Қоғам • Бүгін, 16:31

Премьер-министр өрт қаупі жоғары кезеңде жедел әрекет етуді тапсырды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізіп, 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындықты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Премьер-министр өрт қаупі жоғары кезеңде жедел әрекет етуді тапсырды

Фото: primeminister.kz

«Өрт қаупі бар кезең болса енді ғана басталып жатыр. Бірқатар өңірде табиғи қорықтар мен орман шаруашылықтарының аумағы жанды. Далалы жерлерде де өрт ошақтары күн сайын тіркеледі. Даладан басталған қызыл жалын орман қорына ауысуы мүмкін. Өрттер флора мен фаунаға айтарлықтай зиян келтіреді. Барлық қызметтер жедел әрекет етуге дайын болуы керек», деді Олжас Бектенов.

Жиында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков, сондай-ақ Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері елімізде жалпы ауданы 794 гектардан асатын 36 орман өрті тіркелген. «Қазгидромет» болжамына сәйкес, 2026 жылдың көктем-жаз маусымында ауа температурасы қалыпты көрсеткіштен 1-2 градусқа жоғары болады. Сәуірдің екінші жартысында оңтүстік пен батыста ауа температурасы +25...+35°C-қа дейін көтерілуі мүмкін.

Осыған байланысты өрт қаупін азайту жөніндегі республикалық жоспар жүзеге асырылып, ерте анықтау жүйелері енгізіліп жатыр.

Үкімет

ТЖ министрі Шыңғыс Әріновтің айтуынша, ел бойынша 50 мыңнан астам жеке құрам және 11 мың техника дайындыққа келтірілген. Сонымен қатар 5 мыңнан астам қызметкер, 853 техника, 26 әуе кемесі және 218 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған.

Өртті ерте анықтау және басқаруды жеделдету үшін цифрлық және ғарыштық мониторинг 24/7 режимінде жүргізіліп жатыр.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі өртті болжау жүйелерін енгізіп жатыр. Атап айтқанда, Tasqyn жүйесінде өрт қауіптілік карталары іске қосылып, жылу нүктелерін өңдеу уақыты 20-30 минутқа дейін қысқартылған.

Абай облысында жыл басынан тіркелген 2 орман өрті зардапсыз жойылған. Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында да дайындық күшейтіліп, техника мен әуе патрульдері іске қосылған.

Алайда кейбір өңірлерде тазарту жұмыстары толық аяқталмаған, бұл елді мекендер үшін қауіп төндіреді.

Олжас Бектенов «Семей орманында» ЖИ негізіндегі өртті ерте анықтау жүйесін тексерді

Отырыстың қорытындысында Олжас Бектенов бірқатар нақты тапсырма берді:

  • өңірлерді авиапатрульдеумен толық қамтамасыз ету;
  • әуе кемелерін су шашатын құрылғылармен жабдықтау;
  • ұшқышсыз аппараттарды кеңінен пайдалану;
  • жедел штаб құрып, 24/7 мониторинг жүргізу;
  • өрт қаупі жоғары аумақтарды тазарту және минералды жолақтар жасау.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігіне ормандарда азаматтардың демалуына шектеу қою, рейдтер ұйымдастыру және өрт қауіпсіздігін бұзушыларды жауапкершілікке тарту тапсырылды.

«Әкімдіктермен бірлесіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын толық орындау қажет. Барлық жұмыстар белгіленген мерзімде жүзеге асырылсын», деп тапсырды Премьер-министр.

Өрт қаупі жоғары кезеңде барлық жұмыстардың орындалуын үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

Олжас Бектеновке Алакөлді дамытудың кешенді жоспары таныстырылды

Соңғы жаңалықтар