Таным • Бүгін, 07:52

Уытты қайтарған күш

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ара уынан үміт үзілген шақтағы имандылыққа суарылған тылсым күш бір сәбидің өмірін сақтап қалды. Бұл оқиға Ұлы даладағы емшілер тәжірибесін бағамдауға жетелейді.

Уытты қайтарған күш

Сурет: islam.kz

Елу бес жыл бұрын анам шыр­қыраған жанын шүберекке түйген екен. Құдай тағала Кемелбек молдаға дарытқан керемет болмағанда, бөбек күйімде бақи дүниеге озар ма едім?

Шаңқай түс. Мимырт тыныштықты қақ жарып, шарананың ащы дауысы шықты. Қол күйдірер ыстық нанды тандырдан үзе берген ана бала дауысын жазбай таныды. Жанұшыра дуалға асылып қараса, қамыс сарайды ұялаған мың-сан қызыл ара жалаңаш бөбекті талап жатыр.Жалма-жан тандыр шоғын көсеп алып, тұра жүгірді. Көрші-қолаң да жиналып қалды. Көйлектің кең етегімен араларды қағып-қағып, баланы жаба қойды. Шоқтың қызуы мен бықсыған түтіннен аралар бытырай қашты. Ара уыты лезде тарап, баланың денесі күп болып ісінді. Үні шықпай қалды.

– Бұл қалай? – деп абдырады жұрт. Бала домаланып кеткенде анасының көзі шарасынан шыға жаздады. Сәбиден тіршілік белгісі сезілмеді.

Қайнысы Қарысбек «Москвичті» тізгіндеп, баланы алып аудан орта­лығына тартты. Дәрігерлер:

– Қолдан келер қайран жоқ. Ара уын қайтаратын ем жоқ, – деді. Үміт үзілгендей болды.

Ауылға қайтқанда аулада жұрт жиналып тұр екен. Ақсақалдар, кейуаналар күбірлеп дұға оқып тұр. Баланы салқын үйге кіргізіп, айран толы ыдысқа жатқызды. Кеш түсе аулаға аяғын сылтып басқан Сегізбай молда келді. Көзі қанталап, өңі бұзылып, не істерін білмей аласұрған Жошы біресе үйге кіріп, біресе қайта шығып, мең-зең күй кешіп жүр еді. Сегізбай молда жақындап келді де, беймаза інісінің арқасына таяғын салып-салып жіберді.

– Өзіңді ұста! – деді зілді үнмен.

Сонда ғана Жошы селк етіп, есін жиғандай болды. Көзіне жас үйіріліп, баласына қарай ұмтылды.

– Баланы Кемелбек молдаға апа­рыңдар, – деді.

Кемелбек молда – ел ішінде қасие­ті­мен танылған жан. «Нұрнама» – бабамыз Бүркіттен қалған емдік дұғалар мен Құран аяттары жазылған көне жи­нақты қырық жылдан бері көзінің қара­шығындай сақтап келеді. Сол түні баланы молданың алдына әкелді. Күп боп ісінген кішкентай кеудеге құлақ тосып, үнсіз отырды.

– Сабыр қылыңдар, – деді біраздан соң. Жошы тістеніп тұрса да, қолынан ештеңе келмейтінін алғаш рет анық сезді.

Сосын дәрет алып, намазға тұрды. Үй іші түнеріп, тыныштық орнады.Көп ұзамай күбірлеген дұға үні күшейе түсті. Сыртта жел тұрып, Шақатарық бойындағы бақалардың азан-қазаны үдей берді. Бір сәтте терезе тарс ашылып, бейне алып айдаһардай ирелең қаққан мың-миллион ара үйге лап қойды. Қараңғы бөлмені толтырған мың-миллион ара бір сәт бала үстінен айнала үйіріліп, қайтадан кірген терезеге қарай тізіліп, бір-бірден ғайыпқа сіңе берді. Бір кезде бәрі тыншыды.

Молда орнынан тұрып, баланы қолы­на алды.

– Құдайдан тіледік. Енді үйге жеткенше үш рет құсса, аман қалады, – деді.

Жол бойы бала үш рет құсты.

Сол түні ажал аузынан қалған едім. Кейін әкем сол түнді еске алғанда, ұзақ  үнсіз отырып қалатын.

 

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ 

Соңғы жаңалықтар

Көктемгі дала жұмысы қарқын алды

Шаруашылық • Бүгін, 09:10

Қаладан ауылға бетбұрыс

Ауыл • Бүгін, 09:05

ЖИ агенттерінің жәрдемі

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:00

Таңдайдан кетпес ұлт дәмі

Кәсіпкер • Бүгін, 08:58

Қолжетімді сапалы дерек

Digital • Бүгін, 08:55

Саладағы цифрлық серпін

Білім • Бүгін, 08:53

Пластик қалдығы пайдаға жарады

Аймақтар • Бүгін, 08:48