Технология • Бүгін, 08:39

Ойлы жас, озық жоба

7 мин
оқу үшін

Өңірімізде жастардың ғылым мен әлеуметтік жауапкершілікті ұштастырған бастамалары көбейіп келеді. Бірі ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған дамытушы құрал әзірлесе, енді бірі төтенше жағдайда адам өмірін құтқаруға бағытталған робот жасап шығарды. Бұл жобалар жас буынның жаңашыл ойы мен қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылысын айқындайды.

Ойлы жас, озық жоба

GPS-сіз іздеу роботы

Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мектебінің 11-сынып оқушылары ғы­лым мен технология саласында тың жаңа­лыққа бастар жол ашатын бірегей жобаны ұсынды. Жас өнертапқыштар шахталарда, түтінге толы ғимараттарда және үйінділер астында тиімді жұмыс істей алатын іздеу роботын жасап шығарды. Ең маңыздысы – бұл құрылғы спутник­тік байланысқа немесе GPS жүйесіне тәуелді емес.

A.C.T.I.V.E деп аталған жоба бүгінде халық­аралық деңгейде жоғары бағаланып отыр. Аталған робот Local Pathing есептеу архи­тектурасына негізделген. Бұл жүйе спутниктік навигациясыз-ақ қысқа қашықтықтарда тиімді бағыт құруға мүмкіндік береді. Яғни құрылғы күрделі және сигнал қолжетімсіз кеңістіктерде де өз бетінше бағдар таба алады.

– Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – GPS те, дәстүрлі навигация да емес. Жүйенің басты ерекшелігі – робот­тың спутниктік сигналсыз кеңістік­те өздігінен бағдар таба алуы. Біз спут­ник қолжетімсіз жерлерде жұмыс істей­міз: жабық ғимараттарда, шахталарда, түтінге толы нысандарда. Роботтың қондырмалары ауыстырмалы, сондық­тан оны әртүрлі міндеттерге бейімдеуге болады – өнеркәсіптен бастап тау-кен металлургия саласына, сондай-ақ өрт кезіндегі құтқару операцияларына дейін, – деді жоба авторларының бірі Санжар Сәрсембаев.

Жобаны Санжар әріптестері Тарғын Файзулла және Арнұр Тоғамбаевпен бірге жүзеге асырған. Жас зерттеуші­лер бұл бағыттағы жұмысты былтыр бас­тап, қысқа уақыт ішінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Осы кезеңде олар роботтың бірнеше нұсқасын жасап, навигациялық алгоритмдерін жетілдіріп, толыққанды жұмыс істейтін платформаны құрастыра алды.

Еңбектің жемісі де көп күттірмеді. A.C.T.I.V.E жобасы Infomatrix Asia 2026 халы­қ­аралық олимпиадасында Hardware Control санаты бойынша бірінші орынды иеленді. Бұл жеңіс жас өнертапқыштардың әлеуетін танытып қана қоймай, олардың кәсіби болашағына да жол ашты. Атап айтқанда, Санжар Сәрсембаев осы жетісті­гінің арқасында Алматы энергетика және байланыс университетінің білім грантын жеңіп алды.

– Бұл мүмкіндікті міндетті түрде пайдаланамын, ол кәсіби дамуға үлкен мүмкіндік ұсынады. Роботтехника және IT саласында білім алуды жос­парлап отырмын. Болашақта автономды жүйелер мен роботтандырылған ше­шімдерді әзірлеумен айналысамын. Елі­мізде бұл саланың әлеуеті жоғары, мен оның дамуына үлесімді қосқым келеді, – дейді өнертапқыш өрен.

Қарағандылық оқушылар жобаны әрі қарай дамытып, іздеу роботын нақты өндірістік және төтенше жағдайлар саласында қолдануға бейімдеуді көздеп отыр. Жас өнертапқыштардың бұл бастамасы отандық роботтехника саласының дамуына серпін беріп, еліміздегі инновациялық жобалардың көкжиегін кеңейте түсері сөзсіз.

 

Ерекше балаларға бағдар

Қарағанды облысының белсенді жастары қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелердің біріне назар аударып, Даун синдромы бар балаларды қолдауға бағытталған тың жобаны жүзеге асыруда. Enactus Buketov University командасы әзірлеген бұл бастама облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Айжан Қиясова мен Жастар ресурстық орталығының демеуімен қолға алынған.

Жоба авторларының айтуынша, идея нарықты зерттеу барысында туындаған. Жоба жетекшісі Амира Әбілдина дамытушы құралдардың сапасы мен маз­мұ­нына қатысты олқылықтарды атап өтті.

– Біз балаларға арналған көптеген ойыншықтар мен құралдардың шамадан тыс ашық түстермен жасалаты­нын байқадық. Бұл кейбір балалар үшін қабылдауды қиындатады. Сондықтан біз білім беру мен ойын элементтерін үйлестіретін, баланың сезіну қабілетін дамытатын арнайы тактильді кітап жасауды жөн көрдік, – дейді ол.

Жобаның негізгі өнімі – картон мен фетрден құрастырылған интерактивті кітап. Онда түрлі жапсырмалар мен қозғал­малы элементтер қарастырылған. Мұндай тәсіл балалардың ұсақ мотори­каны, зейінді және қарым-қатынас дағ­дыларын дамы­ту­ға ықпал етеді.

Жобаны әзірлеу барысында студенттер арнайы әдебиеттер мен әдістемелік еңбектерге сүйенген. Сондай-ақ сарапшы ретінде академик Қ.Сағынов атындағы колледж-мектептің балалар психологі Роман Устименко кеңес берген.

– Әртүрлі текстуралар мен қозғалмалы элементтер баланың ұсақ моторикасын жетілдіреді. Ал бұл өз кезегінде сөйлеу мен ойлау қабілетіне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар мұндай тапсырмалар зейінді шоғырландыруға, басталған істі аяқтауға, себеп-салдарлық байланыстарды түсінуге үйретеді. Жүйелі әрі тыныш мазмұн мазасыздықты төмендетуге де көмектеседі, – дейді білікті маман.

Тактильді кітаптың тұсаукесері ерек­ше балаларға арналған даму орталық­тарының бірінде өткен. Жас қатысушылар жаңа құ­рал­ды қызығушылықпен қабыл­дап, ұсы­­нылған тапсырмаларды белсенді орын­да­ған көрінеді.

Ата-аналар да жобаның маңызын жоғары бағалаған. Ерекше қажеттілігі бар баланың анасы Айжан Құсайынова мұндай бастамалардың қоғамға  аса қажет екенін атап өтті.

– Біз балаларымыздың дамуына көмек­тесетін тиімді тәсілдерді үнемі іздей­міз. Кейде маңызды дүниелер ескеру­сіз қалып жатады. Осындай кітаптар сол олқы­лықтың орнын толтырып, балаға жаңа мүмкіндіктер ашады, – дейді ол.

Жобаның алғашқы кітабы отбасы­лық құндылықтар мен жақындар арасын­дағы қарым-қатынасқа арналған. Ондағы кейіпкерлер – қоян, тасбақа және үкі балаға ана, әке, ата-әже, аға-әпкемен байланыс орнатудың маңызын түсіндіреді. Әр бетте тапсырмалар мен мәтіндер қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған.

Алдағы уақытта жоба авторлары осын­дай мазмұндағы үш кітаптан тұра­тын то­лыққанды серия шығаруды жос­парлап отыр. Бұл бастама ерекше бала­лар­дың дамуына қолдау көрсетіп қана қоймай, қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға да өз үлесін қоспақ.

Қысқасы, әлеуметтік қолдаудан бастап жоғары технологияларға дейінгі бағыт­тарды қамтыған бұл бастамалар елдегі инклюзивті орта мен инновациялық әлеует­тің қатар дамып келе жатқанын аңғар­тады. Ең бастысы – мұндай жобалар қоғам игілігіне қызмет етіп жатса, зейінді жастардың үмітті ақтап, үлес қосқаны.

 

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар

Болған ана шапаны

Руханият • Бүгін, 09:47

Жастар жиі оқитын кітаптар

Қоғам • Бүгін, 09:44