Мирас • Бүгін, 08:45

Сөз сайысындағы сатира

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұхтар Әуезов: «Айтыс заманында өзге елдерде де болған. Парсыда «мүшәйра», арабтарда «мұғалақат» деген. Қазақ халқының аса бір ұлы қасиеті сол қынаптан суырып алған қылыштай қолма-қол қиып айтатын айтқыштығында, айтыскерлігінде», деген еді. Суырыпсалма сөз сайысы тапқырлыққа, ұтқыр ой мен ұтымды әзілге негізделеді. Мұндайда ақындар қарсыласын ғана емес, қоғамдағы құбылысты да сатира мен юмордың сүзгісінен өткізіп, көптің көкейіндегісін дөп басады.

Сөз сайысындағы сатира

Елдің айтысты айрықша ықы­ласпен тыңдайтыны да содан. Өйткені онда астарлы ой, уытты қалжың, өткір сөз бен мәнді мысқыл бар. «Аузында әзілі жоқтың, қолында шоқпары болады» деген сөз бекер айтылмаса керек. Өйткені әзілдің күші, қалжыңның құдіреті қарудан да күштірек. Сондықтан айтыстағы әзіл-қалжыңды жеңіл, жел сөздер деп ұқпаған жөн. Кейде бір ауыз қағытпаның өзі ұзақ насихат айта алмайтын шындықты жеткізеді. Сол себепті айтыстағы юмор мен сатира – қоғамды серпілтетін, сананы селт еткізетін қуатты құрал.

Әсіресе өтірік өлең айтысы толығымен әзіл-қалжыңға құралады. Ақын мұнда гротеск, гипербола, ирония сияқты тәсілдерді қолданып, тыңдаушыны күлдіре отырып ойландырады. Ауыз әдебиетіндегі Тазша бала мен Алдар көсе туралы аңыз-әңгімелерде сатираның небір нақыштары жатыр. Осы желі айтыс өнерінде де жалғасын тапты. Жөн-жүйесімен, қисынды айтылатын өтірік қана көрерменге өтімді. Сондықтан өтірік айтыста айтылатын шумақтардың астарында терең шындық, әлеуметтік салмақ, сатиралық нысана жатады.

Мұның нақты мысалын былтыр Астанада өткен командалық айтыстағы қарағандылық Нұрмұхамед Байсүгірдің шумағынан аңғаруға болады:

«Әуежайда кәрің менен жасың бар,

Біздер айтқан сөзге құлақ асыңдар.

Салон ішін домбыраға толтырмай,

Аңда-санда адамды да тасыңдар»

деп ақын авиакомпаниялардың қызметін мысқылдай отырып, қоғамдағы нақты бір келеңсіздікті өткір әжуалайды. «Салон ішін домбыраға толтырмай» деген жол – шын мәнінде әсірелеу. Бірақ осы әсірелеу арқылы ұлттық аспапқа деген көзқарас мәселесін көтеріп отыр. Келесі шумағында бүй дейді:

«Елімізде ағылшындар өріп жүр,

Теңгесімен қазақтың күн көріп жүр.

Англияда айлықтары аздау боп,

Шымкент жақта құлпынайды теріп жүр»

Мұнда да ол «өтірік» арқылы шындық айтып отыр. Небір білімді жастардың шетелге барып, қара жұмыс істеуі – қоғамдағы өзекті мәселе. Ал ақын оны кері айналдырып ирониялық тәсілмен жеткізеді. Бұл – парадокс арқылы берілген сатира. Тыңдаушыны күлдіргенімен, астарында ащы шындық жатыр.

Ақындар халықтың жанын жадыратып, көңілін көтеру мақсатында да күлкінің көмегіне жүгінеді. Ә дегеннен көрерменнің қошеметіне бөлену мақсатында сәлемдесуін көбіне юмормен өреді. Мәселен, мұны «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаровтың қалың елге арнаған сәлемінен байқаймыз:

«Ассалаумағалейкум, қазақтарым,

Жүрмісің есен-аман бой қуатың?

Сенің дарқандығыңның шегі бар ма,

Қонақ келсе, қорадан қой қуатын…

Арқаның қазақтары, бармысыңдар,

Жұмасына бір жылқы сойдыратын.

Тірісінен ештеңе таба алмаса,

Өлгенін есіне алып той қылатын»

Бұл шумақта ақын қазақтың кеңпейіл, дарқан мінезін юмор арқылы шебер жеткізген. Бастапқы алты жолда ешқандай әсірелеу жоқ. Бәрі де рас. Әсіресе соңғы екі жол күлкіні тіпті өткірлей түседі. Сынау емес, мінеу емес. Мұндай әзіл айтыстың көркемдік қуатын арттырып қана қоймай, халықтың өз-өзіне сырттай қарап, күле білу мәдениетін де көрсетеді.

Қазіргі ақындар айтыстың сан алуан әдіс-тәсілін, сөз сайысына тән айла-амалын еркін меңгерген. Соның бір көрінісі – қарсыласының сырт келбетін әзіл, қа­ғытпа, кейде әжуа арқылы бедерлеп, сати­ра­лық портрет жасау. Мәселен, Мұхтар Ниязов қарсыласы Бекарыс Шойбековтің бейнесін:

«Кәдімгі қар аралас жаңбыр құсап,

Бекеңнің тұр екен-ау қақап түрі.

Алайда аяқасты ажал келсе,

Аштан өлер дейді ғой атақты ұры»

деп кекесінмен кескіндесе, енді бір ­айтыста Бекарыс Шойбеков:

«Сырт көзге көрінгемен қопал құсап,

Бұл Мұхаң отырып ап от алғыш-ақ.

Бойының ұзындығын көрмейсің бе,

Костюмі көрінеді шапан құсап»

деп қарсыласының бітім-тұлғасын мыс­қыл аралас юмормен әдемі бедер­лейді.

Мұндағы мазақтау дөрекі сипат ал­­­май­ды, қайта тыңдаушының да, қарсы­ластың да езуін тартқызып, жарасым­ды қалжың ретінде қабылданады. Осындай сатиралық портрет жасау дәстүрі айтыстың әр кезеңінде көрініс тапқанымен, ХХ ғасырдың соңында бұл тәсіл айрықша өріс алды. Сол тұстағы айтыстарда ақындар қарсыласының бейнесін шынайы да шымшыма әзілмен сомдап, көрерменге ұмытылмас образ ұсына білді. Мәселен, Оразалы Досбосынов Мэлс Қосымбаевты былай сипаттаған еді:

«Айдалаға бұрасың әр сөзіңді,

Аңқау елдің арамза молдасындай.

Арамза дегенімді ауыр алма,

Доп-домалақ болушы ед ол да осындай.

Аман-есен жүре бер, ау ағасы,

Апамның қатық сүзген дорбасындай»

Ақын қазақы түсініктегі ұғымдар ар­қылы көрерменді ойлы күлкіге жетелейді. Тіпті оқырман сипатталып тұрған ақынды көрмеген күннің өзінде, жоғарыдағы бейнелі теңеулерді оқып отырып-ақ оны көз алдына келтіреді. Бұл – нағыз ақынның шеберлігі.

Сөз бәсекесінің басты сипаты – суырып салып жыр құрау екені белгілі. Түйдек-түйдегімен ағылған сөз нөсері неғұрлым нысанаға дөп тиетіндей әсерлі, жүйелі де уәжді болса, ақын соғұрлым жүлделі жеңіс сәтіне жақындай түспек. Бұлтаруға мүмкіндік бермейтін ұтқыр ой, ұтымды дәлел, аталы сөз ғана карсыласының же­ңіл­генін ашық мойындауға мәжбүр етеді.

Айтыс – сөз жарысынан бұрын, ой жарысы. Уәждің дәлдігі мен сөздің өткірлігі ақынның шеберлігін айқындайды. Бүгінгі айтыста да бұл дәстүр жалғасып, ақындар қоғамдағы өзекті мәселелерді әзіл мен сатира арқылы әсерлі жеткізіп келеді. Сондықтан айтыс – өткеннің мұрасы ғана емес, осы заманның да айнасы, халықтың ойын, көңіл күйін дөп басатын өміршең өнер.

Соңғы жаңалықтар