Ізгі іс-шараның шымылдығы Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуіндегі «Ата толғауы» күйімен ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқыды.
Салтанатты іс-шара барысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Алматы облысы әкімінің, Алматы қаласы әкімінің құттықтауы оқылды.
Ақын мерейтойына арналған дүбірлі кешті Жамбыл ауданынан арнайы келген өнерпаздар бастап, сахналық қойылым салтанатты кештің әрін аша түсті. «Жамбыл ата елі» әнін Жамбыл аудандық мәдениет үйінің солистері орындап, ақынның «Жаз» атты ғажайып туындысын халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жанқожа Аяпов шырқады. «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен Мыңжасар Маңғытаевтың «Жамбыл жайлауы» туындысы кештің көрігін қыздыра түсті.
Ән мен жыр шырқалған кеште ақын шығармашылығына арналған естеліктер де айтылды. Бүгінде жырлары әлемнің көптеген тіліне аударылып, халқын дүйім дүниеге танытқан Жамбыл мұрасын насихаттау хақында пікір білдіріп, құттықтауын арнаған Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов «30-жылдары дәл Жамбылдай беделі көтерілген ақын болған жоқ. Жамбыл жырларының арқасында қазақ елін әлем таныды. Ақынның бір ғана «Ленинградтық өрендерім» атты жыры майдан даласында қаншама жүректерге жылу беріп, демеу болды. Қазақ сөзінің құдіретін түсіндірген Жамбылдай дара тұлғаның мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің мәні тереңде жатыр. Кезінде ақын ауылына жолы түскендер Жамбыл бабамызға сәлем беріп, батасын алмай кетпеген. Ендеше ақын ауылындағы музейді, бау-бақты қал-қадерімізше түгендеп, дамыта беру әрқайсымызға парыз», деп атап өтті.
ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті мен өнерін дамыту халықаралық ұйымының бас хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раев: «Әр дәуірдің сөзін сөйлейтін, күйін күйлеп, жырын жырлайтын жыраулары болады. Олар заманның тамыршысындай ұлтына ұланғайыр пайдасын тигізеді. Ондай тұлғаларға деген құрметтің жемісін сол замандағы халық жақсы біледі. Бүгінде 180 жылдығы тойланып жатқан Жамбыл Жабаев ғасыр жасап, халқының жырауы, батагөй абызы, аңызына айналды. Дауыл-құйындай жырларымен адамзатты шығармашылығына арқау етті. Халқына өнерді, еңбекті насихаттады. Көне заман мен жаңа дәуірді таразылап, халық қамын ойлап, мұңын мұңдады. Жүз жылдық ғұмырында абыройлы еңбегін елінің игілігіне арнады. Ондай тұлғаның өмірге сирек келетіні анық. Халқы үшін күйінді, халқы үшін сүйінді. Болашақ өрендерге үнемі өсиет айтып, жырына қосып, батасын беріп, келер күн жақсылығының жыршысы болды. ТҮРКСОЙ ұйымы түркі халықтарынан шыққан мирас тұлғалар мерейтойына тұрақты атсалысып келеді. Барша түркі халықтарының рухани құндылықтары – ортақ мәдени мұрамыз» деп атап өткен Сұлтан Раев әрі қарайғы сөзін Сәкен Сейфуллиннің «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып, халқының қолына беру – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» деген лепесімен аяқтады.
Кейінгі жылдары жас ғалымдар тарапынан ақын мұрасын зерттеуге деген қызығушылық артып келеді. Жамбыл музейінің жетекшісі, ақынның немересі Салтанат Жамбылова баба мұрасын жинақтау, зерттеу ісінің жанданып, тың жәдігерлермен толығып отырғанын атап өтті. Қазіргі кезде музейдегі жәдігерлер саны 3 мыңнан асқан. Музейге жеткен жәдігерлер арасында 1954 жылы Қытайда төте жазумен басылған шығармалар жинағы ерекше назар аудартады. Осындай құнды еңбектерді сақтап, насихаттау ісі үздіксіз жалғаса беретін болады.
Салтанатты іс-шара барысында еліміздің мәдениетіне үлес қосқан өнер майталмандары Президенттің Құрмет грамотасы және Алғысхатымен марапатталды. Олар Жамбыл шығармаларынан ән мен күй орындап, көрермен қошеметіне бөленді.
АЛМАТЫ