Қоғам • Бүгін, 08:15

Жасөспірімдер денсаулығына – елдік көзқарас

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығы» атты V халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, сөз сөйледі. Сенатор қаралып отырған мәселенің қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінде маңыздылығын атап өтіп, оның демографиялық даму мен адам капиталы сапасының әсеріне тоқталды.

Жасөспірімдер денсаулығына – елдік көзқарас

«Жасөспірімдік және бозбала шақ – бұл тек физикалық денсаулықтың ғана емес, сонымен бірге құндылық­тар­дың, мінез-құлық үлгілері­нің, өз болашағына деген жауапты көзқарастың қа­лып­таса­тын кезеңі. Дәл осы ке­зеңде репродуктив­ті мінез-құлықтың негізі қа­ла­­нады, ол кейіннен келешек ұрпақтың денсау­лық деңгейін айқындайды. Соны­мен қатар қазіргі заманғы сын-қатерлердің барған са­йын күрделеніп бара жатқанын түсінеміз. Олардың қатарын­да жыныстық өмірдің ерте басталуы, ақпараттандыру деңгейінің жеткіліксіздігі, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы және жастардың психо­эмо­ционалдық әл-ауқаты мәсе­лелері бар. Цифрлық орта­ның, әлеуметтік желілердің әсері мен ақпараттың қол­жетімділігі, оның ішінде әрдайым шынайы әрі қауіпсіз бола бермейтін деректердің маңызы ерекше болып отыр», деді Нұртөре Жүсіп.

Елімізде жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау мәсе­лелеріне басымдық берілетіні де бөлек атап өтілді.

«Бүгінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек жүйесін нығайтуға, ана мен бала денсаулығын қорғау қыз­меттерін дамытуға, сон­дай-ақ жастарға арналған про­филактикалық және білім беру бағдарламаларын енгізуге бағытталған кешенді саясат іске асырылып жатыр. Маңызды бағыттардың бірі – жастардың денсаулық орталықтарын дамыту, олар достық және құпия жағдайда консультация­лық, диагностикалық және профилактикалық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мұндай орталықтар жасөспірімдер мен жастардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін қалыптастыруда негізгі рөл атқарады. Ағарту жұмысы мен репродук­тивті денсаулыққа жауапты көзқарасты қалыптастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Білім беру мекемелерінде денсаулық туралы білім деңгейін арттыру­ға, аурулардың алдын алуға және саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда», деді сенатор.

Бұдан бөлек, Нұртөре Жүсіп осы саладағы заңна­маны жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс­қа  тоқталды.

«Денсаулық сақтау саласында жастардың құқықтарын қорғауға, сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қи­мылды күшейтуге бағыт­талған шаралар енгізіліп жатыр. Сонымен қатар 2025 жылдың соңында Парламент қабылдаған медицина қыз­меткерлерін зорлық-зомбы­лық әрекеттерінен қорғауға бағытталған маңызды заңды да атап өткім келеді. Бұл – уақтылы әрі өмірдің өзі талап еткен қажетті шешім. Күн сайын дәрігерлер, медбикелер және барлық медициналық персонал азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап, алдыңғы шепте жүреді. Олардың еңбегі жоғары кәсібилікті ғана емес, сонымен бірге үлкен жанқиярлықты талап етеді. Алайда өкінішке қарай, дәрігерлерге қатысты агрессия жағдайы әлі де кездеседі. Қабылданған заң мұндай құқық бұзушылыққа жауапкершілік шараларын күшейтеді, зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу­шілікті қалыптастырады, ең бастысы, өзін адамдарға қызмет етуге арнаған жан­дардың қорғалуын қам­тамасыз етеді. Ортақ мін­детіміз – тек заң нормаларын сақтау емес, қоғамда меди­цина қызметкерлеріне деген құрметті көзқарасты қалып­тастыру деп санаймын. Бізге қамқорлық жасайтындарға қамқор болу – мемлекеттің кемелдігі мен ізгілігінің көрсеткіші», деп түйіндеді Нұртөре Жүсіп.

Соңғы жаңалықтар