Төл тарихымыздың тамыры тым тереңде жатқанын көрсететін көне ескерткіштің бірі – Торғай геоглифтері. Құпия белгілер алғаш 2007 жылы ғарыштық түсірім арқылы табылған. Содан бері Торғай үстіртінде 129 геоглиф бар екені анықталды. Алайда құпия өрнектердің сыры біз үшін әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр.
Ғалымдардың болжауынша, Торғай геоглифтері адамзат қолымен жасалған алғашқы сәулет нысандары қатарына жатады. Бертінге дейін беймәлім болып келген дала ескерткіштерін жай көзбен толық қамтып көру мүмкін емес. Геометриялық өрнек тек құс ұшар биіктен қарағанда ғана көзге анық көрінеді.
Торғай геоглифтерін алғаш зерттеушілер оны көне қорымдардың орны болуы мүмкін деген тоқтамға келген. Алайда 2007 жылы «Үштоғай төрттағанында» жүргізілген археологиялық қазба жұмысының нәтижесінде бұл төмпешіктердің топырақтан тұрғызылған күрделі сәулет нысаны екені анықталды.
2022 жылы облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, реставрациялау және қорғау орталығы қазба-зерттеу жұмысын жүргізуге рұқсат қағаз алады. Осылайша, Торғай даласындағы құпия өрнектерді тереңдете зерттеуге жол ашылды. Өткен жылы аталған орталық Торғай өңіріне арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, жаздай 8 геоглифтің маңында қазба жұмысын жүргізді.
«Біздің мақсатымыз – Торғай геоглифтерін кім салды, қашан салды, не үшін салды, қалай салды деген төрт сұраққа жауап табу. Әрине, біз алдымен геоглифтердің адам қолымен салынғанына көз жеткіздік. Құрылыс жұмысына көп уақыт кеткен, көп адам қатысқан. Құпия өрнектердің маңында көне қоныстар, елді мекендердің орны, оған жақын жерде тұщы су көзі болуы мүмкін. Сондықтан осы қоныстардың жұрнағын, геоглифті тұрғызған адамдардан қалған ізді табуға тарыстық. Нәтижесінде, «Үштоғай төрттағаны» геоглифтерінің маңынан көптеген тастан жасалған еңбек құралының сынықтары, жаңқа тастар, қатар аздаған пластина, қырғыш құралдар табылды. Сондай-ақ геоглифтерге жақын маңайдан Мақанжар керамикасының сынықтары табылып отыр. Бұл керамика өте жұқа, қалыңдығы 1-2 мм ғана, бірақ өте мықты болады. Ежелде Мақанжар керамикасын жасау үшін малдың қылы пайдаланылған. Қышты отқа қатағанда қыл күйіп кетеді де, ізі ғана қалады. Көне керамиканы сол із арқылы оңай анықтауға болады», дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы археология бөлімінің ғылыми қызметкері, PhD Рауан Байдалы.
Торғай геоглифтерін алғаш рет тауып, оны әлемнің әйгілі басылымдары арқылы насихаттап жүрген қостанайлық ғалым Дмитрий Дейдің айтуынша, бүгінге дейін Қостанай облысының аумағында 111, Ресеймен шектесетін шекараның арғы бетінде 3, Ақтөбе облысында жеті, Ұлытау өңірінде 6, Солтүстік Қазақстан облысында 1, Ақмола облысында 1 геоглиф бар.
Құпия ескерткіштерге шетелдік ғалымдар да қызығушылық танытып отыр. Мәселен, 2015 жылы «The New York Times» газеті бірінші болып Торғай геоглифтері туралы мақала жариялайды. Вашингтондағы Смитсон интитутының ресми басылымы «Smithsonian» журналы Торғайдағы құпия кескіндер жер бетінде жұмбағы ашылмаған 5 геоглифтің бірі деп жазады. Мұны әлемнің өзге де беделді басылымдары іліп әкетіп, жарыса жазады. Әйгілі «Discovery Channel», «The History Channel», «CNN» телеарналары да Торғай геоглифтерінің сырына үңіліп, көптеген деректі фильм түсіреді.
«Келесі экспедицияда Торғай геоглифтерін әлемдік маңызы бар ең көне ескерткіштің бірі ретінде әлемдік деңгейде мойындалуы үшін жұмыс бастаймыз. Егер OSL-талдау нәтижесі құпия өрнектердің осыдан 8000 жыл бұрын салынғанын дәлелдейтін болса, Торғай геоглифі адамзат баласы салған ең көне ескерткіштер тізіміне енеді. Осылайша, жаһандық мұра ретіндегі мәртебесі асып, Қостанай облысында ғылыми-танымдық туризмнің дамуына жол ашады. Біздің жобаға үлкен қолдау көрсеткен Питтсбург университетінің профессоры Роналд Рапорттың есептеуінше, Торғай геоглифтері Қостанай облысына жылына 240 млн доллар табыс әкеле алады» дейді орталық маманы Дмитрий Дей.
Көзін тапса, көне жәдігер, Торғай өңірінде ғылыми-танымдық туризмнің дамуына серпін берейін деп тұр.
Қостанай облысы