Оның айтуынша, соңғы уақытта жекелеген әсіре діншіл азаматтар зайырлылық құндылықтары мен нормаларына қайшы келетін мәлімдемелер жасап жүр.
«Жуықта жекелеген әсіре діншіл азаматтар зайырлылық құндылықтары мен нормаларына қайшы келетін (Наурыз мерекесі, әйелін шәкіртіне «сыйға» тартқаны туралы) мәлімдемелер жасап, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты бұзуға әкелетін әрекеттер жасады. Бұл азаматтар зайырлылықтың қағидаттарының бірі болып табылатын «діни сенім еркіндігі» қағидатына сүйенген болар. Солай болған жағдайда, олар аталған қағидаттың мазмұнын дұрыс ұқпаған», деп жазды ол.
«Біздің қоғамда да осындай діни сенімнің түрлі формалары бар және олар үздіксіз түрленіп келеді. Сәйкесінше, мұндай діни плюрализм (саналуандылық) жағдайында дінге қатысты түрлі көзқарастар мен ұстанымдардың теңгерімін (балансын) қамтамасыз ету маңызды. Міне, осы балансты «діни сенім еркіндігі» қағидаты қамтамасыз етеді. Діни сенім еркіндігі – абсолютті еркіндік емес. Қоғамдық балансты сақтау мақсатында қандай сенім түрі болса да, белгілі деңгейде заңмен шектеледі. Яғни, діни сенім еркіндігі – дінге қатысты көзқарас пен ұстанымды заң шеңберінде орындау деген сөз», деді Т. Жақиянов.
«Түрлі сенім мен көзқарас-ұстанымға, әлеуметтік құндылықтар мен негізгі институттарға (отбасы, заң, білім, медицина, ғылым, өнер, салт-дәстүр, т.б. институттар) әрдайым құрмет көрсетіп, төзімділік таныту қажет. Зайырлылық қағидатын сақтау, дін саласындағы заңнаманы бұлжытпай орындау – қоғамдық келісім мен тұрақтылықты, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шарты.
Жаңа Конституциялық реформа аясында да зайырлылықты нығайту міндеті айқындалған. Себебі діни тұрғыдан қоғамның тұрақтылығы мен қалыпты дамуын қамтамасыз ете алатын жалғыз тетік – ол зайырлылық», деді ол.