ал қаржыландыру деңгейі өңірлерде әртүрлі. Бірақ айта кететін жайт бар. Мысалы, панажайға орнатылған бірақ иесі жоқ немесе қажетсіз қалған иттерді ұстау мерзімі 5 күн болып бекітілді. Бюджет қаражатын иттерге жұмсай берудің не қажеті бар? Ысырап... Бірақ осы 5 күнді жергілікті халық аз санаса, онда панажайлар немесе итке жаны ашығандар Мәслихатарға жүгініп, оны созу бойынша өтініш жасай алады. Әр аудан немесе қала өз шамасына (қаражатына) сай шешім қабылдайды. Заңда Мәслихатқа ондай құзырет беріліп отыр. Бұл негізгі компромисс деуге болады.

пп(фото: sredneuralsk.info)

– «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулер бойынша тағы нендей жаңашылдықтарды атап өтер едіңіз?

Негізгі қосымша жаңашылдықтар ретінде қауіпті иттерге жеке талаптар қою, үйір иттерге жедел әрекет ету, эвтаназия рәсімін нақты регламенттеу, жануарларды тастау фактісін чип арқылы дәлелдеу, жануар иелерін сақтандыру мәселесін болашақта енгізу мүмкіндігі, қоғамдық орындардағы серуендеу ережелерін күшейту, балалар алаңдары, мектеп маңында арнайы шектеулер енгізуді айтуға болады. Жалпы түзетулердің философиясы – жануарларды қорғау мен азаматтардың қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікті табу.

– Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар