Білім • Бүгін, 11:33

Астана мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесі қалай шешілмек?

5 мин
оқу үшін

Астана қаласында үй маңайындағы мектепке баланы орналастыру оңай емес. Білім ордасы алдымен тұрғылықты мекенжайдан тіркеу сұратады. Мұқият тексерістен өткен соң, бала сыныптағы 30-дан аса оқушының қатарына қосылады. Қазір көп мектептегі жағдай – осы. Мектептерде орын тапшы. Жалпы былтырғы оқу жылында 20 мыңнан аса балаға орын жетіспеушілігі сезілген. Бүгінде 1 200 орындыққа арналған білім ордаларында 4 мыңға жуық бала оқиды. Жыл сайын жаңа мектептердің саны артқанымен бұл мәселені толық шеше алмай отыр. Осы мәселеге қатысты Egemen.kz тілшісі қалалық білім басқармасына хабарласқан болатын.

Астана мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесі қалай шешілмек?

Фото: Ашық дереккөз

Білім басқармасының мәліметінше, елордада 314 964 мың оқушыны қамтитын 206 орта білім беру ұйымы бар. Оның 124-і мемлекеттік (бала саны 260 418), 75-і – жекеменшік (бала саны 47 760), 7-уі – республикалық мектеп (6 786 оқушы).

Мамандар мектептегі орын тапшылығына демографиялық өсім мен ішкі миграцияның белсенді жүруі себеп екенін айтады.

«Астана қарқынды дамып келе жатқан, халқы жыл сайын еселеп өсіп отырған мегаполис.  Мұндай демографиялық өсім ең алдымен білім беру инфрақұрылымына үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені әрбір бала сапалы әрі қолайлы жағдайда білім алуға тиіс. Соңғы жылдары Астанаға қоныс аударушылар саны айтарлықтай артты. Бұл бір жағынан, қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің жоғары екенін көрсетсе, екінші жағынан, білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығы мәселесін күн тәртібіне шығарды», дейді білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.

Басқарма өкілінің айтуынша, аталған мәселе бүгінде едәуір тұрақтанған.

«Соңғы үш жылда 110 мың оқушы орнына арналған 44 жаңа мектеп ашылды, оның 23-і – келешек мектептері. 2024 жылы 66 мың орындықты 16 келешек мектеп қолданысқа берілді. 2025 жылы 28 мың орынға арналған 7 келешек мектеп пайдалануға берілді. Соңғы екі жылда салынған жайлы мектептер саны қала тарихында рекорд болғаны назар аудартты. Бұл тек сандық көрсеткіш емес, сапалық өзгерістің де айқын көрінісі», дейді маман.

Қазір елордада тұрғын үй құрылысы қарқын алған аудандарда халық саны көбейіп келеді. Сәйкесінше, мектепке баратын балалардың қатары да артқан. Мұндағы көп мектептер 1200-1500 орынға лайықталғанымен әр мектепте 4 мыңға жуық оқушы бар. Спорт залда бір уақытта 4-5 сынып сабақ өтеді.

«Менің баламның сыныбында 30-дан аса бала бар. Сынып кең, әрі жарық болғанымен, мұншалықты балаға лайықталмаған. Оқушы көп болған сайын, ауасы тар. Біріншіден, денсаулыққа зияны тиеді, екіншіден, білім сапасы ақсап қалады. Айналдырған 40 минутта осынша баладан үй тапсырмасын сұрап үлгермейді. Тек жаңа сабақ тыңдаумен шектелетін шығар. Мен сол білім сапасына алаңдаймын», дейді қала тұрғыны Жайна Қыдырбаева.

Білім басқармасы оқушы орындарын тапшылығын жүйелі шешіп, болашақта үш ауысымды мектептерді болдырмау үшін, алдағы үш жылда 140 мыңнан астам орынға 60 мектептің құрылысы жүргізілетінін айтады.

«​Қазіргі таңда мектеп салуда ең бірінші халық саны көп шоғырланған аудандарға басымдық беріліп отыр. Нұра, Есіл, Сарайшық аудандарында мектептер кезек-кезегімен салынып жатыр», дейді басқарманың баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.

Басқарма мәліметінше, биыл жалпы қуаттылығы 15 672 оқушы орнына (екі ауысымда) арналған 12 мектептің құрылысы жоспарланған. Жаңа оқу жылына дейін қолданыстағы мектептерге салынған 6 мектеп жанындағы қосымша жапсаржай ғимарат (№72, 73, 86, 41, 82, 79), сондай-ақ бір жекеменшік мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін тағы 4 қосымша мектеп жапсаржайы (№13, 80, 83, 91) және бір жекеменшік мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған.

Жалпы, білім саласындағы мәселе тек құрылыспен бітпек емес. Сарапшылар алдағы уақытта педагогтердің де тапшылығы сезілетінін айтады. Елордада 2030 жылға қарай 10 мыңнан аса мұғалім қажет деген болжам бар.

Айта кетейік, Қазақстан бойынша биыл 215 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді.

Соңғы жаңалықтар