Еліміз кейінгі жылдары шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға басымдық беріп жүр. Бұл міндетті жүзеге асыруға өндірісті қаржыландырумен қатар, экспорттаушыларды сақтандыру мен кепілдендіру тетіктерін күшейту де маңызды. Үкіметтің мәліметінше, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің директорлар кеңесі Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігіне мемлекет кепілдігімен қосымша 250 млрд теңге тартуға рұқсат етті. Кепілдік 10 жыл мерзімге беріледі. Бұл шешім агенттіктің сақтандыру мен кепілдік беру мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік тудырады.
Нәтижесінде, агенттіктің сақтандыру және кепілдік міндеттемелерінің жалпы сыйымдылығы биыл 1,2 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп күтіліп отыр. Бұл көрсеткіш отандық экспорттаушыларды қолдау көлемінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартады.
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі мамандарының айтуынша, кейінгі алты айда ұйымның қаржылық әлеуеті едәуір нығайған. Осы кезеңде жарғылық капитал 70 млрд теңгеге ұлғайып, мемлекеттік кепілдік көлемі тағы 200 млрд теңгеге артқан. Нәтижесінде, сақтандыру мен кепілдік беру мүмкіндігі 950 млрд теңгеге дейін жеткен. Ал биыл бөлінетін қосымша 250 млрд теңге бұл көрсеткішті 1,2 трлн теңгеге дейін жеткізбекші. Бұл өзгеріс экспорттаушыларға нақты қандай мүмкіндік береді?
Мәселенің мәні мынада: көптеген кәсіпорын шетелге өнім шығаруға дайын болғанымен, тәуекелдердің жоғары болуы олардың нарыққа шығуын тежейді. Кей жағдайда сатып алушының төлем қабілетіне қатысты күмән туындайды. Кейде экспорттық келісімшарттарды қаржыландыру қиынға соғады. Осындай жағдайда Экспорттық-кредиттік агенттіктің құралдары бизнестің тәуекелін азайтып, сыртқы нарыққа шығуын жеңілдетеді.
Бүгінде агенттік экспорттаушыларға қарыздар мен дебиторлық берешектерді сақтандыру, экспорттық мәмілелерді кепілдендіру, экспорт алдындағы және экспорттық-саудалық қаржыландыру қызметтерін ұсынады.
Әсіресе экспорттық-саудалық қаржыландыру тетігінің маңызы артып келеді. Бұл құрал шетелдік сатып алушыларға тиімді шарттармен қаржы ұсынуға мүмкіндік береді. Соның арқасында отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі артады.
Қазір мұндай механизм Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан сияқты көршілес нарықтарда белсенді қолданылып келеді. Бұл өз кезегінде отандық тауарлардың экспорт географиясын кеңейтуге ықпал етіп отыр.
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі өңдеуші өнеркәсіп пен жоғары қосылған құны бар өнім өндірушілерге ерекше назар аударып тұр. Агенттік қолдауының басым бөлігі агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі, металлургия, машина жасау мен химия салаларына бағытталған.
Маңызды жайттың бірі – қолдау тек ірі кәсіпорындарға ғана арналмаған. Агенттік қоржынындағы жобалардың жартысынан астамы шағын және орта бизнес субъектілеріне тиесілі. Бұл өңірлердегі кәсіпорындардың да сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндік беріп жүр.
Қазір агенттік қолдауын пайдаланатын кәсіпорындардың қатарында «Прима Құс», «Шин-Лайн», «Масло-Дел», «RG Brands Kazakhstan», «Qarmet» тағы басқа да ірі өндіріс орындары бар. Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі басқармасының төрағасы Аллен Шәйжүнісовтің айтуынша, ұйымның қаржылық мүмкіндігінің кеңеюі экспортты қолдаудың ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Қосымша капиталдандыру бізге экономиканы әртараптандыру мен шикізаттық емес экспортты арттыру жөніндегі стратегиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік жасайды. Біздің құралдарға нарық тарапынан сұраныс жоғары. Биылғы жылдың бес айында ғана агенттік қолдауын 54 кәсіпорын алды. Көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі 308,8 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен асып түсті. Жыл қорытындысында сақтандыру мен кепілдік міндеттемелерінің сыйымдылығы 1,2 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл қаржылық резерв экспорттаушылардың өсіп келе жатқан сұранысын толық өтеуге әрі отандық тауарлардың сыртқы нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді» дейді А.Шәйжүнісов.
Агенттіктің қызметі тек қаржылық көрсеткіштердің өсуімен ғана шектелмейді. Кейінгі жылдары ұйымның халықаралық беделі де артып келеді. Биыл мамыр айында Астанада өткен Берн одағының көктемгі отырысы соның айқын дәлелі болды. Жиын қорытындысында Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Берн одағының Қысқа мерзімді сақтандыру жөніндегі комитетіне мүшелікке қабылданды.
Бұл – жай ғана мәртебелік жетістік емес. Аталған комитетке мүшелік агенттікке әлемдегі жетекші сақтандыру ұйымдарымен тікелей жұмыс істеуге, қайта сақтандыру тетіктерін кеңейтуге әрі халықаралық тәжірибені тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан үшін экспорт көлемін арттыру ғана емес, оның құрылымын өзгерту де маңызды. Шикізаттық емес өнім экспортының үлесі өскен сайын экономиканың тұрақтылығы күшейеді. Ал мұндай мақсатқа жету үшін өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына қолайлы қаржылық орта қалыптастыру қажет.
Сондықтан Экспорттық-кредиттік агенттіктің сақтандыру сыйымдылығын 1,2 трлн теңгеге дейін ұлғайту жөніндегі шешімді жай қаржылық көрсеткіш ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – отандық өндірушілердің жаңа нарықтарға шығуына, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыруға әрі ел экспортын әртараптандыруға бағытталған жүйелі саясаттың бір бөлігі. Экспортты дамыту жолындағы бұл қадам отандық кәсіпорындардың халықаралық бәсекедегі мүмкіндігін күшейтіп, ұлттық экономиканың сапалы өсіміне негіз қалауға тиіс.