Елорда • Бүгін, 15:43

PGL Astana 2026 турнирінің алғашқы ойын күні 7000 көрермен жиналды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

PGL Astana 2026 халықаралық турнирі Counter-Strike 2 дисциплинасы бойынша Астанада сәтті басталды. Barys Arena аренасында өтіп жатқан жарыстың алғашқы ойын күні шамамен 7 мың көрермен жиналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

PGL Astana 2026 турнирінің алғашқы ойын күні 7000 көрермен жиналды

Турнирдің жартылай финалына MOUZ, Team Spirit, Magic және Falcons командалары шықты. Алғашқы күннің өзінде көрермен тартысты матчтарды, жарқын ойын сәттерін және іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тамашалады.

Жанкүйерлердің ерекше назары қазақстандық ойыншылардың өнеріне ауды. Олар киберспортшылардың әрбір сәтті әрекетін қолдап отырды.

Турнир қонақтарының қатарында Дәурен Қыстаубаев, FURIA Esports ойыншысы Даниил Голубенко, стример Слава Бустер, PGL турнирлерінің жүргізушісі Джеймс Банкс, сондай-ақ әлем чемпионы Габриель Толедо болды.

«Barys Arena-дағы атмосфера керемет болды, киберспорт төңірегінде мұндай қызығушылықты көптен бері көрмеппін. Трибуналарда нағыз энергия сезілді. Адамдар командаларды қолдап, ұрандап, әрбір раундқа шынайы жанкүйер болды. Осындай турнирге қатыса алғаныма өте қуаныштымын», деді жанкүйерлердің бірі.

Ұйымдастырушылар мен сарапшылардың айтуынша, мұндай турнирлерді өткізу оқиғалық туризмді дамытуға және Астананың ірі халықаралық киберспорттық іс-шараларды қабылдайтын алаң ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етеді. Шетелдік қонақтар турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, елорданың заманауи инфрақұрылымын және Қазақстан жастарының киберспортқа қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

Жүлде қоры – 1,6 млн доллар: Елордада PGL Astana 2026 халықаралық турнирі басталды

Бүгін, 16 мамыр күні, турнир екінші ойын күнінің матчтарымен жалғасады. Жанкүйерлерді мықты командалардың жаңа кездесулері мен үлкен киберспорт мерекесінің ерекше атмосферасы күтеді.

Соңғы жаңалықтар