Фото: Ашық дереккөз
49 жастағы депутат клиникаға иек тұсына липосакция жасату үшін барған. Операция 4 сәуірге жоспарланған, алайда наркоз енгізу кезінде науқастың жағдайы күрт нашарлаған.
Марқұмның жұбайының айтуынша, бұған интубацияның дұрыс жасалмауы себеп болуы мүмкін. Соның салдарынан қан қысымы мен қандағы қант деңгейі күрт көтеріліп, ишемиялық инсульт болған. Ер адам комаға түсіп, бір айдан кейін қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігі клиникаға жоспардан тыс тексеру жүргізіп, операциялық блок толық жабдықталмағанын, кейбір құралдардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін анықтаған. Бұдан бөлек, клиникада ересектерге арналған анестезиология және реанимация лицензиясы жоқ екені анықталған.
Ербол Айтуов Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болған. 2023 жылдан бері Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында өңдеу өнеркәсібі және базалық салалар комитетін басқарған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы жеке клиникада липосакциядан кейін блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермаханова да қайтыс болған еді. Кәсіпкердің өліміне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі тексеру жүргізетінін мәлімдеген болатын.