Қоғам • Бүгін, 21:33

«Дала академигі» атанған даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл

3 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, «Дала академигі», даңқты шопан, «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанның қой шаруашылығы: дәстүрі, дамуы және болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

«Дала академигі» атанған даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл

Ауқымды тәжірибелік конференцияға көрші Ресей мен Өзбекстаннан академик, ғалымдар, сондай-ақ еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, аймақтағы жоғарғы оқу орындарының профессорлары мен басшылары, ұстаздар қауымы және  студенттер қатысты.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың өнегелі өмірі мен еңбек жолын бүгінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, еліміздегі қой шаруашылығын дамытудың заманауи жаңа бағыттарын жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында өткен конференцияны KazNARU басқарма төрағасы – ректор, Президент жанындағы ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күрішбаев ашты.

 «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз екендігін атап өткен болатын. Аграрлық сала – ел экономикасының тірегі ғана емес, халықтың әл-ауқаты мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды бағыт. Сондықтан бұл саланың дамуына үлес қосқан еңбек адамдарының қажырлы еңбегін насихаттау, олардың мол тәжірибесін кейінгі буынға үлгі ету – уақыт талабы. Жазылбек Қуанышбаев атамыз сияқты даңқты еңбек ерлерінің кәсіби шеберлігін дәріптеу арқылы жастарды ауыл шаруашылығына тартуға, еңбекке құрмет сезімін қалыптастыруға және осы саланың беделін арттыруға ықпал етеді.

Жазылбек атамыздың тағылымға толы ғұмыры мен еселі еңбегі - бүгінгі жастар үшін адал еңбек пен табандылықтың жарқын үлгісі. Оның мал шаруашылығын дамыту жолындағы қажырлы еңбегі, кәсіпке деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі қазіргі буынға үлкен өнеге береді. Осындай еңбек адамдарының өмір жолын насихаттау арқылы жастардың атакәсіпке, ғылымға қызығушылығын арттырып, қой шаруашылығы саласына жаңа серпін беру - біздің міндетіміз! Дәлірек айтқанда, қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын құрмай, елімізде қой шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Елдің болашағы - еңбексүйгіш, туған жерге жанашыр жас ұрпақтың қолында. Сондықтан Жазылбек Қуанышбаев мұрасы - тек өткеннің тарихы ғана емес, ауыл шаруашылығын дамытуға бағыт беретін, жастарға рух пен жігер сыйлайтын бірегей өнеге мектебі  болғаны айтылды.

Алқалы жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрлыбек Доқдырхан Жазылбек Қуанышбаев туралы түсірілген «Қазақтың қара шалы» атты деректі фильмін көпшілік назарына ұсынды.

Конференцияда «дала акедемигінің» еліміздің қой шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі туралы жасалған зерттеулер көпшілік назарына ұсынылып, сала мамандары тәжірибе алмасып, болашақтағы ынтымақтастық бағыттарын айқындады.

Соңғы жаңалықтар