Суретті түсірген – Есенжол Исабек
Қарттар үйіндегі қариялардың тағдыры – қалам тербейтін кез келген жанның жүрегін сыздататын тақырып. Олардың көз жасы – айтылмаған өкпе, сағыныш пен жалғыздықтың белгісі. Қарттар үйінің есігінен аттағанда алдыңнан ерекше бір ауыр тыныштық шығады. Терезеге телмірген жаутаң көздер. Бұл – тағдырдың соққысына көнген, бірақ көңілі әлі де күдер үзбеген жандардың мекені. Кезінде «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп төрден орын ұсынған халықтың бүгінгі ұрпағы қариясын қауқарсыз етіп, мемлекет қарауына өткізуі – жүрек ауыртар шындық. Олардың көз жасы – тас болып қатқан мейірімсіз жүректерге айтылған шарасыз наразылық.
Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында белгілі қаламгер Сәкен Сыбанбайдың «Үміт үйі» деп аталатын әңгімесінің желісі бойынша драмалық премьера өтті. Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Үздік режиссер–2025» аталымының иегері Жұлдызбек Жұманбайдың режиссерлігімен қойылған драманың атауы – «Балам, қашан келесің?..» Атауының өзі ауыр драманың тұсаукесеріне көрермен жоғын іздеп келгендей лық тола жиналды.
Сахнадан қарттар үйіндегі алты тағдырдың иесін көрдік. Бұл мекенде уақыт тоқтап қалғандай, тек есіктің әрбір шиқылы жүректі дүрсілдетеді. Алтауының қарттар үйінің табалдырығын аттау себебі де әртүрлі. Бұлардың жанында қартайған шағында психологиялық ауытқуға ұшырап, ұлы мен келінінің шаңырағын шайқалтқан жынды кемпірдің өмірі мың есе артық па деп ойлайсың. Себебі жалғыз шешесін өз жанынан артық көретін баласы басын тауға да, тасқа да соғып, таразы басы теңселгенде сатқындық көрсеткен зайыбын тәрк етіп, асыл анасының жанында қалды. Анасын қарттар үйіне жібермеді. Ал мынау «Үміт үйіндегі» алтаудың екеуі – мекеме табалдырығын өз ниетімен аттағандар. Зақаш – өмір бойы шахтада еңбек еткен, қолынан ішімдіктің шөлмегі түспеген бейбақ шал. Балаларыма мейірім төкпедім, ойнатпадым, жексұрын әке болдым деп өзін жазғырып, кемпірі қайтқан соң қарттар үйіне кетіп қалған. Хадиша әжейдің жөні бөлек, пұшпағы қанамаған, бірнеше рет тұрмыста болса да қартайған шағында жалғыз қалған. Сіңлісі үйін тартып алып қойған соң осы жерді паналауға мәжбүр болған. Бақтыбай қария озбыр баласынан таяқ жеп, қарттар үйіне өткізілсе, үш ұлынан қайыр көрмеген Сейфолла қарттың да басынан өткермегені жоқ.
Жалпы, драмада режиссер Дәмегүл әжей мен Омархан ақсақалдың мұңды оқиғаларына көбірек маңыз берсе керек, негізгі қойылымдар солардың айналасында өрбіді. Бірақ... Безбүйрек ұрпағының зардабын тартып отырған қос қарияның шын жан күйзелісін сахнадан көре алмадық. Дәмегүл апай рөліндегі Рауза Тәжібаева мен Омархан атаны бейнелеген Жұмахан Доспаев ағамыздың актерлік образдарында жасандылық байқала берді. «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» деген халқымыз. Қариялардың физиологиялық құбылысын аңғарғанымызбен, тартқан қайғыларының психологиялық ауыртпалығын сезіне алмадық. Бұл жерде қоюшы режиссер мен аға буын актерлер түсінісе алмады ма, әлде дайындық жеткіліксіз болды ма, ол жағы беймәлім.
Премьералық қойылымның тұтастығын бұзбай, алға сүйреп шыққан екі актердің образын жеке-дара атар едік. Ол ең әуелі Зақаш қартты сомдаған Дәурен Әділ. Актердің бұған дейін комедиялық рөлдерді келісті орындап шыққанына куә болғанбыз. Драмада жаңа қырынан жарқ етті. Біз Зақаш қарттың оқиғасына ұйыдық, оның кеудесін жанартау лавасындай күйдіріп бара жатқан өкінішін басымыздан өткердік. Кейбір сәтте оғаш қылықтарымен көрерменін күлдірсе, енді бірде қарттық шақта шеккен зардабына жүрегіміз ауырды.
Екіншісі – анасын қарттар үйіне тапсырудан бас тартып, сол үшін әйелімен ажырасып кететін Дастан рөліндегі Медет Садығазин. Медет – көпқырлы актер, адамды тартып тұратын харизмасы бар. Қай рөлді сомдамасын, сахнада жарқырап шыға келеді. Іс-әрекеті мен аузынан шыққан әр сөзі қабысып, мол денесіне қарамастан ұршықша иіріліп жүре беретін жігіт. Режиссер оған бұл образды сеніп тапсырғаны тәжірибесіне сенгені деп түйдік. Қойылымға өң берген сәтті образ деп есептейміз.
«Үміт үйі» үмітсіз емес екен. Қойылым шырқау шегіне жеткенде Омархан ақсақалды озбыр баласы іздеп келіп, аяғына жылап кешірім сұрайды. Қарттар үйіне «кірген із көп, шыққан із жоқ» деп ойлайтын мекеме қызметкерлері бұл қариялар панажайының тарихындағы алғашқы ізгі оқиға екенін айтады. Әдетте төбе көрсетпейтін балалары мен немерелері кемпір-шал пенсиясын алған күні қарттар үйінде қаптап кететін көрініс те сәтті кіріккен. Соңында мекеме басшысы мен заңгердің бос қалған орындықтарды ақ кебінмен орап, қариялардың өмірден озып кеткенін білдіретін көріністер трагедияны меңзеп тұр. Режиссерлік шешім ойға оралымды.
Сөз соңында жалпы драмалық премьераның идеясы мықты болғанымен, мазмұны жеткілікті ашыла қоймады ма деген күдік қалды көкейде. Көрерменнің талғамы әртүрлі. Кейбір әсерлі сәттерде жылап отырғандарды көз шалды. Бұл – режиссер мен актердің жеңісі.
Айтып өтейік, «Балам, қашан келесің?..» драмасы – Жұлдызбек Жұманбайдың Ертіс бойындағы дебюттік қойылымы. Оның режиссерлік етуімен бұған дейін М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында және басқа да бірқатар театрда қоғамдағы өзекті тақырыптарды арқау еткен қойылымдар сахналанған. Өнер иесінің павлодарлық ұжыммен ынтымақтастығы актерлеріміздің тың тәжірибелер игеруіне мүмкіндік берді деген сенімдеміз.
Павлодар облысы