Елорда • Бүгін, 11:23

Қосшыдағы LRT құрылысына байланысты 2 мыңнан астам ағаш көшіріледі

1 мин
оқу үшін

Астанада LRT-ның Қосшы бағытына қарай салынатын жаңа желісінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс аумағынан құлатылған ағаштарды байқаған тұрғындар әлеуметтік желіде алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қосшыдағы LRT құрылысына байланысты 2 мыңнан астам ағаш көшіріледі

Фото: Tengrinews.kz/ Нурлан Алжабаев

Қаладағы Қарқаралы тасжолы бойында, Спорт университеті маңындағы құрылыс алаңында арнайы техника, құрылыс материалдары және болашақ LRT желісінің тіректері орнатылып жатқаны байқалған. Сонымен қатар аумақта тамырымен қопарылған ағаштар да көзге түскен.

LRT жобасының операторы City Transportation Systems бұл жұмыстар екінші кезең құрылысына дайындық аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Компанияның мәліметінше, мамандар болашақ станциялар мен инфрақұрылым орналасатын аумақтағы жасыл желектерге тексеру жүргізген.

Нәтижесінде 2246 ағаш пен бұтаны басқа жерге көшіру жоспарланған. Оларды жақын маңдағы аумақтарға отырғызу көзделіп отыр. Сонымен қатар бүлінген әрбір ағаштың орнына 10 жаңа көшет егу жоспарланған. Компания өкілдері құрылыс кезінде сақтауға болатын ағаштар толық қорғалатынын да атап өтті.

CTS мәліметінше, барлық жұмыс экологиялық талаптар мен Қазақстан заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

Еске салсақ, жақында Астанада LRT жүйесі іске қосылған болатын. Жаңа желінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда желіде 15 пойыз қатынайды, олардың қозғалысы жүргізушісіз режимде жүзеге асырылады. Алғашқы күндері жаңа көлік түрін пайдаланған жолаушылар саны 100 мың адамнан асқан.

Соңғы жаңалықтар