Суреткердің шығармашылық жолы туралы айтқанда, әдеттегі заңдылықтар бұзылады. Әдетте жазушылар киноға келеді. Ал кино арқылы үлкен әдебиетке келгендер сирек. Әкім Тарази – сол сирек құбылыстың бірі. Қаламгердің шығармашылық жолы кино сценарийінен басталып, кейін прозадағы биік белестерге ұласты. «Кино маған жазушылыққа жол ашты» деген сөзі – жай ғана естелік емес, тұтас бір өнер философиясының түйіні.
Мәскеудегі Жоғары сценарлық курста оқып жүрген жылдары жазылған «Жазира» сценарийі – жазушының қазақ киносына ашқан алғашқы есігі еді. Көп ұзамай ол қазақ киносының алтын қорына енген «Тұлпардың ізі» (1964, реж. Мәжит Бегалин), «Арман – атаман» (1967, реж. Шәріп Бейсембаев), «Қараш-Қараш оқиғасы» (1968, реж. Болат Шәмшиев) сынды үш бірдей фильмнің авторы атанды. Бір қарағанда, жанры мен тақырыбы әртүрлі бұл туындыларды біріктіретін ортақ нәрсе – адам жанына үңілу, психологиялық тереңдік һәм ұлттық бояу.
«Тұлпардың ізі» – қазақ киносының шоқтығы биік туындыларының бірі. Бұл фильм сырттай қарағанда қарапайым шопан отбасының өмірін баяндайды. Алайда оның астарында тұтас бір халықтың тағдыры, үнсіз мұңы, ішкі драмасы жатыр. Ал «Арман – атаман» балаларға арналғанымен, оның тәрбиелік, философиялық астары терең. Баланың арман әлемі арқылы қоғамның шындығы көрінеді. «Қараш-Қараш оқиғасы» – Мұхтар Әуезов шығармасының желісімен түсіріліп, әділет, кек, адам тағдыры секілді мәңгілік тақырыптарды қозғайды. Осы үш фильмнің өзі-ақ Әкім Таразидың тек сценарист емес, адам жанының терең қатпарларын ашатын психолог-жазушы екенін дәлелдейді.
Әкім Таразидың кинодраматургиядағы, жалпы қазақ киносындағы келесі сүбелі еңбегі – белгілі жазушы, драматург Роза Мұқанованың әңгімесі бойынша экрандалған «Қызжылаған» (2001, реж. Сатыбалды Нарымбетов) мен «Мұстафа Шоқай» (2008, реж. Сатыбалды Нарымбетов) фильмдерінің сценарий авторларының бірі болды. Әкім ағамыз өткен ғасырдың алпысыншы жылдары, яғни қазақ киносының ең бір кемелденген тұсында дүниеге келген, ұлттық киномыздың тарихына әлдеқашан классикалық шығармалар болып енген жоғарыда аталған үш фильмнен өзге, еліміздің Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде де тақырыбы, идеясы өте бір салмақты екі бірдей фильмнің басы-қасында болыпты.
Жалпы, Тарази шығармашылығының өзегі – «сана экраны» ұғымымен тығыз байланысты. Оның пайымдауынша, әр адамның ішінде көзге көрінбейтін, бірақ үнемі жұмыс істеп тұратын ішкі экран бар. Жазушының міндеті – сол экрандағы бейнелерді дәл, анық, әсерлі етіп жеткізу. Көркем әдебиеттегі нақтылық пен айқындық туралы Әкім Таразидың өзі былай дейді: «...Менің ойымша, әр адамның экраны бар. Бәріміз киногерміз. Оқығанда да, жазғанда да сол сана экранындағы суретті көркем тілмен көркем етіп ақ қағазға түсіре алу керек. Сана экраны. Прозаның да құпия сыры – экран. Өзің анық көре алсаң, оқырман да көреді. Ал шұбылтып жазсаң, оқырман үшін қызық емес...».
Бұл ұстаным әлем әдебиетінің алыптарымен үндес. Лев Толстой «анық көрмегенді жазба» десе, Михаил Булгаков «көз алдыңда жоқ дүниені қағазға түсірме» дейді. Ал Андрей Тарковский үшін жақсы сценарий – терең жазушылық дарынның жемісі. Осы үш ойдың тоғысқан тұсында Әкім Тарази шығармашылығы тұр.
Иә, Тарази үшін жазу – көру. Оның «сана экраны» туралы ойы – тек метафора емес, тұтас шығармашылық әдіс. Ол алдымен ішкі әлемінде көрініс жасайды, содан кейін ғана оны сөзге айналдырады. Сондықтан қаламгердің прозасын оқығанда, кино көріп отырғандай әсер аласың. Кадрлар ауысады, жарық өзгереді, дыбыс естіледі. Оқырман – көрерменге айналады. Ал кино теориясы тұрғысынан алғанда, Андрей Тарковский айтқан «сценарист – ең алдымен жазушы» деген тұжырым Әкім Таразидың шығармашылығында толық дәлелденгендей. Оның сценарийлерінде әрбір деталь – тірі, әрбір пауза – мағыналы. Кейде кейіпкердің бірауыз сөз айтпауы тұтас монологтен артық әсер қалдырады. Оның кейіпкерлері – өмірдің өзінен алынғандай. Олар мінсіз емес, керісінше, қайшылыққа толы. Бір сәтте батыл, бір сәтте әлсіз. Бірақ дәл осы шынайылық оларды тірі етеді. Кейде олар сөйлейді, кейде үнсіз қалады. Ал сол үнсіздіктің өзінде тұтас бір тағдырдың салмағы жатады.
Әкім Тарази тек шығармашылықпен шектелмей, қазақ киносының дамуына институционалдық деңгейде де үлкен үлес қосты. Ол 1962–1970 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының редакциялық алқа мүшесі, бас редакторы бола жүріп, осы кезеңде түсірілген қаншама фильм мен олардың сценарийінің талқылау жұмыстарына белсене қатысты. Кино өнерімен байланысы Қазақстан кинеметаграфистер одағының бірінші хатшысы болып қызмет еткен 1970–1980 жылдары да жалғасын табады. Кино өнеріндегі үлкен тәжірибесі көп ұзамай алдымен Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы), сонан соң Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде (қазіргі Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті) де болашақ кинодраматургтер дайындауда көмекке келгені даусыз.
Көріп отырғанымыздай, көрнекті жазушы Әкім Таразидың кинодраматургиядағы алғашқы қадамының өзі толағай шығармашылық табыс әкелгені кездейсоқ емес еді. Сондықтан жазушы прозасының кинематографиялық табиғаты дегенде, ең алдымен, жекелеген бейнелер мен оқиғалардың көз алдыңызда анық көрінуі, монтаждық құрылымы, кейіпкерлер бейнесі мен оқиғалар тізбегін баяндауда алма-кезек ауысып отыратын, оқырманға «көрініп, сезіліп, естіліп тұратын» әрқилы пландардың, ракурстардың, жарықтың, дыбыстың, т.б. көмегіне жүгінуі, оқиғалардың ішкі ритмі мен атмосферасын қалыптастырып, оны «уыстан шығармай» ұстап отыру ерекшеліктері аса назар аудартады. Бұл ерекшеліктердің кез келген прозалық шығармасының ішкі және сыртқы тұтастығы мен көркемдік бірлігінің сақталуына тигізетін ықпалы өте зор.
Әкім Тарази ең алдымен – өте терең психолог жазушы, кинодраматург. Шығармаларындағы кейіпкерлердің бейнесі іс-әрекеті мен сөз арақатынасының ғажап дәлдігімен ерекшеленеді. Тіпті кейіпкердің үнсіздігінің өзі кейде қызыл сөзден әлдеқайда әсерлі, әлдеқайда түсініктірек. Бұл жоғарыда аталған барлық фильмнің, соның ішінде, әсіресе, психологиялық драмаға құрылған «Тұлпардың ізі» фильмінің сценарийіне (әрине фильмге де) де қатысты.
Әкім Таразидың кинодағы шығармашылығында да, қазақ киносының тарихында да «Тұлпардың ізі» фильмінің алатын орны ерекше. Ең алдымен, ол қазақ ұлттық кинодраматургиясы мен режиссурасының әдемі үндестік тауып, бір жерде тоғысқанын айғақтайды. Сонымен бірге, «Тұлпардың ізі» – ұлттық кино өнерінің тарихында қазақ тілінде түсірілген тұңғыш фильм. Тағы бір маңызды сәт – сценарий мәселесі ең бір өзекті болып тұрған 1960 жылдардың басында кинематографистердің назарын бірден аудартқан «Жазира» сценарийінің авторы Әкім Әшімов осы фильмнен бастап қазақ өнері мен әдебиетінің тарихына «Әкім Тарази» болып енді.
«Тұлпардың ізі» – кинематографиялық стилі, формасы, жанры, әрине, кейіпкерлерінің бейнесі де ең алдымен, әдеби сценарийінің негізінде дүниеге келген фильм. «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қызжылаған», «Мұстафа Шоқай» фильмдері де осындай шығармалардың қатарынан екенін айтуымыз керек. Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты көрнекті жазушы, драматург, кинодраматург Әкім Таразидың сценарийлері бойынша түсірілген бұл фильмдердің әрқайсысының қазақ киносының тарихы үшін маңызы өте зор.
Әкім Тарази – тек бір дәуірдің емес, бірнеше кезеңнің үнін жеткізген суреткер. Ол үшін өнер – уақытқа тәуелді емес, керісінше, уақытты сөйлететін күш. Суреткер шығармаларында кеше мен бүгін, шындық пен қиял, сөз бен бейне өзара үйлесім табады. Сондықтан Тарази туралы айтқанда, біз тек жазушыны немесе сценаристі емес, тұтас бір көркем ойлау жүйесін айтамыз. Ол – экран арқылы ойлайтын, сөз арқылы көрсететін, үнсіздік арқылы сөйлейтін сирек дарын. Қазақ киносының тарихында Әкім Таразидың орны – жарық сәуле секілді. Ол сәуле кейде бәсең көрінуі мүмкін, бірақ ешқашан сөнбейді. Өйткені ол сыртқы жарық емес, ішкі нұрдан туған. Ал ішкі нұр – мәңгілік.
Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинотанушы