Ата заң • Бүгін, 08:07

Ата заң нормаларын танымалдандыру маңызды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.

Ата заң нормаларын танымалдандыру маңызды

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Құжат Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіру бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыруға, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, негізгі Заң ережелерінен туындайтын заңнамалық шараларды жүзеге асыруға бағытталған.

Жоспар үш бағыт бойынша 36 іс-шараны қамтиды: ұйымдастыру шаралары, ақпараттық-түсін­діру жұмыстары және Консти­туцияның орындалуын құқықтық қамтамасыз ету.

Атап айтқанда, ұйымдастыру­шылық іс-шаралар аясында Конс­титуция мәтінін басып шығару мен тарату, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға бейімделген форматта әзірлеу көзделді. Конституция электронды платформаларда орналастырылады. Сондай-ақ ғылыми-сараптамалық қамтамасыз ету, ақпараттық-көрнекі безендіру, тақырыптық материалдар шығару, көрме және ағартушылық жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.

Халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауатын қалып­тастыру ісіне көңіл бөлінді. Жоспарға оқыту семинарлары мен білім беру іс-шараларын өткізу, мектеп пен ЖОО бағдар­ламаларының мазмұнын жаңарту, «Құқық негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстарын, әдістемелік материалдар мен балалар басылымдарын әзірлеу кіреді.

Ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында бірқатар іс-шара мен кешенді медиа-жоспар әзірленді.

Конституцияның жүзеге асырылуын құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар, оның ішінде заңнамалық шараларды іске асыру, қолданыстағы заңнаманы талдау, Негізгі заңның нормаларын ескере отырып, стратегиялар мен тұжырымдамаларды өзектендіру шаралары бөлек қарастырылған.

Жалпы алғанда, жоспар Конс­титуция нормаларын халық арасында кеңінен түсіндіруді әрі еліміздің Негізгі заң ережелерінің толыққанды жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.