Экономика • Бүгін, 16:07

Жасанды жаңбыр – бірегей бастама

5 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында жауын-шашынды жасанды көбейту жобасы іске қосылды. Қазақстан бұл бағыттағы технологияны тәжірибеде қолданған аймақтағы алғашқы ел атанып отыр. Су тапшылығын азайтып, егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етуге бағытталған жоба, әсіресе, қуаңшылық жиі байқалатын оңтүстік өңірі үшін маңызды бастама болмақ.

Жасанды жаңбыр – бірегей бастама

Түркістан облысы – аграр­лық әлеуеті жоғары өңір болғандықтан егін алқаптарын тұрақты суару, су ресурстарын тиімді пайдалану мен заманауи технологияларды енгізу өте маңызды. Осы орайда жүзеге асырыла бас­таған жоба су қоймаларын толықтыру деңгейін арттыруға, еліміздің оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы аумақтарын су ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ облыстағы жалпы көле­мі 911 мың гектардан асатын егістік жерлерге әсер ететін құрғақшылық пен су тап­шы­лы­ғының салдарын азайтуға арналған. Республикадағы
суар­­малы жерлердің төрттен бір бөлігі, яғни 575 мың гектар жер – Түркістан облысына тиесілі. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану – өңір үшін стратегиялық маңызды міндет.

Жобаны іске қосу рәсіміне қатысқан Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мә­диев­тің мәлімдеуінше, Қазақстан кли­мат­тық орнықтылықтың жаңа жүйе­сін қалыптастыруға бағытталған прак­тикалық қадам жасап жатыр. «Біз үшін бұл – ғылымға, халықаралық серік­тес­тік­ке және цифрлық тех­но­логияларға негіз­делген заманауи кли­маттық инфра­құрылымды қалып­тастырудың бастауы. Жоба әлемдік жетекші сарапшылармен бірлесе жүзеге асырылуда және технологиялар трансфері мен отандық мамандарды даярлаудың негізін қалайды», деді Ж.Мәдиев. Осы орайда Түркістан облысының мамандарын ауа райын модификациялау технологияларына оқытуды ынтымақтастық аясында БАӘ Ұлттық метеорология орталығының мамандары жүргізіп жатқанын айта кетелік. Олардың қатарында метеорологтер, ұшқыштар, инженерлер мен салалық мамандар бар. Сонымен қатар технологияны еліміздің басқа өңірлерінде кеңей­ту мүмкіндігі қарастырылып, отан­дық климаттық технологияларды қалып­тастырудың іргелі негізі қаланып отыр.

Салтанатты рәсімде Түр­кістан облы­сының әкімі Нұралхан Көшеров жобаның маңызына тоқталды. «Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне әрдайым көңіл бөліп келеді. Осы тұрғыда Түркістан облысының маңызы ерекше. Жаһандық климаттың өзгеруі оңтүстік өңірлерге өз әсерін тигізіп отыр. Біз бұл мәселені шешу үшін су үнемдеу технологияларын қарқынды енгізіп жатырмыз. Кейінгі үш жылда 114 мың гектар жерді заманауи жүйеге көшірдік. Алдағы бес жылда қосымша 250 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі ұсынылып отырған жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – бола­шаққа бағытталған бірегей жоба. Қазірдің өзінде нақты істер атқарылды. Шаһарға 4 тонна инновациялық реагент жеткізілді. Арнайы әуе кемесі алғашқы техникалық ұшу сапарын сәтті орындады. Жасанды жаңбыр жауғызу арқылы алқаптарды сумен қамтамасыз етіп, жайылымдардың өнім­ділігін арттырамыз», деді облыс әкімі.

Мамандар халықаралық бағалауларға сәйкес, жасанды жаңбыр шақыру техно­­логиялары табиғи деңгей­мен салыс­тырғанда жауын-шашын көлемін 10–20%-ға дейін арттыра алатынын айтып отыр. Әлеуетті эконо­микалық тиімділік жылына 35 млрд теңгеге дейін баға­ланады. Мұндай технологиялар Қытай, АҚШ, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясында белсенді түрде қолданылып келеді. Жоба суға сұранысы жоғары аудандарда, ең алдымен ауыл шаруашылығы аумақ­тарында жергілікті деңгейде жүзеге асырылады. Жұмыс жүргізілетін аймақтарды таңдау метеорологиялық қызмет мамандары мен про­фильдік мемлекеттік орган­дардың қатысуымен ауа райы жағдайын, экологиялық ахуал­ды және суға қажеттілікті ескере отырып жүргізіледі. Технологияның әсер ету аумағы жергілікті сипатқа ие және радиу­сы 5 шақырымнан аспайды, сондай-ақ ауқымды ауа райы құбылыстарын қа­лып­тастырумен байланыс­ты емес. Жұ­мысты жүргізу үшін халықаралық тәжірибеде қолданылатын тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, жауын-шашын тапшылығы орталықта және оңтүстік-батыста, яғни Ұлытау, Ақтөбе облыстары, Қостанай облысының оңтүстігі, Түркістан облысының сол­түстігі және Батыс Қазақстан өңірінің оңтүстік-шығысында болуы мүмкін. Аталған жо­баның жүзеге асырыла бас­тағанынан хабардар болған өңір тұрғындары ауа райын модификациялау және жауын-шашынды жасанды түрде көбейту саласында көпжылдық тәжірибесі бар БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен халық­аралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстың оң нәтиже беретінінен үмітті.

Айта кетелік, алдағы вегетация ке­зеңін­де облыстың Мақтаарал және Же­тісай аудандары диқандарының қажет­тілігі үшін мемлекетаралық «Дос­тық» каналы арқылы су беру жоспарланып отыр.

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар

Жасанды жаңбыр – бірегей бастама

Экономика • Бүгін, 16:07