Волонтер • Бүгін, 09:10

Еріктілер еңбегі қалай бағаланады?

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қоғам мейірімді, жомарт жандардан кенде емес. Бірі игі ісімен, енді бірі жылы сөзімен айналасындағы жұртқа жанашырлық танытып жүр. Әлемде осындай 860 млн волонтер бар. Ал елімізде осыдан жеті жыл бұрын белсенді еріктілер 50 мың болса, қазір олардың қатары 300 мыңға жетті. Мұндай статистика волонтерлік қызметтің кең таралғанын, осы бағыттағы қажеттілікті көрсетеді.

Еріктілер еңбегі қалай бағаланады?

Сурет: zhaikpress.kz

Қазақстан қоғамдық даму инсти­тутының волонтерлік қызмет туралы зерттеулерінде былтыр отандас­тары­мыздың 14 пайызы волонтер болғаны жазылған. Ең көп таралған бағыт­тар: әлеуметтік осал топтарға, төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге көмек, жан-жануарларға қамқорлық пен түрлі экологиялық акциялар.

Қоғам мұндай істі әр адамның мүмкіндігіне қарай орындайтын әрі жиі қолдайтын тетік ретінде қарайды. Бірақ көпшілігі белгілі бір ұйымға тіркелмей, өз бетінше атқаруды жөн көреді. Ең қызығы, діни наным-сенімі әртүрлі  отандастарымыз бір-біріне болысып, жәрдемдесуге әрқашан дайын тұрады екен. Жалпы, қайырымды істе шет қалмайтындардың ішінде жастар алда тұр.

Олардың қатарында Татьяна Тин­кай да бар. Оның волонтер­лік­пен айналысып келе жатқанына биыл 10 жылдан асқан. Бастапқыда этно-волонтерлік, кейінгі 7 жылда азаматтық қоғамды дамыту бағытында еріктілерді қолдауға, ізгілендіруге, ақпараттандыруға атсалысып жүр. Ол еліміздегі еріктілер санының артуын аза­маттық белсенділіктің, саланың институционалдық тұрғыда қолдау табуымен байланыстырады.

«Инфрақұрылым да айтар­­лық­тай кеңейді. Қазір елімізде волон­терлерді ақпа­рат­тандыратын, олар­дың жұмы­сын ұйымдастыратын, кон­суль­тациялық көмек көрсе­тетін Ұлттық фронт-кеңсе мен 20 өңірлік фронт-офис жұмыс істейді. Қоғамға әлеуеті жеткенше көмектескендерді елеп-ескеріп, алғыс айтуды Мемлекет басшысы да назардан тыс қалдырып жатқан жоқ. Әр кезеңде ұйым­дасты­рылатын Волонтерлер форумында айрықша атап өтіп, марапаттап келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында осы бағыт­та бастама көтеруі де тегін емес. Бұл – еліміздегі құндылықтың әлемге насихатталуы деген сөз», деді Т.Тинкай.

Расымен, осы жыл – жаһан жұр­тын ізгілікке, қамқорлық пен қайы­рымдылық жасауға шақыратын кезең. Осы орайда Татьяна елімізде мейірім сәулесін шашып жүрген волонтерлерді қолдауды күшейту керек дейді.

«Бірнеше жыл қатарынан қауіп-қатері жоғары аймақтарда волон­терлерді сақтандыру тетік­терін енгізу мәселесін көтеріп жүрміз. Тек қауіп ошақтарында ғана емес, медициналық бағыт­тағы еріктілерге де қажет. Бұған қоса, жастардың қандай да бір оқу орнына түсу кезінде не мемлекеттік қызметке орналасар тұста волонтерлік қызметін ескеру оңтайлы шешім болар еді. Осылайша, сан салаға серпін беріп жүретін еріктілердің еңбегі бағалана түседі. Бірақ бұл ретте арнайы механизмді бекіту маңызды», деді волонтер.

Мәселе Мәжіліс мінберінде де көтерілген еді. «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері волонтерлік пен қоғамдық практиканы жастарды кәсіби тұрғыда қалыптастырудың нақты әрі пәрменді тетігіне айналдыру қажет деп санайды.

«Жаңа Конституцияның 31-бабы 2-тармағында волонтерлік қызмет туралы айтылған. Яғни алғаш рет Ата заң деңгейінде еріктілер қызметін мемлекеттік қолдау, ынталандыру нормалары қарастырылған. Қоғамда мамандық таңдау қоршаған ортаның ықпалымен және ҰБТ нәтижесіне қарай, «қайда түстім» қағидасымен жасалып, «кім болғым келеді және неге қабілеттімін» деген сұрақ екінші кезекке қалып отыр. Соның салдарынан жастар нақты инженерлік, техникалық, өндірістік мамандықтарға емес, қысқа жолмен табыс табуға бейімделеді. Халықаралық тәжірибе бұл бағытта тиімді модельдердің бар екенін дәлелдеп отыр. Мысалы, АҚШ-тың Мэриленд штатында мектеп бітіруге оқушылар кемінде 75 сағаттық қоғамдық қызмет (service learning) тәжірибесінен өтуге міндетті. Ұлыбританияда (UCAS жүйесі арқы­лы) жоғары оқу орындарына түсу кезінде талапкердің еріктілік пен прак­ти­калық қыз­меті оның саналы таңдауы мен азаматтық кемелділігінің негізгі көрсеткіші ретінде бағаланады. Ал Францияда (Service Civique ұлттық бағдарламасы) жастарды 6-12 ай бойы азаматтық қызметке тартып, оларды еңбек дағдылары мен қоғамдық жауапкершілікке жүйелі түрде тәрбие­лейді. Дамы­ған елдерде еріктілік – формалды есеп үшін емес, еңбек нарығына дайындықтың, азаматтық ұстанымды қалыптастырудың нақ­ты институты», дей келе депутат Марха­бат Жайымбетов еліміз үшін де халық­аралық үлгілерді кезең-кезеңімен, формализмсіз енгізуді ұсынды.

Яғни еріктілік тек қоғамдық қыз­мет ретінде емес, еңбек нарығына дайындықтың маңыз­ды құралы бола алады. Депутат 7-11-сыныптарда міндетті волон­терлікті ерте кәсіби бағдар беру бағдарламасына енгізуді, ерік­тілік немесе қоғамдық практиканы (service learning) мектеп білімінің құрамдас бөлігі ретінде қарастыруды, оны аккредиттелген ұйымдар арқылы нақты әрі бақыланатын форматта жүзеге асыруды, волонтерлік жобалар мен ұйымдардың бірыңғай тізімін құрып, қатысуды цифрлық түрде растау, жалған есептіліктің алдын алу және барлық оқушы үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді ұсынды. Сонымен қатар волонтерлік қызметті оқу орындарына түсу кезінде қосымша артықшылық ретінде ескеру керектігін, алайда негізгі басымдық академиялық көрсеткіштерде қалуға тиіс екенін атап өтті.

Осы орайда Премьер-министр­дің орынбасары Аида Балаева Халықаралық волонтерлер жылын өткізу жөніндегі Ұлттық жоспарға сәйкес волонтерлер қозғалысын дамыту мен қолдаудың жаңа тәсілдерін, оның ішінде жоғарыда депутаттар ұсынған бағыттар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Елімізде Халықаралық жылдың ашылуына арналған Волонтерлер форумында Прези­дент волонтерлік қызметті мемле­кеттік қолдаудың институ­ционалдық тетіктерін одан әрі жетілдіру жөнінде тапсырма берді. Ұлттық жоспарға сәйкес, жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түсу кезінде волонтерлік қызметті мемлекеттік білім грантының қосымша коэффициенті ретінде, гранттарды бөлу барысында волонтерлік жұмыс өтілін (мысалы, кемінде 300 сағаттық жұмыс) қосымша критерий ретінде ескеру студенттердің волонтерлік қызметке тұрақты және ұзақмерзімді қатысуын ынталандыру мақсатында стипендияға арнайы үстемеақылар қосу қарастырылып отыр. Орта мектептердің 7-11-сынып оқушылары арасында во­лонтерлік қызметке деген қызы­ғушылығын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында сабақтан тыс өткізілетін факультатив курсын енгізу мәселесі шешіліп жатыр», деді А.Балаева.

Премьер-министр орын­баса­рының айтуынша, волон­терлікті қолдаудың бұдан басқа шаралары да пысықталып жатыр. Мәселен, мемлекеттік және аза­маттық қызметке кіру кезінде волонтерлік өтілді есепке алу, «Шапағат» мемлекеттік медалімен марапаттау кезінде волон­терлікті есепке алу арқылы волонтерлік қызметті мемле­кеттік тану тетіктерін кеңейту, волонтерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау жүйесін қалыптастыру сияқты бастамаларды атауға болады. Бұл шараларды іске асыруда волонтердің цифрлық паспортын енгізу де маңызды рөл атқарады. Бұл жаңашылдық волон­терлерді верификациялауға, жүр­гізетін қызметін жүйелеуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар