Президент Жарлығында адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында төмендегілерді қаулы етті:
- Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру;
- оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру;
- туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;
- баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру;
- ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау.
Үкіметке жүктелген тапсырмалар:
1) халықтың әртүрлі санаттары, оның ішінде балалар мен жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту және кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз етсін;
2) жаңа форматтағы кітапханалар, көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құруды, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистер ендіруді қоса алғанда, оқырман инфрақұрылымын жаңғыртуды қамтамасыз етсін;
3) ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттауды, оның ішінде туындыларды сапалы аудару, басып шығару, оқырмандардың кең ауқымды аудиториясына тарату арқылы қамтамасыз етсін;
4) 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын іске асыруға кіріссін;
5) жасанды интеллектіні дамыту жағдайында 2026 жылдың соңына дейін Кітап оқу мәдениетін және кітап ісін насихаттаудың 2027 – 2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын (бұдан әрі – «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы) бекітсін;
6) 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңының жобасын әзірлесін;
7) 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындасын;
8) 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құрсын;
9) жыл сайын «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне есеп берсін.
Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.