Аймақтар • Бүгін, 08:25

Абылай хан дәуірінің тың деректері

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абай өңірінің көне тарихы кейінгі жылдары археологтер мен зерттеушілердің назарын ерекше аударып отыр. Семейдегі Шәкәрім университетінде болған республикалық ғылыми конференцияда осы өлкенің тарихи-археологиялық мұрасына қатысты алғашқы зерттеу нәтижелері жарияланып, жаңа деректер ғылыми айналымға ұсынылды. Ғалымдар далалық қазбалар мен архивтік құжаттарға сүйене отырып, Абай даласының көне өркениеттік қабаттарын және Абылай хан дәуіріне қатысты тың тарихи мәліметтерді де ортаға салды.

Абылай хан дәуірінің тың деректері

«Абай облысының тарихи-археоло­гиялық мұрасы: алғашқы зерттеу нәти­желері» атты конференция Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен жүзеге асып жатқан «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» жобасы аясында өтті.

Конференцияны Шәкәрім университеті ректоры Думан Орынбеков ашып, Абай өңірінің тарихи-археологиялық әлеуетіне тоқталды.

«Бүгінгі конференция – сол ізденіс­тердің алғашқы қорытындысын ғылыми қауымдастық назарына ұсынатын маңызды алаң. Бұл бастама университет пен Археология институты арасындағы нәтижелі әріптестіктің жарқын үлгісі», деді ол.

Белгілі ғалым, профессор Зейнолла Самашұлы Алтай ежелгі тұрғындарының бейнелеу өнеріне қатысты зерттеу нәтижелерін ұсынды. Ал археолог Орынбай Ошанов қазақ қоғамындағы дәстүрлі далалық шаруашылық пен табиғатқа негізделген күнтізбе жүйесіне арналған зерттеуін таныстырды. Оның пікірінше, көне күнтізбе жүйесі көшпелі қоғамның экологиялық танымы мен өмір салтын терең түсінуге жол ашады.

Конференцияға шетелдік ғалымдар да қатысты. Қытайдың Нанкин универси­тетінен келген зерттеуші, шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлы «Абылай хан дәуіріндегі Қазақ-Цин қарым-қатынастары» атты екі томдық еңбегінің тұсаукесерін өткізді.

Ғылыми басқосу барысында археоло­гиялық материалдарды ғылыми айналымға енгізу, өңірдегі тарихи жәдігерлерді сақтау және қорғау мәселелері де кеңінен талқыланды. Қатысушылар жаңа табылған артефактілердің тарихи маңызына тоқталып, аймақтың әлеуметтік-мәдени дамуын түсінуге қосатын үлесіне назар аударды. Семей қаласы мен Абай ауданына қатысты археологиялық зерттеулерге арналған екі монография және ғылыми сериялардың алғашқы басылымдары көпшілік назарына ұсынылды.

Профессор Бақыт Еженханұлы Қытай архивтерінде қазақ жеріне, оның ішінде Абылай хан дәуіріне қатысты мыңдаған құжат сақталғанын айтты. Бұл материал-дар қытай тілінде ғана емес, маньчжур, шағатай, қалмақ тілдерінде жазылған. Б.Еженханұлының айтуынша, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында маньчжур деректерін зерттеуге мүмкіндік туған. 2004–2008 жылдары он томға жуық ғылыми еңбек жарық көрген. Ал Семейде басылған «Абылай хан дәуіріндегі Қазақ-Цин қарым-қатынастары» атты екі томдық зерттеу соңғы он бес жылдық еңбектің қорытындысы саналады.

Ғалым ерекше тоқталған құжаттардың бірі «Шың дәуіріндегі қазақтар туралы дәптер» деп аталады. 207 беттен тұратын бұл деректе 1761–1783 жылдар аралығында қазақ елінің Цин сарайына жасаған 16 елшілік миссиясы туралы мәліметтер келтірілген. Сонымен қатар көне карталар мен миниатюралық бейнелер де сақталған. Зерттеудің маңызды тұстарының бірі – Абылай хан мен Цин империясы арасындағы дипломатиялық хат алмасуға қатысты. Бұған дейін қытай тіліндегі деректер негізінде Абылай хан Цин патшалығына бодан болып, алым-салық төлеген деген тұжырымдар айтылып келген. Алайда қалмақ тіліндегі түпнұсқа құжаттарды салыстыра зерттегенде, мазмұны мүлде өзгеше екені анықталған. Мәселен, 1761 жылғы хатында Абылай хан қазақ жерінің атақоныс екенін, қазақ халқы өз мекенінен ығысып көшпейтінін ашық білдірген. Ол Цин билігін қазақ жерінің аумақтық тұтастығын мойындауға шақырған. Бұл деректер қазақ-қытай қатынастарына қатысты тарихи пайымдарды қайта қарауға негіз бола алады.

Археологиялық зерттеулер мен шығыстану бағытындағы мұндай кешенді жұмыстар Абай облысының ғана емес, тұтас қазақ тарихының жаңа парақтарын ашары сөзсіз.