Президент • Бүгін, 14:31

Президент: Жастарымызды қатаң, тіпті қатігез бәсекелес ортада табысқа жетуге даярлауымыз керек

1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана Астанада Алтын Орда рөлін адамзат жылнамасының бірегей тарихи, мәдениет және өркениет жобасы ретінде ғылыми тұрғыдан объективті зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өткенін еске салып, аталған шараның мән-маңызына тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: Жастарымызды қатаң, тіпті қатігез бәсекелес ортада табысқа жетуге даярлауымыз керек

Фото: Ақорда

«Мен шағын баяндамамда өз көзқарасымды жеткіздім. Оны білікті тарихшылар мен мәдениеттанушылардың, құқықтанушылардың Еуразия кеңістігіндегі тарихи үдерістердің түрлі аспектісіне қатысты кәсіби талқысына салуға болады деп ойлаймын. Алайда бұл ақпаратты бұра тартатын сауатсыздарға қол емес», деді Президент.
Мемлекет басшысы маусым айының алғашқы онкүндігінде III Архившілер конгресі өтетінін атап өтті.
«Биылғы басқосу жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде тарихи-мәдени және деректі мұраны сақтау мәселесіне арналады. Біз – мәдениетіміз әралуан, бауырмал әрі кеңпейіл халықпыз. Еуразия кеңістігінде маңызды орын алатын және аталған субконтинентте жан-жақты қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға атсалысып жатқан прогрессивті, бейбітсүйгіш ел ретінде Қазақстанның халықаралық беделін арттыру үшін осы мәдени ерекшелікті жан-жақты дәріптеудің мәні зор. Сонымен қатар жастарымызды жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдайдағы қатаң, тіпті, қатігез бәсекелес ортада барынша табысқа жетуге қазірден бастап даярлауымыз керек. Бұл – біздің басты міндетіміз» деді Президент.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, «Асыл мұра» ұлттық сыйлығы тағайындалатынын айтты.

 

Соңғы жаңалықтар