Ауыл • Бүгін, 10:48

Қажытқан 45 шақырым немесе Әлихан Бөкейхан ауылындағы жолдың жыры

13 мин
оқу үшін

Ел көлеміндегі қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы, ең алдымен, халық тұрмысын жақсартатын нақты істермен өлшенуге тиіс екенін Мемлекет басшысы атап айтқаны мәлім. Соның ішінде өңір басшыларына айрықша тапсырылғаны – барлық деңгейдегі жол сапасын дұрыстау. Кәсіпкерлік пен туризмді дамыту, сол арқылы жергілікті жұртшылықтың әл-ауқатын арттыру қала мен ауылдың барыс-келісі жеңілдегенде ғана жүзеге асатыны анық. Осы орайда келешегі бар көп елді мекеннің жолы бүгінге дейін ойдым-ойдым боп жатқаны қынжылтады.

Қажытқан 45 шақырым немесе Әлихан Бөкейхан ауылындағы жолдың жыры

Асфальт арманға айнала ма?

Президент бұрнағы жылы ғалым­дармен кездесуінде: «Негізгі қалалары­мыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдар­мен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі айтыла­ды. Жол сапасының нашарлығына қатыс­ты халықтың наразылығы орынды», деді. Яғни өңірлердің, соның ішінде ауыл­дың өркендеуі тікелей осы мәселеге тіреліп тұр.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасы деген құжат бар. «Бүгінгі күні жергілікті жолдар сапасының тө­мен болуы ауылдық аумақтар байланы­сының әлсіз болуына әсер етіп, олардың экономикалық дамуына кедергі келті­ріп отыр» деп сонда да тайға таңба бас­қан­дай жазылған. Осы құжатқа сай аймақ­тарымыздағы жолдар кезең-кезеңі­мен жөндеуден өтіп, келесі жылға дейін түзеліп қалуға тиіс еді...

ыв

Әрине, бұл бағытта бірқатар іс атқа­рылды. Облыс орталықтары мен аудандарды байланыстыратын күре жолдар әжеп­тәуір жақсарды. Дегенмен осы игі­лік ауданнан аспай, ауылға жетпей то­қы­­рап тұр. Әрине, кез келген өңірде тиын-тебен ең алдымен жұрт көзіне түсетін облыс орталығына бағытталатыны, сол жақтан артылса, там-тұмдап аудандарға бөлінетіні белгілі.

«Жығылғанға – жұдырық» дегендей, биыл Көлік министрлігі ауылдық елді ме­­кендер арасындағы жолға асфальт төсеу­ге уақытша шектеу енгізу тура­лы бас­тама көтерді. Министр Нұр­лан Сау­ранбаев: «Асфальт қымбат, сон­дық­тан ауыл­дар арасына жолды тек қиыр­шық­тас­тан салған жөн. Ол  6–10 есе арзанға түседі», дейді.

Осы бұйрықтың дақпырты сапалы жолға әне-міне жеткелі тұрған бірқатар ауылдың үмітін су сепкендей басты. Жергілікті атқарушы органдар қазір­дің өзінде осыны алға тартып, ауыл жолдарын асфальттауды кідіртіп отыр. Қарағанды облысында бірнеше жыл бұрын жос­парланып, құрылысы басталып қойған жоба – Ақтоғай ауданының орталығын  Шабанбай би ауылымен бай­ланыстыратын автомобиль жолы со­ның қатарында. Айта кетейік, бұл – биыл ту­ғанына 160 жыл толған Алаш көшбас­шысы Әлихан Бөкейханның туған жері.

Редакциямызға хабарласқан ауыл тұрғындары «Ауылымыздың жолы жөн­делмейтін болыпты», деп дабыл қағып отыр. Сұрастырып білсек, бір шеті асфальтталып қойған, биыл тағы бір бөлігі салынуға тиіс жолдың құрылысы жоға­рыда айтқан «бұйрық шықты» деген желеумен тоқтап тұр екен.

Негізі аталған құжат әлі бекітілген жоқ. Соған қарамастан, әкімдіктер қа­­былданбаған бұйрықтың талаптарын орын­­дауға білек сыбана кірісіп кет­­кені байқалады. Мәселенің анық-қаны­­ғын білу мақсатында дереу Көлік министр­лігіне хабарластық. Бұйрықтың әлі бекімегенін мекеменің баспасөз хатшысы Дәулет Сәмбетбаев та растады. «Иә, бұл мәселені министрлік ұсынып, қоғам талқылауына шығарған. Қазір бұйрық жобасы мемлекеттік органдармен келісу сатысында және қолданысқа енгі­зілген жоқ», дейді ол.

Тағы бір айта кететін мәселе, бұйрық жобасында бұл шектеу ауылда халық саны 500 адамнан аз болса немесе осы жолмен тәулігіне жүретін автокөліктің саны 500-ден кем болған жағдайда ғана қолданылатыны айтылған. Ал жол бо­йын­дағы екі іргелі ауылда (Қызыларай мен Шабанбай би) қазір мыңнан астам тұрғын бар. Арлы-берлі ағылған көлік те жеткілікті. Ендеше, бұл жобаны тоқтату – қисынсыз.

Алаш көшбасшысының атамекені

Қарағанды қаласынан 300, Ақтоғай ауданының орталығынан 45 шақырым жерде орналасқан Шабанбай би ауылы – тұтас жұртымызға  қадірі бөлек өлкенің бірі. Алаштың жел жағына пана болған бірегей тұлға – Әлихан Бөкейхан дүниеге келген ауыл. Әлекеңнің ата-анасы, бауырлары жерленген Талды бейіт қорымы да осында. Сонымен қатар мұнда адамзат тарихынан ойып орын алған «Беғазы-Дәндібай» мәдениетінің ескерткіштері бар. Орталық Қазақстанның ең биік нүктесі – Қызыларай тауының Ақсораң шыңы (1565 метр) ауылдың
іргесінде.

ы

Таудан құлай аққан тұшы бұлақ­тарымен, қарағай-қайыңы тұтасқан орманымен көз тартатын табиғаты ерекше, туристік әлеуеті зор ауылдың бірі де осы. 2025 жылы «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы жариялаған байқауда Шабанбай би ауылы атағы дүркіреп тұрған Нағи Ілиясов, Хан ордасы, Поперечное сынды елді мекендермен қатар «Үздік туристік ауыл» атанды.

Елдік деңгейдегі іріктеуде топ жаруы жайдан-жай емес. Мұнда 2008 жылдан бастап «Авалон» туристік клубының ықпал етуімен экологиялық туризм бағыты жолға қойылып, арнайы турлар ұйымдастырыла бастады. Сол кезеңнен бері жыл сайын жаз айларында шетел­дерден, әсіресе Еуропадан тұмса таби­ғатты, қазақ ауылының қарапайым тір­лігін тамашалағысы келгендер жиі қаты­найды. 2014 жылы ауыл кәсіпкері Раушан Дүйсенбекованың қолға алуыман «Сұлутас» қонақүйі қызмет көрсете бастады. Биыл Салтанат Қапасова атты тағы бір іскер тұрғын заманауи қонақүй ашты. Енді бұларға жан-жақтан келетін туристер ағыны жаз бойы толастамайды.

Бұған қоса жыл сайын аудан көле­мін­дегі жазғы лагерь де осы ауылда ұйым­дастырылады. Биылдың өзінде бір мау­сымда 60 баладан қабылдап жатыр. Кеңес заманында тау баурайында «Арай» атты пионер лагері жұмыс істеп тұрды. Тоқырау жылдары талан-таражға түскен нысанды қазір осы өңірден шыққан кәсіпкерлердің бірі алып, демалыс орнын ашуға кірісті. Сонымен бірге ауылдың белсенді азаматтары ұйыт­қы, әкімі бас болып, халық қаражат жинап, бос тұрған ғимараттың бірінен өз күштерімен спорт кешенін жабдықтап жатыр. Мұның бәрі ауыл келешегі зор екенін көрсетеді.

2020 жылы халыққа Жолдауында Пре­зидент ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергені белгілі. Бұл басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы аса маңызды қадам болды. Сол істі тиімді жү­зеге асырып жатқан ауылдың бірі – осы Шабанбай би ауылы. Кейінгі екі әкімін халық өзі таңдап, өзі сайлады.

Жол жұмысы неге тоқтап тұр?

Осы сұрақты Ақтоғай ауданының жауапты органдарына қойдық. Ресми жауапты қарапайым тілмен тәпсірлейтін болсақ, «Ақтоғай – Шылым – Ақжарық» автокөлік жолын жөндеу жұмысы 2022 жылы басталып, Қызыларай мен Шабанбай би ауылы арасындағы 22 шақырым жол асфальтталған. Одан кейінгі жоспар бойынша биылдан бас­тап жыл сайын 15 шақырымға асфальт төселіп, үш жылда Шабанбай би мен Ақтоғай селосының арасы тақтайдай тегіс жолмен жалғануы керек еді. Былтыр «СК «Евродор С» ЖШС деген компаниямен келісімшарт жасалып, тағы 15 шақырым тегістеліп, суағарлары салынып, асфальт төсеуге дайындалып та қойыпты. Жұмыс биыл басталып кетуге тиіс еді. Бірақ оған қаражат жоқ. Ақиқатын айту керек, мұндай қомақты соманы ауданның қазынасы көтере алмайды. Расымен де, Ақтоғай – аумағы үлкен болғанымен, әлеуетті салық төлеушілері аз аудан. Қаржы облыстан бөлінуге тиіс.

ы

Биыл осы жолдың бойымен бірнеше рет өттік. Былтыр күзде қарбалас көрінген көп техника қазір көзден ғайып болған. Яғни дәл биыл жұмыс басталатын түрі жоқ. Мердігер компания өкілдерін тауып алып, олармен де сөйлестік. «Былтыр Шабанбай би ауылынан ауданға қарай 15 шақырымды қырнап-жонып, кейбір қар басып қалатын тұсын көтеріп, асфальттауға дайындап қойғанбыз. Көктем шығысымен іске кірісуіміз керек еді. «Ақша жоқ» деп жатыр. Естуімізше, ауыл жолдарын асфальттамау туралы Көлік министрлігінің бұйрығы шығыпты. Соған байланыс­ты тоқтатылған көрінеді. Бізге салса, 45 ша­қы­рымды осы жылы-ақ бітіріп берер едік. Оған техникалық мүмкіндігіміз толық жетеді», дейді кәсіпорын өкілі Аят Нұрсейітов.

Әр ауылдың әлеуеті ескерілгені жөн

Әлихан Бөкейхан атамекеніндегі мәселе – бір ауылға ғана емес, жалпы республика көлеміндегі елді мекендерге ортақ жағдай. Әлі қабылданбаған бұй­рықтың екпіні бұл бетте біраз өңірге қиындық тудыруы мүмкін.

Құжат қабылданған күннің өзінде әр ауылдың мәселесі дербес қаралуға тиіс. Мәселен, «Ақтоғай – Шылым – Ақжарық» автокөлік жолы – бес жыл бұрын жоспарланып, қаражаты есептеліп, жұмысы бас­талып қойған жоба. Сонымен қатар Көлік министрі: «Республикалық маңызы бар жолдар, облыс орталығынан ауданға дейінгі және ауданнан тірек ауылдарға дейінгі жолдар асфальтталуға тиіс», деді. Шабанбай би, Қызыларай ауылдарының тұрғындары мыңнан асады. Екі ауылда да 11 жылдық мектеп жұмыс істеп тұр. Қаншама адам жұмыспен қамтылған. Төрт түлігін өсіріп, құрт-майды кәсіп кө­зіне айналдырған азаматтар да жетерлік. Өзін-өзі асырап отырған жұрт. Егер жол жағдайы түзелмесе, көшті қалаға бұрғандар қатары көбейе берері анық. Жайлы инфрақұрылым іздеп жылыстап жатқандар қазірдің өзінде баршылық.

Кейінгі жылдары елімізде урбандалу үдерісі аса қарқынды жүріп жатыр. Астананың өзіне жылына 100 мыңға жуық адам қоныс аударады. Тиісті органдар елорданың ресурстарына үлкен салмақ салған бұл көшті қалай тежеуге болатынына бас қатырып жүр. «Келушілерді шектейміз» деген талаптар да айтылды. Біздіңше, бұл көшті тоқтатудың бірден-бір жолы – өңірлерде өз нәпақасын өзі тауып отырған ағайынға жағдай жасау. Ол ең алдымен жолын дұрыстап беруден басталады. Жолдың жөнделуі – ауылдағы ағайын үшін жарты байлық.

Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл ауыл – Ақтоғай ауданында этнотуризм мен экотуризмді дамытудың маңызды бағыты. Ол жұмыс жолға қойыла бастаған. Оның үстіне Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның атамекені болуы да қызығушылықты арттырып тұр. Алаш көшбасшысының туған жерін көріп, Талды бейітке зия­рат етушілер жеткілікті. Осы мамыр айының өзінде Әлекеңнің 160 жылдығы аясында сонау Балқаш қаласынан мектеп ұстаздары үлкен автобустармен артынып-тартынып жеткенімен, Ақтоғайдан бергі жолдың сыйқын көріп, шаршап-шалдығып қайтты. Енді олар бұл жаққа беттей қояр ма екен?

Астанадан Шабанбай би ауылына дейін – 500 шақырым. Соның 465 шақы­рымына қиналмай жеткен жолаушы, 45 шақырым жолды көргенде екінші қай­тып келместей болып кетеді. Мұндай жағ­дайда ауылды дамыту, онда жұртты тұ­рақтандыру, туризмді өркендету туралы әңгіме бастаудың өзі артық. Ауыл жұрт­­шылығы қажытқан 45 шақырымға тиісті органдар назар аударып, Алаш көсе­мі­нің туған жеріне асфальт төселуінен үмітті.

Облыс басшылығы оң шешім қабыл­дап, тарихы терең, туристік әлеуеті зор ауылдың жолын дұрыстап берсе, Прези­дент тапсырған халықтың тұрмы­сын арт­ты­ру бағытындағы үлкен істің бірі болар еді.

Соңғы жаңалықтар

Әлемдегі ең бақытты ел

Әлем • Бүгін, 10:43