Қазақстанның Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы (МДҚӨҰҚ) ұйымдастырған «FOC 2026: Fats and Oils Conference» халықаралық конференциясында май өңдеу саласындағы тың серпілістер мен болашақ перспективалар егжей-тегжейлі талқыланды. Іс-шара Ауыл шаруашылығы министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның қолдауымен өтті.
Конференцияға 330-дан астам делегат қатысты. Олардың қатарында 50-ден астам отандық май өңдеу зауыттарының басшылары, салалық министрліктердің, қаржы институттарының, агрохолдингтердің өкілдері, май өнімдерін импорттаушылар, майлы дақылдарды сақтау менжәне өңдеу жабдықтарын жеткізушілер, логистикалық компаниялар мен талдау агенттіктері бар.
Конференцияны ашқан Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, кейінгі жылдары май өнімдері саласы аграрлық сектордың бір сегментінен ұлттық экономиканың стратегиялық маңызды бағытына дейінгі жолдан өтті. Экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес экспортты дамыту әрі жоғары қосылған құны бар өндірістерді қалыптастыру туралы сөз қозғағанда, май өнімдері саласы осындай табысты трансформацияның жарқын үлгісі бола алады.
«Тек кейінгі төрт жылда отандық май өнімдері экспортының валюталық түсімі төрт есе өсіп, 240 млн доллардан 963 млн долларға жетті. Өндіріс көлемі рекордтық 1,57 миллион тоннаға жетсе, саланың өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортындағы үлесі 27 пайызды құрады. Бұл – отандық өндірушілерді қолдау, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту бағытындағы дәйекті мемлекеттік саясаттың нәтижесі», деді вице-премьер.
Өңдеу саласымен қатар ауыл шаруашылығы да дамып келеді. Майлы дақылдардың егіс алқаптары кеңейіп, фермерлік шаруашылықтардың табыстылығы артты. Жаңа жұмыс орындары құрылып, көлік және экспорттық инфрақұрылым жетілдіріліп жатыр.
Еліміз бүгінде күнбағыс майын экспорттау жағынан әлемде алтыншы орында тұр әрі Қытай нарығына аталған өнімді жеткізуші екінші ел саналады. Сонымен қатар еліміз Еуропалық одаққа күнбағыс күнжарасын жеткізетін жетекші мемлекеттердің қатарына кіреді және Орталық Азия елдерінің қажеттілігін іс жүзінде толық қамтамасыз етіп отыр. Отандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам елінің нарығында сатылады. Негізгі импорттаушылар қатарында Қытай, Орталық Азия елдері және Еуропалық одақ мемлекеттері (Латвия, Эстония, Германия, Дания, Италия, Литва, Польша, Швеция), сондай-ақ Норвегия, Ауғанстан мен Иран бар. Алайда қол жеткізілген нәтижелер – жаңа даму кезеңінің бастауы ғана.
«Басты міндет – ірі экспорттаушы мәртебесінен саланың жаһандық көшбасшыларының біріне айналу. Осы мақсатта 2026–2028 жылдарға арналған май өнімдері экспортын дамыту жөніндегі Жол картасы іске асырылып жатыр. Біздің мақсатымыз – саланың жыл сайынғы валюталық түсімін 1,5 млрд доллардан асыру, елдің күнбағыс майын экспорттайтын жетекші мемлекеттер қатарындағы орнын нығайту әрі әлемдік ТОП-3 көшбасшы қатарына кіруге негіз қалыптастыру», деді С.Жұманғарин.
Осы мақсаттарға жету үшін бірнеше негізгі бағытта жұмыс жалғасын табады. Біріншісі – жоғары рентабельді майлы дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту әрі заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру. Екіншісі – терең өңдеуге әрі жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісіне инвестициялар тартуды ынталандыру. Үшіншісі – көлік-логистикалық инфрақұрылым мен халықаралық сауда бағыттарын дамыту.
МДҚӨҰҚ Басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, май секторы еліміздің экономикалық өсуі мен шикізаттық емес экспортының басты драйверлерінің біріне айналды. Саланың экспорттық әлеуетін кеңейту мақсатында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Былтыр күзде ел тарихында алғаш рет күнбағыс майы Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясына флекситанкадағы 40 футтық контейнерлерде жөнелтілді. Жүк 12 күнде 4 700 шақырымды жүріп өтіп, контейнерлік тасымалдаудың жоғары жылдамдығын растады. Ал биыл Ақтау портында алғаш рет өсімдік майы кемеге тиеп жөнелтілген. «ҚТЖ» ҰК» АҚ қолдауымен Қытай бағытына Достық-Алашанькоу шекара өткелі арқылы астық тасымалдауға арналған вагондарда түйіршектелген күнбағыс күнжарасын сынамалық жеткізу басталды. Сонымен қатар өндірістің экологиялық тұрақтылығы мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп жатыр.
Панельдік сессиялар барысында өзге де сарапшылар жүйелік сын-қатерлер, нарықтағы үрдістер, АӨК пен сауда дамуындағы жоспарланған өзгерістерді жан-жақты талқылады.