Тарих • Бүгін, 08:15

Думаға сайланған депутаттар

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

1905 жылы Ресейде басталған саяси серпіліс жаңа бастамаларға жол ашты. Мұсылман қайраткерлері соны өзгерісті өз пайдасына жаратуға тырысып, 1906 жылы бір жыл ішінде екі рет мұсылмандар съезін өткізді. Биыл осы съездердің өткеніне 120 жыл толып отыр.

Думаға сайланған депутаттар

1906 жылғы 13-23 қаңтар аралығында Петер­борда Бүкілресей мұсылмандарының екінші съезі өткізілді. Съезд жасырын түрде ұйымдас­тырылып, онда негізінен алда шақырылатын Бірінші мемлекеттік думаға мұсылмандардың саяси құрылымын дайындау мәселесі көтерілді. 1905 жылы өткен Бүкілресей мұсылмандарының бірінші съезінде «Иттифақ әл-муслимин» ұйымы құрылған еді. Екінші съезде осы ұйым партия болып өзгерді. Партияның 16 өңірдегі өкілдігі ашылды. Петербордағы өкілдігі жанынан татар тіліндегі апталық «Үлпат» («Өлфәт») газеті шықты. Газетті Абдурашит Ибрагимов басқарды, сонымен қатар газетте Мұса Бигиев, Шәймерден Қосшығұлов, Жиһанша Сейдалин, т.б. авторлардың мақалалары жарияланып тұрды.

Газет Ресейдегі түркі халықтарының тұтастығы, мұсылман қозғалыстары, сөз бостандығы, мұсылман қайраткерлерінің саяси белсенділігі, т.б. тақырыптарды көтерді. 1905–1907 жылдары газеттің 85 саны оқырманға жол тартты. 1907 жылы «Үлпаттың» соңғы сандарының біріне қосымша ретінде қазақ тіліндегі «Серке» газеті жарық көрді. Бұл жайында Мұхаметжан Сералин «Айқап» журналының 1911 жылғы №1 санында жарияланған беташар мақаласында: «1907-нші жылы 2-нші Государстуенни Думаның шілені Шаһмардан Қосшығұлов ыжтаһатыменен Петербурғта «Серке» есімді журнал шығарып еді. Ұзаққа бармай һүкімет тарапынан тоқтатылды», деп жазды. Газеттің жалғыз ғана саны (кейбір деректе екі нөмірі) шығып, жабылып қалды. Әлі күнге дейін газеттің ешбір саны табылған жоқ. Көп ұзамай «Үлпаттың» өзі де патша өкіметінің қысымымен жабылды.

1906 жылғы 27 сәуірде Ресей аумағында алғаш рет Мемлекеттік дума шақырылды. Бірінші мемле­кеттік дума Ресейдегі халық сайлаған тұңғыш заң шығарушы өкілетті орган болды. Алғашқы Дума құрамына бес қазақ депутаты сайланды. Олар – Алпысбай Қалменев (Орал облысы), Ахмет Бірімжанов (Торғай облысы), Әлихан Бөкейхан (Семей облысы), Шәймерден Қосшығұлов (Ақмола облысы). Тағы бір қазақ Сәлімгерей Жантөрин Уфадан сайланды. Бірінші думаға қазақтың Жетісу, Сырдария облыстарынан депутат қатыспады. Себебі, бұл өңірлерде сайлау өтіп үлгергенше, думаның өзі тарап кетті.

шәймерден

Бірінші дума барлығы 39 отырыс өткізді. Соның көпшілігінде депутаттар Иван Горемыкин басқаратын үкіметті сынаумен болды. Үкіметтің әрекеттеріне қатысты 391 депутаттық сауал жолданды. Сонымен қатар Бірінші думада жер мәселесі де көтерілді. Алдымен кадеттер жерге қатысты заң жобасын дайындады. Кейін еңбек­шілер, эсерлер де өздері әзірлеген заң жобасын ұсынды. Бұл жағдай елдегі аграрлық мәселені одан әрі шиеленістіріп, өршітіп жіберді. 1906 жылғы 6 шілдеде Үкімет басшысы ауысып, Горемыкиннің орнына Петр Столыпин келді. Ал 9 шілдеде Мемлекеттік думаны тарату туралы шешім қабылданды. Дума таратылған кезде шешімге наразы болған 182 депутат Выборг қаласына (Финляндия) жиналып, үндеу жариялады. Олардың қатарында Сәлімгерей Жантөрин мен Әлихан Бөкейхан болды. Бірінші думаға қазақ депутаттарының сайлануы қазақтың мүддесін биік мінберден көтеруге мүмкіндік берді. Алайда Думаның тез таралғаны сонша, қалаулылар қазақтың сөзін сөйлеп үлгермеді.

Алғашқы дума бар болғаны 72 күн ғана жұмыс істеді. Жалпы, 524 депутаттың 499-ы ғана жиын жұмысына қатысты. Дума сайлауы әр өңірде әртүрлі уақытта өткендіктен, кейбір депутаттар жиынға қатыса алмады. Мәселен, Әлихан Бөкейхан Семей облысы қазақтары атынан депутат болып сайланып, Петерборға енді жеткенде Бірінші дума таратылды. Сол секілді Ақмола облысы қазақтары атынан сайланған Шәймерден Қосшығұлов та түрлі желеумен Дума жұмысына қатыстырылмады. Бірінші дума отырыстарына Алпысбай Қалменев пен Ахмет Бірімжанов қана қатысып үлгерді.

Бірінші думаға барлығы 25 мұсылман депутат сайланды. Мұсылман депутаттар бір фракцияға бірігуі тиіс еді. Сол себепті олар алғашында кадеттер фракциясын таңдады. 1906 жылғы 21 маусымда діни-ұлттық қағидат негіздегі Мұсылман фракциясы құрылды. Фракция Думадағы либералдық оппозиция құрамына кірді. Ресейдегі түркі-мұсылман халықтары, атап айтқанда, татар, башқұрт, қазақ, әзербайжан, т.б. ұлттардың депутаттары енді осы фракция аясына бірікті. Фракцияның басшылық бюросына Әлимардан Топшыбашев (төраға), Сәлімгерей Жантөрин, Шахайдар Сыртланов, Сейіткерей Алкин, Абусугуд Ахтямов, Исмаил Зиятханов, Мұхаммет-Закир Рамеев сайланды. Бюро мүшелерінің бәрі де «Иттифақ әл-муслимин» партиясының мүшелері еді.

Мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен 1906 жылғы 16-21 тамызда Нижний Новгородта Бүкілресей мұсылмандарының үшінші съезі өтті. Съезге 800-ге жуық делегат қатысты. Құрыл­тайға Әлимардан Топшыбашев төрағалық етсе, қазақ атынан Шәймерден Қосшығұлов пен Сәлімгерей Жантөрин қатысты. Бұл съезге билік алғаш рет ресми түрде рұқсат берді. Жиында Шәймерден Қосшығұлұлы қазақтың дін ісін Орынбор мүфтилігіне қосу мәселесін көтерді. Сонымен қатар құрылтайда «Иттифақ әл-муслимин» партиясының бағдарламасы қабылданып, партияның Орталық комитеті сайланды. Он бес адамнан тұратын Орталық комитет құрамына Шәймерден Қосшығұлұлы мен Сәлімгерей Жантөрин де енді. Сондай-ақ съезде діни оқу орындарына арнап бірыңғай бағдарлама қабылдау, Орынбор мүфтилігін мемлекет ісінен бөлу, мүфтиді сайлау арқылы таңдау және оны бес жылға сайлау, Ресей мұсылмандарының дін істері туралы заң қабылдау, т.б. мәселелер ортаға салынды. Бірінші дума мінберінен түрлі мәселелер ­бо­йын­­ша жеті мұсылман депутат сөз сөйледі. ­Олар – ­Ахмет Бірімжанов, Әлимардан Топшыбашев, Шахайдар Сыртланов, Абусугуд Ахтямов, Исмаил Зиятханов және Шахшариф Мутинов. Ахмет Бірімжанов қазақ еліндегі жер мәселесін көтеріп, Дума жанындағы аграрлық комиссия құрамына қазақ депутаттарын қосуды сұрады.

Бірінші думаның ғұмыры қысқа болғандықтан, Мұсылман фракциясы ресми түрде қалыптасып үлгермеді әрі заңды түрде тіркелмеді. Екінші думадан бастап Мұсылман фракциясы түбегейлі іске кірісті. Ал 1916 жылы Төртінші дума тұсында фракция жанынан бюро ашылды. Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай осы бюродағы қазақ өкілдері болды. Жалпы, Мұсылман фракциясы төрт шақырылым бойы 1917 жылға дейін жұмыс істеді. Қазақ депутаттары соның екеуіне, яғни Бірінші және Екінші думаға ғана сайланды.

Екінші мемлекеттік думадағы 36 мұсылман депутаттың жетеуі қазақ болды. Олар – Бақытжан Қаратаев (Орал облысы), Шәймерден Қосшығұлов (Ақмола облысы), Ахмет Бірімжанов (Торғай облысы), Темірғали Нұрекенов (Семей облысы), Мұхаметжан Тынышбаев (Жетісу облысы), Тілеулі Алдабергенов (Сырдария облысы), Бақтыгерей Құлманов (Астрахан облысы). Алайда екі дума да қазақтың келешек тағдырына ықпал ете алмады. Бұл жайында тарихшы Мәмбет Қойгелдиев: «Қазақ депутаттары қатынасқан І және ІІ Думалар қазақ қоғамының отарлық жағдайына өзгеріс енгізе алатындай ешқандай заңдар қабылдаған жоқ. «3 маусым заңының» өмірге келуімен бірге қазақ зиялыларының Думаға артқан үміті де біржола сөнді», деп жазды. Дегенмен алғашқы екі шақырылымда депутат болған қазақ зиялылары қарап қалмады. Олар үлкен мінберлерден мол тәжірибе жинап, кейін қазақ ұлтының азаттығы жолында жан аямай еңбек етті. Сол себепті осыдан 120 жыл бұрын құрылған Бірінші және одан кейін өмірге келген Екінші мемлекеттік думаның қазақ тарихындағы орны ерекше. 

Соңғы жаңалықтар