Біресе өзі, біресе түлігі болып айтысып жүрген баяғының қарапайым қазағы мен сүйіктісімен қауыша алмай арманда қалған бұрынғы бозбаланың айтысқа деген сүйіспеншілігі қандай болса, бүгінгі күннің қазағы да сондай. Сол қазақтың ішінде біз де бармыз. Қысқасы қазақ та бар, қазақ бар болған соң айтыс та бар. Біз сөз арнағалы отырған айтыстың алдаспаны Бекарыс айтқандай:
Бұл айтыс бізден басқа кімге біткен,
Қазақтың сүйегімен бірге біткен...
Таңдайынан түйірлеп сөз асылы тамған айтулы ақындар, шүкір, баршылық. Әңгімені бүгінге бұрып «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, осы «кіл жүйріктің ішінде кім жүйрік» деген сауал қойылса, «Бекарыс Шойбеков» деп құлшына жауап беретіндердің қарасы көп-ақ. Олай дегізетін – Бекарыстың таланты, талай додада дараланып көрінген айрықша ақындығы. Әр өнердің шоқтығы биік тұлғалары бар десек, айтыстағы Бекарыс та сондай. Оның қарсыласын сөзбен тұсап, адымын аштырмаған дүбірлі сайыстары қалың көрерменнің жадында.
Біз Бекарыстың кіммен айтысқанын, қалай жауап қайтарғанын тізбелемей-ақ қоялық. Оны айтыссүйер әр қазақтың жақсы білетініне күмән жоқ. Бекарыс бүгінгі айтысқа, қазақтың дәстүрлі өнеріне қандай үлес қосты, қай деңгейге көтерді деген мәселеге назар салып көрелік.
Ақсақалдың ұлы Бекарыс – қазіргі айтыс өнерінде импровизациялық ерекше талантымен, тапқырлығымен танылған ақын. Импровизация, біз суырыпсалмалық деп қазақшалап жүрген талант пен шабыттың үйлесуіндегі ғажап ақындық болмысты танытатын құбылыс қазақ болып туған жанға ғана тән деп сеніммен айтуға болар. Бекарыс – осы болмысты өнер алаңында жарқырата көрсетіп, тыңдарманының ықыласына бөленген өнер иесі.
Бекарыстың айтыс ақыны ретіндегі ерекшелігі – тыңдарманын сүйсінтер тапқырлығы, ұшқыр ойды өлең тіліне әп-сәтте іліп алып, кестелі тіл, келісті сөзбен айшықтай қояр шапшаңдығы, қарсыласына айтар уәжінің дәлдігі.
Айтыс сахнасындағы үлкенмен де, қатарымен де, кішімен де сөз сайыстары Бекарыстың тапқырлығын бірнеше қырынан танытады. Ол қарсылас ақынның айтқанын ой елегінен лып етіп өткізіп алар шапшаңдығымен оның сөзіндегі әлсіз тұсты немесе астарлы мағынаны бірден аңғарып, үйіріп әкетуге шебер. Бұл сөзімізді өзбекстандық ақын Құлмаханбет Дүйсеновтің «Киллер» деген атың бар еді, сығырайған көзіңді қысып алып, қай жерімнен атқалы отырсың» деген сипаттағы әзіл-шыны аралас сауалына:
«Киллер» деген атымды біле тұра,
Ағам менен айылын жимайтындай.
«Қай жерімнен атасың?» деп қояды,
Сол сауал санаңызды қинайтындай.
Қай жеріңнен атсам да бәрібір ғой,
Қандай жерің бар еді қимайтындай?!» – деп әзілге әзіл үстей берген дәл де уытты жауабымен дәйектеуге болар. Бұл бір ғана мысал. Әр айтысын осындай тапқыр шумақтары даралайтын ақынның «киллер» атануы да нысанаға дөп тиер өткір сөзбен қағып түсер ептілігінде екені бесенеден белгілі. Бұл – айтыс өнеріне тән шеберлік биігі.
Өзін «Кәріске ұқсайсың» деп қағытып, «Түрің кәріс болғаны ештеңе емес // Түбің кәріс болса да кет демейді», – деген Төлеген ақынға берген жауабын қараңызшы:
«Барыңды кеп отырмын асырғалы,
Жоғыңды кеп отырмын жасырғалы.
«Ауруын жасырған өледі» деп,
Айтып кеткен қазақтың асылдары.
«Кәріс» деп меніменен алысқанша,
Қазағыңа еге бол осындағы!»
Бекарыс тапқырлығының тағы бір қыры – әлеуметтік ойды өткір сөздермен жеткізе білуі. Ол айтысты қызу тартысқа айналдырып, көрерменнің көңілінен шығар шымыр да тапқыр ұйқасты бейнелі сөзбен әрлей отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайды. Ел мен елдік, бірлік пен тірлік, тіл мен діл – қоғамның бейнесін, заманның тынысын танытатын мәңгілік мәселелер. Мәселен, Бекарыс Жезқазған қаласында Төлеген Жамановпен айтысқанда:
«Біраз ұлың кетіпті Сирияға,
Ұнамай Ұлытаудың жасыл бағы», деп бастап жырын:
«Олар әлі түсінбей жүр білемін,
Жер жәннаты Жезқазған екендігін», деп бір қайырады.
Қоғамдағы келеңсіз оқиғалар, биліктегі кейбір адамдардың әділетсіз әрекеті, қазақ ауылының жағдайы, елден сырт жерде жатқан қандастар тағдыры, айта берсек таусыла қоймайтын осындай әлеуметтік, саяси жағдаяттар айтыс сахнасында сан мәрте көтеріліп жүргені белгілі. Әсіресе рухани адасу – елдің бүгіні мен ертеңіне зор қауіп екенін түйсігі терең, ойы жүйрік ақын қарсыласының жеңіл қағытпасын тойтара отырып толғайды.
Бекарыстың айтыстағы ақындық болмысын танытатын тағы бір қыры – оның ұтымды әзіл мен уытты мысқылды шебер қолданатыны ғана емес, сол шеберлікті жоғары ақындық мәдениетімен ұштастыра білуінде. Айтыстың тыңдаушысын сүйсіндірер мұндай әзілдер қарсыластың табиғатына немесе оның өзіне жолдаған сөзіне жауап ретінде туындап жатады.
Бекарыс Шойбековтің ақындық шеберлігі мық шегедей тегеурінді сөзді селкеуі жоқ ұйқаспен үйлестіруінде ғана емес, оның айтыстағы стратегиясында, орынды уәжі мен солқылдамас логикалық дәлелінде, сондай-ақ ұлттық бояуы қанық поэтикалық тілінде.
Өткен ғасырдың 90-жылдарында айтысқа қадам басқан жас буынның бір өкілі осы Бекарыс болса, айтыс зерттеушілері мен сыншылары сол жас толқынның ақындық қарқыны қатты екеніне тоқтала отырып, қарсыласының сөзін жауапсыз қалдырмайтын, көздеп айтқан сөзі нысанаға дөп тиетін Бекарыс Шойбековті айтысқа тың серпін, жаңа леп әкелген талант ретінде бағалап, айтыстың биік сапалық деңгейге көтерілгеніне ерекше назар аударады.
Бекарыстың ақындық талантының импровизацияда айрықша көрінетінін айтып өттік. Ол қарсыласымен шебер диалог құрып, айтыс үстінде ойды шапшаңдықпен өлеңге айналдырады, кідіріссіз ұтымды жауап береді. Бұл – айтысқа керек ең басты мықты құрал. Қарсыласқа тойтарыс бере білу – сөз додасындағы жеңістің бір кепілі. Бекарыстың тойтарысы жалаң, жадағай емес, ол қарсыласының айтысына қарай қарсы аргументті қолдана білу тәсілін шебер меңгерген.
Оның айтыстарына зер сала қарағанда осы бір қиын да күрделі өнерді «өз тәртібіне» бағындыра алған тәсілқойлығы байқалады. Қалыптасқан тәртіппен көрерменге және қарсыласына сәлем бере келе қарсыласының осал тұсын табу, сол тұстан өзінің «шалмасын» тастау, айтысты ұтымды әзілмен немесе ел есінде қалар өткір түйінмен аяқтау оның айтыс композициясын шебер құратын білімі мен білігінен де хабар береді.
Талантының тағы бір қыры – оның бай да бейнелі тілі дедік. Айтар сөзін тегеурінді теңеу, астарлы бейнелеулерге астастыратын ақынның көркемдік танымы импровизациясымен қабысып жатады. Айтысты тек сыннан тұратын немесе саяси көзқарасты білдіретін құрал деп емес, өнер туындысы, көркем өнердің бір түрі деп қабылдайтын позициясы эстетикалық биік талғаммен өрілген өлеңдерінен айқын аңғарылады.
Бекарыс – айтыс өнеріндегі ұлттық дәстүрдің жалғасып, жаңа тұрпатта жаңғыруына үлес қосып келе жатқан ақын. Ол – айтыс саңлақтарынан мұра болған текті өнерге деген ел құрметін арттыру еншісіне тиген жан. Дәстүрлі айтыс үлгісін сақтай отырып, терең мазмұнмен байытуда да Бекарыстың мол үлесі жатыр. Оның айтыстары – дәстүр мен жаңашылдықтың шебер ұштасуының мысалы.
Бекарыс – импровизацияға, риторикалық дәлелдерге, бейнелі тілге және әлеуметтік мәселелерді танытуға негізделген айтыстарымен «кіл жүйріктің» ішінен суырылып шыққан шын жүйрік болып, әбден мойындалған ақын. Оның осы ақындық таланты «Бекарыстың айтыстағы бейнесі» деген бір тақырыпта ой қозғауға басты себеп. Айтыстағы аға буын өкілі Шорабек Айдаров еншілеп берген «Айтыстың киллері» деген «атағы» оны аңызға айналдырды десе де болады. Маржан Есжанова атты айтыстағы әріптесі әрі қарсыласы:
«Безбүйрек», кейбіреулер, «Киллер» деді,
Әйтеуір сені «Алынбас қамал» деді.
Соның бәрін есітіп, біліп, көріп тұрып,
Жұп етіп Бекарысты маған берді.
Ағамыз қарындасқа жаны ашыса,
Қасқырмен бір апанға қамар ма еді?!
Жүрсін аға қарындасқа жаны ашыса,
Арыстанның аузына салар ма еді?!»
– деп, Бекарыстың «киллер» атағын айшықтай отырып, «алынбас қамалдай» мықтылығын, сөз таласында арыстандай айбаттылығын тілге тиек етеді. Кейінгі буынның «жас перісі» Мейірбек Сұлтанхан:
«Қар жауатын ақынсың қабағынан.
«Киллер» деген атаққа ие болып,
Сан ақын сау қайтпаған садағыңнан.
«Безбүйрек» Бекарысты кезіктірдім,
Айтыстың алақұйын алаңынан»,
десе, Бауыржан Халиолла қарсыласын мадақтау тәсілін өзгертіп, айтыстың «атасы» Жүрсін Ерманға қарата:
«Бекеңді «айтыстағы Киллер» дейді,
Шешеннің ханға айтатын даты сынды.
«Шәкіртім, шәкіртім» деп аласың да,
Шығады шешіміңнің заты шулы.
Осы ма маған деген жақсылығың?
Киллермен жұптап қойдың атышулы», - дейді.
Ақындардың бұл айтқандарынан Бекарыстың өнеріне берген жоғары бағаны көруге болады.
«Айтыстың арыстаны» – Бекарыстың осы өнердегі айрықша талантына қатысты берілген тағы бір «поэтикалық атақ». Ол осы «атаққа» әбден лайық. Айтыстағы өкшелес інісі Мақсат Ахановтың «Бекарыс ағаның керемет бір шеберлігі – ұйқастарының бәрі Бекеңнің ойына жұмыс жасап жатады ғой», деп өнердегі ағасы туралы ағынан жарылып, сүйсіне ой толғауы – Бекарыстың «арыстандығын» әйгілей түсетін мың дәлелдің біреуі ғана. Ұлытауда болған бұл айтыста бағзы тарихқа бүгінгі күннен дүрбі сала қараған ақын Мақсат інісінің «Айтыстың Жошы ханы» деген мақтауына табан астында:
«Жошы хан, Жошы хан»
деп мақтап-мақтап,
Теуіп кетіп жүрмесін ақсақ құлан», –
деп Жошыға қатысты баяғы аңыз оқиғасының бір деталін түрленте отырып жауап қайырады. Мақсат Аханов теледидардан үзінділерін баян еткен бұл айтыстың толық мәтінін таба алмай, өкініште қалдық...
«Ат шаба ма, бап шаба ма, әлде бақ шаба ма?» деген тәмсіл бар ғой. Айтыс сахнасы Бекарысқа жеңістің ғана емес, жеңілістің де (әділетсізі де, әділеттісі де бар) дәмін татырды. Сөйте жүріп шыңдады. Ол – бұл дегдар өлеңнің заңдылығы. Сөз қадірін білген ақынның уәжге тоқтай білетін мәрттігі, сырбаз қалпын сақтап сыр бермейтін бекзаттығы, артық сөзден бой тартатын мәдениеті – ақындық бейнесін әр қырынан танытатын қасиеттері.
Бекарыстың айтыстағы тұлғасы – жеке бір зерттеуге арқау боларлық тақырып, ол алдағы күннің еншісінде. Біз бар болғаны мерейлі жасқа келіп жатқан ақын інімізге өзіміз бағалаған өнері, айтыстағы айрықша мәнері туралы лебізімізді жеткізгіміз келді. Айтыстың Бекарысына талантың тоқырамасын, биігің аласармасын деген тілегімізді жолдаймыз.
Жанат Әскербекқызы,
ақын, әдебиеттанушы