Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еуразия ұлттық университеті, Тарихшылардың ұлттық конгресі ұйымдастырған бұл жиында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», «Адамзаттың Абайы», «Абай ғибраты» және «Ұлт тарихындағы тұлғалар» атты төрт бірдей кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталған еңбектер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ұлттық идеология саласындағы стратегиялық бастамаларды қолдау мақсатында әзірленген. Кітаптардың бас редакторы – мерейлі жасқа толып отырған Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, университет ректоры Ерлан Сыдықов.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты алғашқы кітап Мемлекет басшысының осы аттас мақаласы негізінде дайындалған. Ғылыми-танымдық жинаққа кейінгі бес жыл ішінде мерзімді басылымдарда жарық көрген, тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен даму тарихына арналған мазмұнды мақалалар топтастырылған. Еңбекте ел тәуелсіздігінің құндылықтары, оны нығайту жолындағы жетістіктер мен сын-қатерлер жан-жақты сараланған. Бұл кітап – егемендіктің мәнін терең түсінуге бағытталған салмақты ғылыми еңбек.
«Адамзаттың Абайы» атты екінші кітап қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған мақалалар жинағын қамтиды. Онда ғалымдардың зерттеу еңбектері, ақын-жазушылардың пайымдаулары, белгілі абайтанушылармен сұхбаттар және тарихи-деректі материалдар енгізілген.
Ал «Абай ғибраты» атты үшінші кітапта ұлы ақынның 180 жылдығына орай жарық көрген ғылыми және мерзімді басылымдардағы мақалалар топтастырылған. Бұл жинақта абайтанушылар мен қаламгерлердің терең талдаулары ұсынылып, хакім мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызы айқындалған. Аталған екі еңбек ұлттық зерттеулер, персонология және әдебиеттану саласындағы мамандарға, жоғары оқу орындарының білім алушыларына және жалпы оқырман қауымға арналған.
«Ұлт тарихындағы тұлғалар» атты төртінші кітапта Ұлы далада өмір сүріп, ел тарихында өшпес із қалдырған көрнекті қайраткерлер туралы материалдар жинақталған. Ғылыми еңбекте олардың қоғамдық-саяси қызметі, мемлекет қалыптастыру жолындағы еңбегі мен ғылыми мұралары жан-жақты қарастырылған. Аталған жинақ – қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан тарихи тұлғалардың өнегелі өмір жолын танытатын құнды зерттеу.
Жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, аталған еңбектердің ұлттық сананы жаңғыртудағы маңызына тоқталды.
«Ерлан Бәтташұлының басшылығымен жүзеге асып жатқан бастамалар, жаңа жобалар мен жүйелі реформалар жоғары білім мен ғылым саласының дамуына тың серпін беріп келеді. Университет әлеуетін арттыру, басқару сапасын жетілдіру, халықаралық серіктестікті кеңейту бағытындағы еңбегіңіз зор құрметке лайық. Қазіргі таңда еліміз жасанды интеллект, жаңа технологиялар және инновациялық экономика дәуіріне қадам басты. Осы үдерісте білім мен ғылымның рөлі айрықша. Сіз қолға алып отырған жобалар ұлттық мүддеге қызмет ететін, ел болашағын айқындайтын стратегиялық қадамдар», деді министр.
Одан кейін сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен қала әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатын жеткізді.
«Саналы ғұмырыңыз бен салиқалы қызметіңіз еліміздің білім беру жүйесінің дамуына, ғылым мен руханияттың өркендеуіне және елордамыздың зияткерлік әлеуетінің артуына зор үлес қосып келеді. Сіз қалыптастырған ғылыми мектеп пен тәрбиелеген білікті шәкірттеріңіз – өлшеусіз еңбегіңіздің айқын нәтижесі. Алдағы уақытта да мол тәжірибеңізді ел игілігіне жұмсап, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, үлкен буынға серпін сыйлай беретініңізге сенім мол», делінген құттықтау хатта.
Ал «Қазақ газеттері» серіктестігінің директоры, академик Дихан Қамзабекұлы елорданың рухани тәуелсіздігі Кенесары хан ескерткіші мен Еуразия ұлттық университетінен басталғанын айта келіп, өзі басқарып отырған серіктестіктің атынан мерейтой иесін құттықтады.
«Отандық тарих ғылымы, зиялы қауым өзіңізді Шәкәрім университетіне, Еуразия ұлттық университетіне, Тарихшылардың ұлттық конгресіне, Абай академиясына, жалпы ғылым саласына еңбегімен, шығармашылығымен, белсенділігімен еңбек сіңірген ғалым, қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі. Ұлт тарихын елдік жаңаруымыздың игілігіне айналдыру жолындағы ізденісіңіз, ұйымдастыру шеберлігіңіз жаңа буын үшін қашанда өнеге. Мемлекет тарихын салаландыру мен танымалдандырудағы ерен бастамаңызды, сондай-ақ құнанбайтану, абайтану, шәкәрімтану, алаштану, тағы басқа бағыттағы зерттеулеріңізді әріптестеріңіз лайықты бағалайды», деді Д.Қамзабекұлы.