Фото: Ашық дереккөз
Келісім аясында Оңтүстік Корея жыл соңына дейін Қазақстаннан 18 миллион баррель шикі мұнай сатып алады. Оңтүстік Корея президентінің әкімшілігінің басшысы Кан Хун Сиктің сөзінше, Сеул энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанды негізгі серіктестердің бірі ретінде қарастырып отыр.
Оңтүстік Корея Қазақстанмен қатар Сауд Арабиясы, Оман және Қатар елдерінен жалпы көлемі 273 миллион баррель мұнай жеткізуге уағдаласқан. Бұл елдің қалыпты жағдайдағы үш айлық тұтыну мұқтажын толық өтейді. Сондай-ақ Кореяның мұнай химиясы саласына қажетті 4 миллион тонна нафта сатып алынатын болды.
Парсы шығанағындағы соғыстан мұнай экспорты 44 пайызға құлдыраған
Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстарға байланысты мұнай тасымалы дәстүрлі Ормұз бұғазын айналып өтетін қауіпсіз балама жолдар арқылы ұйымдастырылады. Атап өтсек, өткен жылы Оңтүстік Корея шикі мұнай импортының 61 пайызын және нафта импортының 54 пайызын Ормұз бұғазы арқылы алған.
Нұрболат АМАНБЕК