Фото: primeminister.kz
Құжатта арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, орта және жоғары деңгейде қайта өңделген өнім өндіруге басымдық беру, АЭА қатысушыларының шарттық міндеттемелерінің орындалуын бақылауды күшейту, сондай-ақ сұранысқа ие емес өнімді қайта өндіруге жол бермеу үшін іріктеу критерийлерін енгізу ұсынылған.
Сонымен қатар заң жобасы өнеркәсіптік кластерлер институтын енгізуді көздейді. Бұл ретте «аумақтық кластер» ұғымын «өнеркәсіптік кластер» түсінігімен алмастыру жоспарланып отыр. Мұндай өзгеріс елдің әр өңіріндегі машина жасау кәсіпорындарын біріктіріп, өндірістегі елішілік құндылықты арттыруға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Бұдан бөлек, мемлекеттік инвестициялар мен квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен салынатын нысандарда отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарды пайдалану талаптарының сақталуын бақылау үшін арнайы мониторингтік комиссиялар құру қарастырылған.
Сондай-ақ елішілік құндылықты дамыту, өндірісті оқшаулауды тереңдету және отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша қосымша міндеттемелер енгізіледі.
Заң жобасының жеке блогы қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау, сақтау, қайта өңдеу және өткізу саласын реттеуге бағытталған.
Бұған дейін Мәжіліс Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.