Руханият • Бүгін, 08:53

Әмбебап медиаменеджер

30 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінде еліміз оны ерекше даусынан таниды. Көрнекті қаламгер Тәкен Әлімқұлов: «Сөздің суреті, үні, бояуы, дәмі болады» дейді. Жазушы Мархабат Байғұт дауыстың да түсі барын, түрлі-түске енетінін айтқан. Осы тұрғыдан келгенде біздің бүгінгі кейіпкеріміз жұртшылықты құлаққа жағымды әуезді даусымен баурап алғаны сөзсіз.

Әмбебап медиаменеджер

Осы қасиеттерді журналист, медиаменеджер Досымбек Қонысбекұлымен әңгімелесіп немесе ол жүргізетін бағ­дар­ламаларды тыңдап отырғанда аң­ға­расыз, сөздің үнбояуын, дыбысталу әуезін, дауыстың түсін сезесіз. Иә, дауыстың адам өмірінде алатын орны ерекше. Ал ерекше дауыс иелеріне ол – табиғаттан берілген Алланың сыйы. Досымбекті халыққа жақын таныта түскен интеллектуалдық бағдарламалар екені мәлім. Әсіресе «Миллион кімге бұйы­рады?» тележобасының жүр­гізушісі ретінде кеңінен танылды. Досымбек Қонысбекұлы әлемдік деңгейде танымал франшизаның тележобасын жүргізгендегі шеберлігі мен өзін ұстауы, сөз саптауы жөнінен өзге елдердегі әріптестерінен, оның ішінде ресейлік нұсқадағы Дмитрий Дибров пен Максим Галкиннен асып кетпесе, кем түскен жоқ. Досымбектің керемет табиғи қоңыр даусы жарнама саласында да нағыз брендке айналғанын атап өткен жөн. Осы дауыс-пен әлемдік көптеген брендтің жарнамасы қазақ тілінде сайрап шыға келді. Оны осы бір табиғи дарыны қазақ радиосымен біртұтас есімге айналған дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаев, өзінің ғажап сазды дауысымен тыңдарманның жүрегіне жол тапқан Сауық Жақанова сынды алдыңғы буынның қатарына қосары анық.

Өмірде жаныңа демеу, рухани сырлас, тіршілікте тілектес, шығар­машылықта үндес болатын азаматтар сирек те болса ұшырасып тұрады. Солардың бірі Досымбекпен бізді таныстырған да, табыстырған да – журналистика. Әйтпесе Батыстағы Өлеңті өзенінің бойындағы Жымпиты ауылының баласы мен Оңтүс­тіктегі Қасқасу өзенінің бойындағы Жоғарғы Қасқасудың баласы қайдан кездесе қойсын. Журналистикаға келуіміз де ұқсас. Ол да бірнеше, нақтырағын айтқанда үш талпыныстан соң журфакқа түскен. Құрылыста істеді, училищені бітіріп Алматыда бір жылдай шаштараз болды. Гүл безендіруші деген мамандығы тағы бар. Дегенмен бүгінде ол – журналистика саласының білікті де, нағыз кәсіпқой маманы. Екеуміз бір университетте, бір уақытта оқыдық. Бертініректе жақын сыйластығымыз айнымас достыққа ұласты. Достыққа адал Досымбек журналистиканың дамуы мен беталысына қатысты сыни көзқарасын, айтар ойын ашық білдіреді. Жалпы ойын­дағыны, елдік немесе ұлттық мәселеге қатысты пікірін батыл да ашық айту – оның өмірлік қағидасы. Жо­ғарыда айтып өтке­німіздей, ма­мандыққа махаб­батының бір көрі­нісі. Ойын ашық айтады демекші, Досым­бектің пайымынша, журналис­тикада ашықтық жетіспейді. «Бүгінде телеарналарды қарап отырып, кейде бір ой келеді. Қоғамда, елде болып жатқан өткір мәселелерді ашық айтып, еркін талқылайтын бір алаң болса екен дейсің. Негізінде бұқаралық ақпарат құралдарының басты мақсаты халықтың көзі, құлағы һәм тілі болу ғой. Егер шынымен солай болса, онда олар халықтың мұң-мұқтажын, проблемасын билікке жеткізіп, ал биліктің сол мәселелерді шешу жолында атқарып жатқан жұмысын халыққа көрсетіп отыратын көпір қызметін атқаруы керек. Яғни мәселелер ашық айтылып, ашық талқыланатын бағдарламалар болғанын қалайсың. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде ондай формат жет­кіліксіз сияқ­ты. Әрине, адамдар онсыз да түрлі қиын­дықтан шаршап жүр­генде, телеарнадан немесе басқа ақ­парат көздерінен тек жағымсыз жаңа­лықтарды айта беру де дұрыс емес шығар. Дегенмен белгілі бір деңгейде ашықтықтың болғаны маңызды. Себебі шынайы, демократиялық журналистика елдің дамуына ықпал етеді деп ойлаймын. Сондықтан осындай мазмұндағы бағдарламалар болса екен дейсің. Біздің қоғамда билікке немесе жүйеге қатысты сын айтылса, бірден «оппозиция», «билікке қарсы» деген қасаң көзқарас қалыптасқан. Ал шын мәнінде мәселе қарсылықта емес, мәселе – ашықтықта. Өкінішке қарай, осы ашықтық жетіспейді», дейді Досымбек дос.

Осы ашықтық қағидатын ұстанған ол ілгеріде лауазымды қызметтен бас тартқан да болатын. Жалпы, Досымбек Қонысбекұлы ұлттық журналистикада елеулі жетістікке жетіп, нағыз әмбебап кәсіпқой маман ретінде өзіндік орнын шегелегенін атап өткен абзал. Журналистиканың қара қазанында қайнаған, тілдің тазалығына, әріптестерінің сауаттылығына ерекше мән беретін азамат көптеген жобаның талантты жүргізушісі ретінде елге кеңінен танылды. Отандық тележурналистиканың тарланы атанды. Жаңалықтарды жүргізудегі дикторлық өнердің эталонына айналды. Одан бөлек, «Қазақстан» ұлттық арнасында – «Алаң», «Заң және біз», «Хабар» арнасында – «Бетпе-бет», «31 арнада» – «Тұжырым» секілді рейтингісі жоғары, ел арасында ерекше ықыласқа бөленген хабарларды жүргізді. Кейінгі жылдарда бірнеше ірі БАҚ-та басшылық қызмет атқарды. «Республикалық радио» ЖШС директоры, еліміздегі жетекші сайттардың басын біріктірген «Қазконтент» АҚ басшысының орынбасары болды. «Заң» медиа корпорациясын басқаратынын ерекше айтып өтелік. Оның өзіндік себебі де бар.

Иә, біз тарихы 2017 жылдан бас-талатын байқау – «Заң» медиа корпорациясының төл жобасы туралы айтпақпыз. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағынан бері «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарын шығарып келе жатқан ұжымның бас-тамасымен Кемел Тоқаев атын­дағы детектив шығармалар байқауы биыл тоғызыншы мәрте ұйымдастырылғалы отыр. Шығармашылық бай­қау, әдеби жоба туралы медиакор­пора­цияның бас директоры Досымбек Өтеғалиев былай дейді: «Детектив шығармалардың байқауын ұйымдастыру идея­сының авторы – «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева. Негізі, детектив әңгімелерді жариялау «Заң» газетінің алғашқы санынан басталған үрдіс. Сонау 1994 жылдың қараша айында шыққан газеттің алғашқы санында детектив әңгіме жарияланған. Сол дәстүр үзілмей келе жатқан­дықтан, неге тұрақты түрде байқау өткізбеске деген ұсыныс айтылды. Тұңғыш рет байқау 2017 жылы ұйымдастырылды. Алғаш рет шығармашылық байқаудың жүлдегерлерін 2018 жылы марапаттап, ақшалай сыйлықты табыс еттік. Ол кездегі жүлде қоры айтарлықтай көп емес еді – шамамен 2 млн теңге көлемінде. Кейінгі жылдарда байқаудың ауқымы да кеңейді, жүлде қоры да молая түсті. Жалпы, біздің жоба – елімізде детектив жанрының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Алла амандығын берсе, келесі жылы байқаудың 10 жылдығын жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз. Сол ойымыз іске асса, қазақ детективі жанр ретінде жаңа биіктерді бағындыратынына сенімдімін», дейді Досымбек Қонысбекұлы.

Жалпы, Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармаларының байқауы қолға алынғалы бері талапкерлер тарапынан мыңнан аса шығарма келіп түскен. Олар корпорацияға қарасты басылымдар мен сайттарда тұрақты түрде жарияланып, оқырман тарапынан тиісті бағасын алып жүр. Осыдан бірер жыл бұрын байқау жүлдегерлерінің үздік туындылары топтастырылған арнайы «Шытырман» атты жинақ та жарық көріп, оқырманға жол тартты. Осылайша, Досымбек әдебиет жанашыры ретінде шетелдерде ең танымал, ең көп табыс әкелетін детектив жанрының қазақ елінде де дамуы­на өзіндік үлесін қосып келеді. Бүгінде Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиғасын» оқыған, кейіпкерін білетіндердің қатары артқан. Оған детектив шығармаларды насихаттап, қаламгерлерге қолдау көрсетіп, жанрдың дамуына себепші болып жүргендердің бірі де бірегейі – Досымбек Қонысбекұлы.

Елге танымал Досымбек – отбасына ғана емес, әулетке, қол ұшын сұраған әрбір адамға жанашыр жан, ауылдағы ағайынға қамқорлығы, қолдауы бір төбе. Жұбайы Шынар мен ұл-қызы Әділбек пен Еңлікке деген ерекше махаббаты, балажандылығы, мейірімі «ХХІ ғасыр көшбасшысы» тележобасында да анық байқалып тұрады, әр оқушының іші-бауырына кіріп, көңілін жықпайды, қанаттандырады. Досымбек дос – әмбебап. Тележурналист, ақпарат құралдарында басшы, кейінгі уақытта тағы бір тамаша қырына куә болып жүрміз. Оның «Сұңқардың соңы», «Жолаушы жолы», «Шоқанның мәңгілік мекені» атты деректі фильмдерін тың тәсілдермен дайындап, жүргізгенде образға еніп елдің көңілін аударатынын айтпай кетуге болмас. Бүгінде мерейлі белеске көтерілген Досымбек Қонысбекұлы журналистиканың бір емес, бірнеше саласында жемісті еңбек етіп жүр. 30 жылдан аса тарихы бар, салалық, яғни құқықтық журналистиканың бетке ұстар басылымдарын шығарып келе жатқан корпорацияның үлкен ұжымын біліктілікпен басқаратыны өз алдына, «Хабар» телеарнасында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайы-сы мен «Хақың бар» атты құқықтық-ағартушылық бағдарламасын жүргізеді. Соны­мен қатар Досымбек Өтеғалиев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да медиаменеджмент пен маркетингтен студенттерге дәріс беріп, бай тәжірибесімен бөліседі. Досымбектей ұлттық журналистиканың майталманынан дәріс алған шәкірттер арасынан әлі талай мықты мамандар мен медиаменеджерлердің шығатынына сенім мол.

Соңғы жаңалықтар

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 09:15

Сарқылмас ойдың кені

Қоғам • Бүгін, 09:10

Ырыздықты молайтуға ұмтылыс

Шаруашылық • Бүгін, 09:07