Қазақстан • 22 Тамыз, 2017

Айыппұл төлеп, құтылып кете бере ме?

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының директоры Асқар Жанкин 2 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталып, қамалған болатын.

Айыппұл төлеп, құтылып кете бере ме?

Қылмыстық істі қараған жуыр­дағы сот отырысында прокурор Рауан Бостанов оның былық-шылықтарын жіпке тізгендей санамалап беріп, 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушы «Каздорстрой» мердігерлік компа­ния­­сының Петро­павл тасжолы бо­йын­­да шыбық басын сындырмаған жұмыстарын жал­ғанның жалпағына шығарудың орнына көз жұма қараған. Оның соңы қомақты пара алумен аяқталған. 

Күдіктінің кінәсін бірден мойындауы судьяны да, сотқа келгендерді де таңғалдырды. Сөйтсе, оның аста­рын­да «қулық» жатқаны адвокат­тың сөзінен кейін белгілі болды. Қорғаушы Дулат Өмірәлин А.Жан­кин­нің қылмысын то­­лық мойын­дағанын, мемлекетке келтірген шы­ғын­дарды түгел өтейтінін, тағы бас­қа дәлелдемелерді алға тарта отырып, Қылмыстық процессуалдық ко­декс­тің 382-бабы бойынша істі қысқартылған тәртіппен қарау, жазаны айыппұл ретінде тағайындау туралы өтінішін судья Айдархан Жанақов қанағаттандырып, заңсыз жолмен қалтаға баспақ болған қаражатты 60 есе өсіммен – 119 миллион теңге мөлшерінде өтеуге үкім шығарды. Дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметтен өмір бойы аластатылды. Аталған сома бір айдың ішінде төленуі тиіс. Болмаса алты айға бөліп төлеу үшін сотқа өтініш түсіру құқы бар.

Айтпағымыз мынау: сот­талу­­шы­ның ағайын-туыстары үкім­ді ду қол шапалақпен қарсы алып, судьяның сөзін үзуіне, ес­кер­ту жасауына тура кел­ді. Олар­дың қуаныштарына қара­ғанда айып­талушыға айыппұлды тө­леу шыбын шаққан құрлы әсер етпейтін сияқты. Оны қалай өтемек деген сауал тіл ұшына оралады. Жеке есебінде жүз миллиондаған қаржысы болса, екі миллион үшін қылмыстық қадамға баруына, абыройын айрандай төгуіне жол болсын? 

 Судьяның шешімін жұртшылық­тың әрқилы қабылдағаны рас. «Дәнік­кеннен құныққан жаман» деп атала­рымыз бекер айтпаған. Тәбеті ешқа­шан тоймайтын, араны әбден ашылған лауа­зымды тұлғалардан мемлекет қаражатының еселеп қайтарылғаны дұ­рыс-­ақ. Алайда, оған қоса жазаларын абақтыда өтеу шараларын да қарастырған жөн. Әсіресе, ха­лық мен­­шігіне қырғидай тиетін ұры-­қары­ларға жазаны қатаңдату әлде­қай­да әсерлі болары анық. Әйтпесе, айып­пұл төлеп, құтылып кете берсе, ертең баяғы «әніне» баспасына кім ке­піл? Мұндайда жазаның тиімділігі жа­йында әңгіме қозғаудың өзі артық. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас буын қан­дай сабақ, тәлім-тәрбие алмақ? Таяқ­тың екі ұшы барын ескермей болмайды. 
Осындайда «ұры түрмеде отыру керек» деген қанатты сөз еріксіз еске оралады.
 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар