Бірінші өтінішті 11–16 сәуір аралығында, ал екіншісін 17–25 сәуір аралығында үміткердің қалауы бойынша тапсыруға болады. Тестілеудің өзі 10 мамырдан 10 шілдеге дейінгі кезеңде өтеді.
ҰБТ-ға қатысуға өтініш Ұлттық тестілеу орталығының сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы беріледі. Талапкерлерге тестілеу күнін, уақытын және орнын таңдау мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар олар екі мүмкіндік үшін бір ғана бейіндік пәндер комбинациясын таңдай алады.
Негізгі ҰБТ-ға дайындық деңгейін арттыру үшін қаңтар және наурыз айларындағы ҰБТ-дан өткен талапкерлерге әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау ұсынылған. Яғни, әр ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектер әлсіз тақырыптарын жетілдіріп, дайындалуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ бірінші мүмкіндіктен кейін екінші тестілеуге дайындықтарын жақсартуға уақыт беріледі.
Қосымша ретінде Ұлттық тестілеу орталығының сайтында сынақ тесттері іске қосылады.
Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Қосымша түрде талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары беріледі.
Апелляцияға талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде өтініш бере алады. Апелляция берген талапкердің сертификаты апелляциялық комиссия шешімі қабылданғаннан кейін жеке кабинетте қолжетімді болады.
Оқуға түсу үшін ең төменгі шекті балдар өзгеріссіз қалады:
- ұлттық жоғары оқу орындарына — 65 балл;
- басқа жоғары оқу орындарына — 50 балл;
- «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша — 75 балл;
- «Денсаулық сақтау» саласы бойынша — 70 балл;
- «Құқық» бағыты бойынша — 75 балл.
Сонымен қатар «Қазақстан тарихы» және екі бейіндік пән бойынша ҰБТ және шығармашылық емтиханнан кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен кемінде 3 балл жинау қажет. Айта кету керек, жоғары оқу орындары білім беру бағдарламалары топтары бойынша өздерінің шекті балдарын белгілей алады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кірер кезде телефон, шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды өткізбеу үшін қол және рамкалы металл іздегіштер қолданылады.
Тестілеу аудиторияларында рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұялы және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басу құрылғылары пайдаланылады, сондай-ақ бейнебақылау жүргізіледі.
ҰБТ-2026 аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды қолдану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.