Көпшілік күткен кешенді жоспар
Жарлық шықты, тапсырма берілді. Алайда іске асыру деген маңызды мәселеде сөз басында тізбектегеніміздей сұрақ көп. Жақында Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова біраз сауалға жауап боларлық баяндама жасады. Соған сүйенсек, бірінші, 2026–2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Кешенді жоспарда мектептердің цифрлық, инфрақұрылымдық дайындығын дамыту; педагог кадрларды даярлау; білім беру үдерісінде AI-шешімдерді қолдану көзделген. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қанатқақты жобаға қатысуға дайын 500 мектептің тізімі жасалды, оның ішінде 250 шағын жинақты мектеп; 150 жалпы білім беретін мектеп; 100 келешек мектеп бар.
«Қазір мектептердің цифрлық инфрақұрылымына, жоғары жылдамдықты интернет сапасына, компьютерлік техникамен қамтуына, кадрлық әлеуетке, білім ұйымдарының AI-шешімдерді енгізу дайындығына талдау жүргізілді. Екінші мәселе – педагогтерді даярлау. Бүгінде 350 мыңнан аса педагог оқу үдерісінде жасанды интеллектіні тиімді қолдану бойынша арнайы оқытудан өтті. Сонымен қатар OpenAI компаниясының GPT-edu платформасын пайдалану үшін 100 мың педагогке лицензия берілді. Қазір мұғалімдер жасанды интеллектіні оқу үдерісінде белсенді қолданып, оқу контентін бейімдеп, тиімді пайдаланып келеді. Қосымша ретінде, жазғы кезеңде қанатқақты мектептердің педагогтерін цифрлық педагогика, заманауи оқыту әдістемелері мен білім беру үдерісінде AI-құралдарын практикалық тұрғыда қолдану бағыттары бойынша кезең-кезеңімен оқыту жоспарланды. Бұл бастамалар педагогтердің цифрлық құзыреттерін арттыруға, оқыту сапасын жетілдіруге, білім жүйесіне инновациялық технологияларды тиімді енгізуге мүмкіндік береді», деді министр.
Ж.Сүлейменованың баяндауынша, үшінші міндет ретінде жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Кай-Фуд Лидің ұсынымдарымен білім беруге AI-шешімдерді енгізу бойынша жеке жобаны жүргізу жоспарланған.
І кезең (2026 жылғы 1 қыркүйек – 26 қазан): қазақ және орыс тілдерінде оқытатын 10 шағын жинақты аппробация өтетін мектепте жобаны іске қосу; қанатқақты өңірлер ретінде Қызылорда және Павлодар облыстары айқындалды; аппробация 4-сыныптарда «Ана тілі», «Математика», «Цифрлық сауаттылық» және «Жасанды интеллект» пәндері бойынша жүргізіледі. ІІ кезең (2026 жылғы 3 қараша – 23 желтоқсан): пилотты 50 мектепке дейін кеңейту. ІІІ кезең (2027 жылғы 8 қаңтар – 24 мамыр): қосымша тағы 300 мектепті қамту.
«Төртінші мәселе. Дербестендірілген оқытуды, бейімделген тапсырмаларды әзірлеуді, білім нәтижелерін нақты уақыт режімінде талдауды, білім алушылардың оқу олқылықтарын уақтылы анықтауды қамтамасыз ететін ұлттық AI-білім беру платформасы енгізіледі. Бесінші. Кешенді жоспардың жеке бөлімі цифрлық қауіпсіздік пен жасанды интеллектіні қауіпсіз қолдану мәселелеріне арналған. Білім беруде жасанды интеллектіні қолдану стандарттарын, академиялық адалдық тетіктерін, балалардың дербес деректерін қорғауды, сондай-ақ цифрлық білім беру контентіне міндетті сараптама жүргізу жүйесін енгізу көзделіп отыр», деді ол.
Инклюзивті білімде әлеуеті жоғары
Дамыған елдерде қайсыбір салада болсын кез келген реформа зерттеусіз, ғылыми негіздеусіз енгізілмейді де, жасалмайды да. Осы ретте біз кейінгі жылдары қарқынды дамып әрі маңызы да артып отырған ІТ саласының өкілі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Жасанды зерде» ғылыми зерттеу институтының зерттеушісі, PhD Нұрзада Амангелдінің пікірін білдік. Оның ойынша, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу туралы бастама – уақыт талабынан туған маңызды шешім.
«Бүгінде әлем цифрлық трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр, ал жасанды интеллект (ЖИ) осы өзгерістің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Алайда ЖИ-ді білімнің орнын басатын құрал ретінде емес, білім алуды жетілдіретін, оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыратын технология ретінде қабылдау маңызды. Яғни мәселе «ЖИ арқылы білім алу» емес, «ЖИ көмегімен білім алуды оңтайландыру» туралы болуға тиіс. ЖИ педагогтің уақытын үнемдеп, шығармашылық пен тәрбиелік жұмысқа көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Жасанды интеллект ең алдымен ақпаратты визуализациялау, күрделі тақырыптарды түсіндіру, интерактивті оқыту ортасын қалыптастыру, білім беру материалдарын жекелендіру арқылы үлкен мүмкіндік береді. Инфографика, анимация, 3D модельдер, автоматтандырылған түсіндіру жүйелері оқушылардың ақпаратты қабылдауын жеңілдетеді», деді ғалым.
PhD Нұрзада Амангелдінің пікірінше, әсіресе инклюзивті білім беру бағытында ЖИ-дің әлеуеті жоғары. Ерекше білім беру қажеттілігі бар азаматтарға арналған автоматты аударма, мәтінді бейімдеу, дыбыстау, ым тілі аватарлары сияқты технологиялар білімге тең қолжетімділікті арттыра алады. Дегенмен ЖИ қолданудағы жауапкершілік мәселесі қатар жүруі керек. Ең алдымен, қоғамға ЖИ-дің абсолютті дәлдік болмайтынын, ықтималдылыққа негізделген технология екенін түсіндіру маңызды. Жасанды интеллект дайын ақиқатты емес, қолдағы деректерге сүйенген ең ықтимал жауапты ұсынады. Жасанды интеллект – тек құрал. Ал генерацияланған ақпараттың дұрыстығы мен оны қолдану жауапкершілігі – әрқашан адамға тиесілі.
«Егер осы түсінік дұрыс қалыптасса, адамдарда технологияға деген шектен тыс қорқыныш та, шексіз сенім де азаяр еді. Себебі технологияның өзінен гөрі оны қолданатын адамның мәдениеті мен жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Қазір қоғамда кейде мамандарға, сарапшыларға, жалпы ақпараттық ортаға деген сенімнің әлсіреп бара жатқанын байқаймыз. Мұндай жағдайда ЖИ-ді «ақиқат көзі» ретінде емес, адам ойының көмекші құралы ретінде қабылдау өте маңызды. Сондықтан білім жүйесінде жасанды интеллектіні енгізумен қатар, цифрлық сауаттылық, сыни ойлау, ақпаратты тексеру мәдениеті, технологиялық этика оның ажырамас бөлігіне айналуы қажет. Сонда ғана ЖИ қоғам мен адам арасындағы сенімді әлсіретпейтін, керісінше, білім сапасын арттырып, тең мүмкіндік қалыптастыратын технология бола алады», дейді А.Нұрзада.
ЖИ мұғалімнің орнын баса алмайды
Астана қаласындағы №119 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Төлегенқызы жасанды интеллектіні оқыту ісіне енгізуге студент кезден бастап ден қойғанын айтады. Жоғары оқу орнының 3-курсында оқып жүргенде ЖИ қарқынды дамыды. Содан студент өндірістік практикада жаңашылдықты қолданып көріп, кейін тереңдеп дипломдық жұмысын «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жасанды интеллект арқылы оқыту» тақырыбында қорғады. Игілігін көріп үлгерген жас маман ЖИ-ді орта білім жүйесіне енгізу педагог жұмысын жеңілдетуге, оқыту сапасын арттыруға көмектесетінін айтады.
«Университетте оқып жүрген кезден бастап жасанды интеллектіні зерттеп, дипломдық жұмысым аясында қазақ тілін оқытуға арнап екі өнім жасадым: бірі – сайт, екіншісі – Telegram-бот. Қазіргі балалардың көбі ақпаратты телефон арқылы алады, сондықтан соған бейімделгім келді. Telegram-ботта қазақ тілін дамытуға арналған бағыттар болды: дыбыстық хабарламаны мәтінге айналдыру, мәтіндегі қателерді табу, ережелердің қысқаша жинағы, тапсырмалар. Ал әдебиет бөлігінде әдебиет тарихы, шығармаларды талдау сияқты дүниелер қарастырылды. Қазір сол студент кезде әзірлеген дүниелерімді күнделікті сабақта қолданып, игілігін көріп жүрмін. Оқушылар қызыға қолданады», дейді мұғалім.
Жас педагогтің айтуынша, кез келген жаңашылдықтың қиын тұстары болады. Осы жаңалықтың енгізу барысында онда екі үлкен мәселе болды. Біріншісі – балаларға эссе, шығарма сияқты тапсырмаларды кейбір балалардың интернеттен немесе ChatGPT сияқты платформалардан алып келетіні. Бұл – баланың өз ойын еркін жеткізуіне, сөздік қорының дамуына кедергі келтіретін нәрсе. Екінші мәселе – үлкендердің қарсылығы. Практикада жүргенде кейбір мұғалімдер жасанды интеллектіні оқу бағдарламасына енгізу дұрыс емесін, балаларды жалқау қылатынын айтқан-ды. Тіпті мектеп басшылығымен де пікірталастырып қалған кездер болыпты. Бірақ бүгінде бұл мәселе мемлекеттік деңгейінде қарастырылып жатқандықтан, көзқарас өзгеріп келеді.
«Мысалы, қазір эссе мәселесі өте өзекті, мұны әлемдік университеттердің бәрі дерлік оқуға түсуде талап етеді. Балалар көбіне дайын мәтінді көшіріп ала салады. Сондықтан Жарлықта жазылғандай, мазмұндама мен диктанттың қайта оралуы – өте дұрыс шешім. Өйткені баланың өз ойын жеткізуі бір бөлек, сауатты жазуы, мазмұндауы да маңызды. Бұдан басқа, кейінгі кездері ЖИ жұмыс орнын тартып алатыны туралы ой жиі айтылады. Мұндай қауіп кей мамандықтарға үрей туғызуы мүмкін шығар, алайда ЖИ мұғалімнің орнын баса алмайды. Бұл – жұмысты жеңілдететін жаңаша, көмекші құрал ғана. ЖИ білім, ақпарат ұсына алады. Бірақ тәрбие бере алмайды. Эмоцияны, адамгершілікті, баламен қарым-қатынасты технология алмастыра алмайды. Мұғалімнің ерекшелігі – оның сөзі, мінезі, ықпалы. Оны ешқандай ЖИ қайталай алмайды. Дегенмен бұл – бәсекенің жаңа дәуірі. Педагогтер де заманмен бірге дамуы керек», дейді мұғалім.