Аймақтар • Бүгін, 09:45

Қызылордадағы Президент саябағы аумағынан Ботаникалық бақ ашылды

2 мин
оқу үшін

Экологиялық танымды, туризмді дамытуға бағытталған бақтағы 1500 шаршы метр болатын екі жылыжайға Африка, Оңтүстік Америка, Аустралия, Жапония, Қытай және Мадагаскар сияқты әлемнің әр аймағында өсетін 92 түрлі 3 300-ден астам өсімдік егілген.

Қызылордадағы Президент саябағы аумағынан Ботаникалық бақ ашылды

Құрылысы былтыр басталған заманауи көпфункционалды кешенге 4,9 млрд теңге жұмсалыпты. Бас мердігер «Alem Qurylys AQ» ЖШС жылға жетпейтін уақытта экологиялық мәдениетті қалыптастыратын нысанды салып бітірді. 

Ашылу рәсімінде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев балаларды мерекемен құттықтап, Ботаникалық бақ жұмысы жеткіншектердің тиімді демалысын ұйымдастыруға және тың жобаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

«Президент саябағының аумағынан ашылған Ботаникалық бақ – осы ауқымды бастаманың аймағымыздағы нақты әрі жемісті көрінісі. Бақ ішіне Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америкада өсетін жасыл желек егілді. Осы арқылы жас жеткіншектер өсімдіктердің экожүйедегі маңызы туралы ақпарат алады. Көпфункционалды кешенде балаларымыз табиғатпен тілдесіп, еңбектің бағасын біліп, экологиялық жауапкершіліктің салмағын сезіне түседі. Осы бақтан ел экологиясын зерттейтін болашақ ғалымдар, биологтер мен агрономдар шығарына сенеміз», деді облыс басшысы.

Бақта веерлі пальма, Канар құрмасы, кактус пен алоэ, вашингтония пальмасы, стрелиция, жакаранда, алып юкка, мақта ағашы, бамбук, сәндік өсімдіктер, кариота жайқалып тұр.  Бақ микроклиматты автоматты басқару, суару және су дайындаудың заманауи инженерлік жүйелерімен жабдықталған. Ерекше атмосферасы келушілерге жайлылық сыйлайтын нысанда студенттердің, мектеп оқушыларының, табиғат жанашырларының танымын кеңейтуге барлық жағдай жасалғаны байқалады. Жалпы, Сыр өңірінде кейінгі төрт жылда 46 заманауи білім нысаны табыс­талды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынып, физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы пайдалануға берілді. «Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы Оқушылар үйі мен Өнер мектептері жас жеткіншектердің шығармашылық, зияткерлік әлеуетін арттыруға қызмет етіп жатыр.

Жақында ғана осы нысандар қатары толығып, жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы балалар игілігіне айналды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА

Соңғы жаңалықтар

Болған ана шапаны

Руханият • Бүгін, 09:47

Жастар жиі оқитын кітаптар

Қоғам • Бүгін, 09:44

Әлемдік додада топ жарды

Технология • Бүгін, 08:50

Пайдасы көл-көсір көмір күлі

Аймақтар • Бүгін, 08:49