Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Сабақ мазмұны педагогтер мен ата-аналар қауымдастығының ұсыныстары негізінде жыл сайын жетілдіріледі. Жаңартылған бағдарламаға тәжірибеге негізделген тақырыптар енгізіліп, әкелердің қатысуымен өтетін мектеп іс-шаралары қарастырылған. Бұл – әке жауапкершілігін арттырып, отбасы мүшелері арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруға ықпал ететін маңызды қадам.
Үш негізгі бағыт
Жаңартылған 3.0 бағдарламасы үш бағытты қамтиды:
-
ата-аналардың эмоциялық тұрақтылығын және өзіне деген сенімін нығайту;
-
бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыру;
-
ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға педагогикалық қолдау көрсету.
Мұндай кешенді тәсіл балалардың жас, психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескеріп, отбасымен жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Педагогикалық қолдау орталықтарының көмегіне қанша ата-ана жүгінді?
Кәсіби қолдау және нақты кеңес
Сабақтарды арнайы даярлықтан өткен педагогтер мен психологтер өткізеді. Ата-аналар қауымы – бала мен ата-ана арасындағы эмоциялық байланысты күшейту, сенімді қарым-қатынас орнату, түрлі тәуекелдердің алдын алу бағытында нақты кеңестер алады. Әсіресе, ересектердің жеке үлгісі мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыптары ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Жүргізілген сауалнама ата-аналардың тәрбие ісіне деген жауапкершілігі артқанын көрсетеді:
-
73,9% ата-ана баласымен күн сайын сөйлеседі;
-
89,6%-ы баласының қиындықтарына жедел әрекет етеді;
-
78%-ы баласының араласатын ортасын жақсы біледі;
-
әрбір екінші ата-ана тәрбиелеу тәсілдерін қайта қарауға дайын;
-
62%-ы алған білімін күнделікті өмірде қолдануды жоспарлап отыр.
Бұл көрсеткіштер ата-аналардың тәрбиедегі рөлін терең түсіне бастағанын аңғартады.
Айта кетейік, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары 2023 жылдан бастап «Адал Азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында еліміздің барлық мектептерінде жұмыс істейді. Бүгінде бұл орталықтар мектеп пен отбасы арасындағы ашық диалог алаңына айналып, ата-аналарды бала тәрбиесі мен дамуына арналған практикалық құралдармен жүйелі түрде қамтамасыз етіп келеді.
Бір миллионнан астам ата-ана педагогикалық қолдау орталықтарының көмегіне жүгінген