Отырыста Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек халық санының тұрақты өсімі қалалық инфрақұрылымға жаңа міндеттер жүктеп, алдын ала жоспарлауды қажет ететінін атап өтті.
1 қарашадағы көрсеткіш бойынша елорда халқы 1 622 245 адамға жетіп, жыл басынан бері 93 542 тұрғынға артқан. Оның ішінде 17 265 адам табиғи өсім есебінен, ал 76 277 адам көші-қон есебінен көбейген. Халық санының өсім қарқыны 6,12%-ды құрап, жыл сайынғы көші-қон легі шамамен 100 мың адам деңгейінде болғандықтан, бұл денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау жүйелеріне түсетін жүктемені күшейтіп отыр.
Кеңесте денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің мәліметінше, Астанада 277 медициналық ұйым жұмыс істейді. Ғимараттардың тозу деңгейі 14,7%, медициналық техникамен жарақтандыру 82,4%-ды құрайды. Дегенмен кадр тапшылығы әлі де сақталып отыр.
Демографиялық өсім жағдайында босану үйлері мен перинаталдық орталықтарға қосымша көңіл бөлу қажет. Кейінгі 10 жылда елордада босану көрсеткіші 45%-ға артқан.
Талқылауға пікір білдірген Аида Балаева медициналық көмекті көрсету барысында байыпты әрі нысаналы тәсілдің маңызын атап өтті.
«Медицина бақылаусыз қысым жағдайында жұмыс істей алмайды. Көрсетілетін көмек пен қызмет нақты мұқтаж адамға дәл бағытталуы керек. Бұл – принципті мәселе. Барлық деңгейдегі басқарушылық шешімдер жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, азаматтар үшін қызмет сапасының нақты жақсаруына алып келуі маңызды», деді Премьер-министрдің орынбасары.
Астананың білім саласы да тұрақты демографиялық өсім жағдайында дамып келеді. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, елордада шамамен 200 орта білім беру ұйымы бар, онда 300 мыңнан астам оқушы білім алады. Оқушылар контингентінің жыл сайынғы өсімі 10-12 мың баланы құрайды.
Сонымен бірге жүйеде сапаға қатысты бірқатар мәселе сақталып отыр, оның ішінде кадрмен қамту және жекеменшік білім беру ұйымдарының инфрақұрылымы бойынша түйткілдер бар. Биыл жекеменшік мектептерді қаржыландыруға 272 млрд теңге бөлінді, бұл білім беру қызметінің ашықтығын, стандарттарға сәйкестігін және сапасын одан әрі арттыру міндетін күн тәртібіне шығарады.
Оқу қарқынын арттырудың және әлеуметтік тұрақтылықты қалыптастырудың негізі ретінде мектепке дейінгі және бастауыш білімнің маңызына ерекше басымдық берілді. Кеңеске қатысушылар мұғалімдерді даярлау сапасын арттырумен қатар, педагогтерге түсетін шамадан тыс әкімшілік жүктемені азайтудың өзектілігін атап өтті.
«Инфрақұрылымды салуға да, жабдықтауға да болады, бірақ мазмұн мен байыпты тәсіл болмаса, нәтиже шықпайды. Бүгінгі балалар – ертеңгі қоғам. Сондықтан Президент айтып жүрген бастамалар нақты мәнмен толығып, жауапты әрі белсенді азаматты қалыптастыруға жұмыс істеуі маңызды», деді Аида Балаева.
Сондай-ақ педагогтерді қолдаудың және оқыту сапасын арттырудың құралы ретінде білім беру үдерісіне цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу қажеттігі айтылды.
Жоғары білім саласында Астананың ірі академиялық орталық ретіндегі мәртебесіне қарамастан, кадр даярлауда теңгерімсіздік бар екені атап өтілді. Елордадағы 13 жоғары оқу орнында 105 мыңнан астам студент оқиды, алайда гуманитарлық мамандықтар бойынша артықшылық болғанымен, инженерлік, IT, медицина және педагогика кадрларына сұраныс жоғары күйінде қалып отыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қабылдау жүйесін экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланыстыру, дуалды оқытуды дамыту және цифрландыру мен ЖИ-ді ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту қажет.
Халық санының өсуі еңбек нарығы мен әлеуметтік қолдау жүйесіне де әсер етіп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың мәліметінше, елорданың экономикалық белсенді халқы 750 мың адамнан асты.
2024–2025 жылдары қалаға 90 мыңнан астам адам келді, әлеуметтік қолдау алушылар саны 120 мыңнан асты. 2025 жылы 42 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Бұдан бөлек, спорт және туризм инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланды. Астанада 800-ден астам спорт нысаны бар, олардың шамамен 60%-ы жекеменшік иелікте. Инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 55-60%-ды құрайды, тұрғындардың шамамен 41%-ы спортпен жүйелі түрде айналысады. Жаңа тұрғын алаптарда қадамдық қолжетімділік форматындағы нысандарды одан әрі дамыту маңызды екені атап өтілді.
Кеңес қорытындысын шығара отырып, Премьер-министрдің орынбасары елорданың әлеуметтік дамуы демографиялық және көші-қон үдерістерін объективті бағалауға негізделген кешенді шешімдерді талап ететінін атап өтті.
Әкімдікке және салалық мемлекеттік органдарға әлеуметтік қызметтерді нысаналы жоспарлау мен қаржыландыру бойынша жұмысты жалғастыру, кадр саясатын экономиканың сұраныстарымен үйлестіруді күшейту, жаңа аудандарда әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін кеңейту, бюджеттік шығыстардың ашықтығын арттыру және елорданың Қоғамдық кеңесімен өзара іс-қимылды дамыту тапсырылды.
Сондай-ақ Астананың қарқынды өсімі жағдайында орнықты дамудың негізгі факторы – басқару сапасы мен қабылданатын шешімдердің жүйелілігі екені айрықша атап өтілді.