Тұлға • Бүгін, 08:40

Ән-аманат

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1983 жылдың сәуірінде Жамбыл облысынан «Халық – талант қайнары» бағдарламасымен Алматы қаласына жол түсті. Облыстық филармония ұжымы, өзге салада еңбек етіп жүрген жастар бірге аттандық. Ол кезде мен Жамбыл қаласындағы фабрикада жұмыс істейтін қарапайым еңбек адамы едім. Филармонияның көркемдік жетекшісі Бағдат аға арнайы іздеп келіп, Алматыға баратын құрамға қосатынын айтты.

Ән-аманат

– Қандай әндерің бар? – дегенде, Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұлы» мен Кенен Әзірбаев атамыздың «Көкшолағын» айтып жүретінімді жеткіздім. Бағдарламада «Сайра, бұлбұл» бар екен. Оны елге танымал әнші Алтынбек Оразбеков орындайтыны белгілі болды. Содан мен Кенен атамыздың «Көкшолағын» орындауға бекідім.

Алматыға аттанардың алдында қолыма бір асыл қазына тиді. Үйіне барған Әбиірбек Тінәлиев ағамыз маған магнитофон таспасын ұсынып:

– Тыңда, бұл – керемет дүние, – деді. Сөйтсем, ол жазушы Ақселеу Сейдімбек пен әнші Жәнібек Кәрменов жүргізген «Асыл мұра» хабары екен. Сол хабардағы саз бен сөз мені жетелеп, Алматыға келген бетте арнайы барып Алматы эстрада-цирк студиясын тауып, Жәнібек ағамен жүздестім.

– Қандай ән айтасың? – деді ол.

Теледидарға дайындап келген «Көкшолақты» орындап бердім. Ағамыз да, шәкірттері де разы болды.

– Тағы қандай әнің бар? – дегенде, Манарбектің «Сайра, бұлбұлын» айтамын дедім. Әнді бастап кеттім. Бір сәт көз қиығыммен Жәнібек ағама қарасам, қабағы түйіліп, үнсіз тыңдап отыр екен. Ішімнен: «Дұрыс айта алмадым ба?», деп қысылып қалдым. Ән аяқталғанда ол жай ғана: «Бұл әнді кімнен үйрендің?» деп сұрады. «Алтынбек Оразбеков ағадан», дедім. Сонда Жәнібек ағамыз шәкірттеріне бұрылып, салмақты әңгіме бастады.

– 1966 жылы гастрольде жүріп, Жүсіпбек Елебеков аталарың екеумізге шұғыл телеграмма келді. «Манарбек Ержанов қатты ауырып жатыр, сізді іздеп жатыр», деп жазылған екен. Ешқайда соқпастан, тура Манарбектің үйіне бардық.

Екі алыптың үнсіз сырласқан сәтін көз алдына елестеткендей болып, біз де тына қалдық. Сол бір қысқа ғана әңгіме арқылы Жәнібек аға бізге бір нәрсені ұқтырды. Манарбектің әнін айту – ән айту ғана емес, тұтас бір мектептің, тұтас бір дәстүрдің жауапкершілігін көтеру екенін түсіндірді.

Манарбек Ержанов – Арқа ән дәстүрінің алып тұлғасы. Ол – әнші, композитор, күйші, актер, Қазақстанның халық әртісі. Өнерге деген ынтызарлықты анасы Нақбаладан сіңірген, алғашқы ұстазы – әнші әрі күйші Күсенбай. Кейін оның өнер өрісінің кеңеюіне Шашубай Қошқарбайұлы мен Әміре Қашаубаевтың ықпалы тиген. Жастайынан Біржан сал, Ақан сері, Естай, Жарылғапберді сынды алыптардың мұрасын бойына сіңіріп, ел ішіне ерте танылды. 1928 жылдан театр сахнасына шығып, кейін опера өнерінің биігіне көтерілді. Ұзақ жылдар бойы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры сахнасында Жарас, Әзім, Естай, Шеге секілді күрделі бейнелерді сомдап, әншілік пен актерлікті бір арнада тоғыстырды.

Өмірінің соңғы кезеңінде Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы сахнасында жеке дауыстағы әнші ретінде ел аралап, терме мен желдірмені, кең тынысты Арқа әндерін халыққа қайта жаңғыртып жеткізді. «Ардақ», «Балқадиша», «Хорлан», «Ақ сиса», «Толыбай», «Жанбота» сияқты жауһарларды өзіне ғана тән нақышпен орындап, тыңдаушы жүрегіне жол тапты.

Манарбек – тек орындаушы емес, асқан сазгер. «Сайра, бұлбұл», «Паровоз», «Әнші Біржанға», «Аман­гелді» секілді әндері мен күйлері ұлттық музыка қорына айналды. Ол Арқа әнінің сахналық үлгісін қалыптастырып, өзіндік орындаушылық мектеп жасады. Манарбектің өнер жолын терең білетін академик Ахмет Жұбанов оның бала кезден жетімдікті көріп, соған мойымай, домбыра мен әнді серік етіп өскенін айта отырып, қайсар мінезі мен табандылығы үлкен өнерге жол ашқанын жазған. Ал әйгілі музыка зерттеушісі Борис Астафьев Манарбектің даусын тыңдап отырып: «Қазақтың кең сахарасын Мәскеудің төріне алып келген әнші», деп таңданысын білдіргені ел есінде. Бұл жайында Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабында әсерлі естелік сақталған.

Сол бір 1983 жылғы кездесуде Жәнібек Кәрменов ағамыздың қаба­ғы неге түйілгенін мен кейін ғана терең түсіндім. Бұл – бір әннің емес, Манарбек Ержанов қалыптастырған ұлы мектептің, Арқа әнінің аманаты еді.

Сол аманат – әнді дәл айту емес, рухын дәл жеткізу. Сол аманат – сахнаға шыққанда, Манарбектің кең тынысын, Жүсіпбектің тазалығын, Жәнібектің талғампаздығын бірге алып шығу. Ұстаздың үнсіз ескертуі – менің өнер жолындағы ең қымбат сабағыма айналды.

«Ал Мәке, бір Құдай жар болсын! Дертіңізге шипасын берсін» деп қоштасып бөлмеден қозғалғанымыз сол еді, Манарбек аталарыңның даусы шықты:

«Әй, Жүсіпбек! Ғарифолла екеу­леріңнің армандарың жоқ. Соң­дарыңнан шәкірт қалдырып бара жатырсыңдар. Ал мен арманда кетіп бара жатырмын. Егер менің әнімді біреу орындап алдыңа келіп жатса, саған – аманат, соны тура жолға саларсың», деді».

Осыны айтқан Жәнібек ағамыз бізге қарады да: «Міне,  сол  ұстазыма айтылған аманатты қазір орындауыма тура келіп тұр. Сен өзіңді оқуға түстім деп есептей бер, оқу басталғаннан кейін сені тек Манарбектің ән айту үлгісімен үйрететін боламын. Сен сол мектептің жолын ұстайсың», деді. Бұл – 1983 жылдың 7 сәуірі еді. Сол жылы мен оқуға түсіп, әншіліктің қыр-сырын ұстазымнан үйрене бастадым.

Манарбек Ержанов атамыз газетке берген бір сұхбатында: «Мен ауылда қой бағып жүріп ән салушы едім. Содан мені әнші бала атап кетті. Әміренің даңқы Парижге барып келген соң ел аузында болды. Менің   ойымда Алматыға барып Әміреден ән үйрену болды. Алматыдан Әмірені тауып алып, ағамыздың үйінде бір жылдай бірге тұрып, Әміренің өз аузынан 30-ға жуық ән үйрендім», деген.

Қазақ өнерінің онкүндігіне байланысты жыр алыбы Жамбыл Жабаев бастаған өнер иелері Мәскеу қаласына жолға шығады. Пойызда кетіп бара жатып, сол жердегі композиторлар, ақындар, жазушылар, әншілерді шақырып: «Ей, балаларым, сендер неге пойыз туралы ән шығармайсыңдар?», деп Жамбыл ұсыныс айтады. Содан ақын Әбділдә Тәжібаев пен әнші, композитор, күйші Манарбек Ержанов екеуі «Паровоз» әнін шығарады. Жамбыл Жабаев пен Манарбек Ержанов тығыз шығармашылық байланыста болған. Халық термесі «Көк көгершінді» Манарбекке Жамбыл үйреткен. Жәкеңнің «Жетісу» өлеңіне Манарбек ән шығарған. Манарбек Ержанов ән айтудағы қағыс  ерекшелігін Жамбыл Жабаевтан үйренуі мүмкін. Осындай сан қырлы өнер иесінің биылғы мерейтойы атаусыз қалмасына біз сенеміз. Қазақтың әні мен күйі бар да, өзі де өлмейді деп білеміз.

 

Дүйсенбек ӨМІРӘЛИЕВ,

«Алатау» дәстүрлі өнер театры «Домбырамен ән айту» бөлімінің жетекшісі

Соңғы жаңалықтар

«Ғалия» кітапханасының мөрі

Жәдігер • Бүгін, 09:05

Көкше көшетімен көрікті

Талбесік • Бүгін, 08:55

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:52

Әбіштің қолтаңбасы

Мирас • Бүгін, 08:50

Өмірзақтың өнегелі жолы

Руханият • Бүгін, 08:48

Су сүзгілері өндіріледі

Ғылым • Бүгін, 08:45

«Дәридайлап» жыр төккен

Руханият • Бүгін, 08:43

Ән-аманат

Тұлға • Бүгін, 08:40

Жоғалып табылған сурет

Жәдігер • Бүгін, 08:38

Академик, ұстаз тағылымы

Тағзым • Бүгін, 08:35