Қоғам • Бүгін, 10:25

Су саласын жүйелеу басталды: Сегіз бассейнге арналған жоспар әзірленеді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Су қорын қорғау мен тиімді пайдалануға бағытталған ауқымды жұмыс басталды. Су ресурстары және ирригация министрлігі ел аумағындағы сегіз су шаруашылығы бассейні бойынша арнайы жоспарлар әзірлеуге кірісті. Бұл бастама алдағы жылдары су саясатын жаңаша қалыптастыруға негіз болмақ, деп жазады Egemen.kz

Су саласын жүйелеу басталды: Сегіз бассейнге арналған жоспар әзірленеді

Әзірленіп жатқан бассейндік жоспарлар былтыр қабылданған Су кодексін іске асырудың негізгі тетіктерінің бірі саналады. Әр бассейнге арналған құжаттар кейін Су ресурстарын кешенді басқарудың бас жоспарын дайындауға негіз болады. Министрліктің мәліметінше, барлық бассейндік жоспарды жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр, ал бас жоспар 2027 жылдың соңына қарай дайын болады. Бұл құжаттар мемлекеттік жоспарлаудың маңызды элементіне айналады.

Су дипломатиясы бүгінге дейін қандай нәтиже берді?

Біз айтып отырған «бассейн» ұғымы тұрмыстағы жүзу бассейні емес, су шаруашылығына қатысты ғылыми термин. Су шаруашылығы бассейні деп белгілі бір өзенге, көлге немесе су жүйесіне құятын барлық су көздері қамтылған табиғи аумақ аталады. Яғни, бұл – судың қайдан келіп, қайда бағытталатынын тұтас қарастыратын кеңістік. Су ресурстарын басқаруда дәл осы бассейндік қағида қолданылады, өйткені су әкімшілік шекарамен емес, табиғи арнамен ағады. Сондықтан суды қорғау мен пайдалануды облыс немесе аудан бойынша емес, тұтас су жүйесі деңгейінде жоспарлау әлдеқайда тиімді саналады.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл жөнінде Парламент Сенатының қолдауымен ұйымдастырылған «Талдау мектебі» қоғамдық жобасының қатысушыларымен өткен кездесуде айтты. Оның сөзінше, жаңа жоспарлар Мемлекет басшысының су-энергетика картасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындауға тікелей қызмет етеді.

«Мемлекет басшысы Қазақстанның су-энергетика картасын жасауды тапсырды. Бассейндік және бас жоспарлар бұл картаны әзірлеуге негіз болады. Біз су нысандарында электр энергиясын өндіру үшін қанша көлемде су пайдалануға болатынын нақты анықтай аламыз. Бұл мәселе Су кодексін әзірлеу кезінде де ескерілген», деді министр.

Қазақстанда бір жылда 847 млн текше метр су үнемделді

Кездесу барысында министрлік мамандары мен ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары қатысушыларға Су кодексіндегі жаңашылдықтар, су шаруашылығы секторын цифрландыру барысы және іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар туралы кеңінен мәлімет берді. Баяндамадан кейін тыңдаушылар саланың кадр әлеуетін күшейту, қолданылып жүрген цифрлық шешімдердің тиімділігі және қоғамда суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша сұрақтарын жолдады.

Жетісу облысында биыл үш бірдей жаңа экопарк құрылады

Айта кетейік, «Талдау мектебі» жобасы 2021 жылы Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының бастамасымен іске қосылған. Бағдарлама аясында қатысушылар сегіз апта бойы деректерді жинау мен талдау әдістерін меңгеріп, аналитикалық материал әзірлеу дағдыларын жетілдіреді. Оқу қорытындысында жас аналитиктер өз ұсыныстарын мемлекеттік органдарға, соның ішінде министрлікке жолдайды.

Соңғы жаңалықтар