Әдебиет • Бүгін, 14:33

Нағыз өнердің дәуірі енді басталады

50 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгін біз жеңіл оқылатын кітаптарды көп оқимыз, санаға салмақ түсірмейтін фильмдер прокаттан түспейді. Екі-үш нота аралығында құрылған, қарапайым әндер тез жатталады. Осы үрдістен авторлардың өнерді түсінікті етуге ұмтылысы байқалады. Бірақ соның әсерінен мазмұны бай, қатпары терең туындылар назардан тыс қалып жатыр. Енді оларды кім жаратып, кім тұтынады? Алдағы уақытта нағыз өнердің аясы тарыла ма, кеңи ме? Сараптап көрдік.

Нағыз өнердің дәуірі енді басталады

Картина авторы Жеңіс Кәкенұлы

Көркем шығарманың мәні көз жүгіртумен ашылмайды. Ол оқырманнан зейін мен ыждағат талап етеді, ой еңбегіне шақырады. Соған жұмсалатын интеллектуалдық күш – шығармадан алатын эстетикалық ләззаттың негізгі қайнары. Асылында, өнердің адам санасында қабылдануы мен рухани рахаттың арасында жіпсіз байланыс бар. Егер туынды әдейі жеңілдетілсе, оны түсіну де жеңілдейді. Бірақ сонымен бірге одан туатын әсер де әлсірей түседі.

Балаларға арналған тақпақтар әдейі жеңіл жазылады. Сәйкесінше бала да оны тез түсінеді. Бірақ тақпақ оқып сезім сәулесіне шомылып отырған оқырманды кездестірмедік. Ал баланың тақпақты сүйіспеншілікпен жатқа соғуы – эстетикалық ләззаттан гөрі, ойын ләззатына жатады. Кішкентай оқырман тақпақтың ұйқасы мен ырғағын ойын ретінде қабылдайды, дыбыстық үйлесім мен қайталау арқылы келетін қуаныш үшін жаттайды. Бұл жерде қабылдау ой еңбегіне емес, қимыл мен еліктеуге, ырғаққа ілесуге негізделеді. Сондықтан мұндай әсер баланың эстетикалық тәжірибесін бастапқы деңгейде қалыптастырғанымен, көркем ләззаттың терең қатпарына апаратын интеллектуалдық әрі рухани толғанысты туғыза алмайды.

Ал мәтін күрделене түскен сайын оны қабылдау да ауырлай береді, былайша айтқанда, қолжетімділік азаяды. Алайда осыған жұмсаған оқырманның ақыл-ой қажыры көркем ләззаттың одан сайын күшті болуына жол ашады.

Оқи отырыңыз: Өнерсіз өмір мүмкін бе?

Осы қарама-қарсы екі үрдістің шеткі нүктелерінде екі түрлі мәдени құбылыс тұр. Әдебиеттанушы Юрий Борев оны былай айшықтайды:

Бір жағында – қарапайым әсер сыйлайтын, тез қорытылатын поп-мәдениет пен кич. Поп-мәдениет деген жаппай тұтынуға арналған мәдени өнім болса, кич – ішкі мазмұнмен емес, сыртқы жылтырақ арқылы көзге ұрып әсер сыйлағысы келетін поп-мәдениеттің үстірт қабаты. Бұлардың екінші жағында санаулы топқа ғана арналған, жабыңқы, тұйықтау, кейде тәкаппарлау элитарлық өнер тұрады.

Бірақ осы тұста маңызды бір жайт бар. Көркем классика осы екеуінің қайсына жатады? Екіншісіне деуіңіз мүмкін, бірақ олай емес. Шынайы классика екі шектен де бойын аулақ ұстайды. Ол шығарманың түсініктілігі мен оның эстетикалық қуатының арасынан бір нүктені табады. Яғни классика оқырманды шеттетпейді, бірақ дайын әсермен алдарқатпайды да. Ойлануға, сезінуге, тереңдеуге жетелей отырып, жоғары көркем ләззатқа талпындырады.          

Қаперге алған жөн, өнердің халықтығы деген ұғым бар. Бірақ бұл бәріне бірдей қолжетімді өнер деген сөз емес. Қолжетімділік пен халықтық – әртүрлі ұғым. Оларды бір деңгейде қарау – үлкен қателік.  Халықтық – көркем шығармашылық пен халықтың өзара қарым-қатынасын танытатын, өнердің табиғаты мен оның тамырларын бейнелейтін эстетикалық категория. Тағы да сол Борев. Мәселен, Әбілхан Қастеевтің «Колхоз тойы» картинасын алып қарайық. Онда бейнеленген мазмұнның өзі бұл шығарманың халықтығын танытады.

Әбілхан ҚастеевСуреткер халық жасаған образдар арсеналынан нәр алады, бірақ оны дайын күйінде қайталамайды, қайта жаңа көркем жүйеге айналдырады. Мұқағалиша айтсақ, «шекпен жауып өзіне қайтарады». Халықтық өнерді бос шелектей даңғырлақ нәрсе деп ұққандар аз болмаған. Қазір де кездесіп жатады. Осындай үстірт түсініктің тасасында бұқаралық мәдениеттің жасанды, тез тұтынылатын өнімдері жасырынып, өріс алып кетті. Асылында, өнердің шынайы әлеуметтік міндеті – көпшілікке еру емес, керісінше, көрермен мен оқырманды алға жетелеу. Суреткер өз аудиториясынан бір қадам ілгері жүруге тиіс.

Дегенмен жаңашыл шығармаларды кей сыншылар «мұны көпшілік түсінбейді» деген уәжбен тұсаулап отырады. Мұнда өте абайлау керек. Өйткені өнердің әлеуметтік маңызы оның қаншалықты кең тарайтынымен өлшенбейді. Ол ең алдымен шығарманың бойында қандай идеялық-көркем әлеует бар екенімен айқындалады. Сол әлеуетке жету, сол рухани байлықтарды игеру – жеке оқырманның ғана емес, тұтас қоғамның мәдени міндеті.

Өнердің түсініктілігі де тұрақты өлшем емес, ол тарихи тұрғыда үнемі өзгеріп отырады. Бір кезеңде күрделі көрінген туынды келесі дәуірде мәдени норманың бір бөлігіне айналуы мүмкін. Мәселен, Франц Кафканың негізгі шығармалары көзі тірісінде кеңінен мойындалмады. Ал Ван Гог суретші ретінде толық танылмай кетті. Осы үдерісте көркем ләззат ерекше мәнге ие. Ол – көркем рецепцияның (қабылдаудың) тек эмоциялық әсері ғана емес, өнердің адамды «әлеуметтенген жаратылыс» қана емес, өзіндік құндылығы бар дара тұлға ретінде мойындайтынының айғағы.

Оқи отырыңыз: Әдебиет оқырмансыз өмір сүре ала ма?

Қазіргі ғылымда көркем ләззат тек сезімдік құбылыс ретінде ғана емес, белгілі бір заңдылықтарға бағынатын күрделі үдеріс ретінде қарастырылады. Осы тұрғыда эстетикалық әсерді сандық және сапалық өлшемдер арқылы түсіндіруге талпынған еңбектер аз емес. Солардың ішінде америкалық математик Джордж Биркгоф ұсынған формула мәлім.

Оның пайымдауынша, эстетикалық өлшем (Э) көркем шығарманың құрылымдық айқындығына (Қ) тура пропорционал, ал тереңдігіне (Т) кері пропорционал.

Э = Қ  / Т

Яғни шығарманың құрылымы қаншалықты айқын, жинақы болса, оны қабылдау да соншалықты жеңілдейді, ал мәтіннің тереңдігі мықты болған сайын эстетикалық әсер әлсірей түседі деген сөз. Бұл тұжырымға сәйкес, қарапайым құрылған, түсінікті туындылар тез қабылданады және көпшілікке оңай жетеді, ал күрделі, көпқабатты шығармалардың эстетикалық ләззаты аз болады.

Бұл тұжырымды тарқатып қарасақ, мәселенің түйіні айқынырақ ашылады. Егер эстетикалық әсер тек құрылымдық айқындыққа тәуелді болса, онда ең қарапайым, еш кедергісіз қабылданатын шығармалар ең күшті ләззат сыйлауы тиіс еді. Алайда көркем тәжірибе мұны растамайды. Керісінше, адамға терең әсер қалдыратын, ой мен сезімді ұзақ уақыт мазалайтын туындылар көбіне күрделі, көпқабатты болып келеді. Олар бір оқығанда немесе бір қарағанда толық ашылмайды, өзіне қайта-қайта оралтып, ойлануды, салыстыруды, күш жұмсауды талап етеді.

Осыны ескере отырып, Г. Айзек эстетикалық ләззат құрылымдық айқындық пен тереңдіктің қарама-қарсы қойылуынан емес, олардың үйлесімінен туындайды деп пайымдайды.

Э = Қ × Т

Яғни көркем шығармада белгілі бір құрылымдық жинақылық, ішкі тәртіп болуы шарт, әйтпесе туынды түсініксіз хаосқа айналады. Бірақ сол реттелген құрылымның ішінде ой тереңдігі, мағыналық көпқабаттылық, күрделілік болмаса, әсер де үстірт болып қалады.

Айзектің айтуынша, эстетикалық әсерді құрылымдық айқындық пен мағыналық тереңдіктің бірін екіншісіне бөліп өлшеу жеткіліксіз. Керісінше, бұл екеуі бір-бірін күшейтетін факторлар ретінде қатар жұмыс істегенде ғана шынайы көркем ләззат туады. Сондықтан ол эстетикалық өлшемді олардың қатынасы емес, көбейтіндісі ретінде қарастырады. Құрылымы жинақы, оның үстіне ойы терең шығарма қабылдаушыдан интеллектуалдық және сезімдік күш жұмсауды талап етеді, алайда дәл осы күш салу эстетикалық қанағатпен өтеледі. Мұндай жағдайда тереңдік ләззатты азайтпайды, қайта оны кемелдендіріп, ұзаққа созылатын рухани әсерге айналдырады.

Расында, адам неғұрлым ойланып, салыстырып, мәтінді сезіммен қабылдаса, соғұрлым одан алатын әсері де күшейе түседі. Эстетикалық ләззат шығарманың қалай құрылғанына, оның қаншалықты терең әрі күрделі екеніне, сондай-ақ ішінде таныс нәрсе мен жаңалықтың қалай үйлескеніне байланысты туады. Тым бірсарынды дүние тез жалықтырады, ал ретсіз, шамадан тыс көп қырлы туындыны түсіну қиын. Ал шын әсер осы екеуінің ортасында пайда болады.

Сонымен бірге шығарманы күрделі қылу – автордың мақсаты болмауы керек. Қазіргі қазақ әдебиетінде бұл үрдіс арагідік байқалып қалады. Өзінің интеллектуалдық әлеуетін байқату үшін қаламгер шығармасын қолдан қиындатады. Күрделілік қай кезде туындайды? Туындыдағы айтылатын ой терең болса. Ойдың өзі терең болмаса, шығарманы қолдан күрделендіру ешқандай мағына үстемейді. Шынайы өнер оқырманға немесе көрерменге жағу үшін оның деңгейіне бейімделіп те қалмайды. Керісінше, адамды ойлануға, өсуге, талғамын жетілдіруге жетелейді. Сондықтан өнердің құндылығы оның қаншалықты жеңіл қабылданатынымен емес, адамның мәдени мүмкіндігінен бір қадам алда тұрып, оны алға сүйрей алуымен өлшенеді. Дәл осы қасиет өнерді өсіргіш, жетелегіш күшке айналдырады.

Оқи отырыңыз: Неге өнер бәріне бірдей әсер етпейді?

Сайып келгенде алдағы уақытта өнер ойлырақ һәм тереңірек бола түседі. Ақпараттық санадан жалыққан адамзат шын өнерге енді сусай бастады. Сыртқы әлемді толық меңгерген біз енді өз ішімізге үңілуге күш жұмсаймыз. Сол кезде әлемді эстетикалық қабылдаудың дәуірі басталады. Мазмұны терең, формасы әртүрлі, көпқабатты өнер туындыларына сұраныс артады. Осы уақытқа дейін аз ғана элитаның ішінде бағаланған өнердің ауқымы да кеңеймек. Ол ауқымды кеңейтетін – бұқара халық. Аяғы маркетингке ұласатын өнерге ұқсас, өнерге жетеғабыл дүниелерден шаршаған жұрт, «шын өнердің ләззатын біз де сезінейік» дейді. Қазіргі әдеби-эстетикалық зерттеулерде осындай тұжырым айтылады.

Соңғы жаңалықтар

Балаларға ораза ұстауға бола ма?

Руханият • Бүгін, 15:59