Фото: Stan.kz телеграм
Қайғылы оқиға 10 мамыр күні «Эдельвейс» кафесінде болған. Туыстарының мәліметінше, Бахром сол күні жұмысқа барған. Кейін оның досымен арасында 70 мың теңге табысқа байланысты жанжал шыққан.
Отбасы өкілдерінің айтуынша, 20:18 бен 21:04 аралығында жігіт аяусыз соққыға жығылған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті оның басынан доғал затпен ұрған. Сараптаманың бастапқы қорытындысында марқұмның көкбауыры жарылып, кейін қан аралас құсқаны көрсетілген.
Туыстары жедел жәрдем жеткенге дейін оқиға орнындағы қан іздері тазаланған болуы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ олардың сөзінше, зардап шегушінің киімі де ауыстырылған. Ал жедел жәрдем қызметі тек 21:04-те шақырылған.
Кейін Бахром ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның көз жұмғанын растаған.
Ал оқиғаға қатысы бар деген екі жігіт «ол жай ғана құлап қалды» деп түсініктеме берген.
Алматы облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жасөспірім 12 жастағы баланы қағып кеткені туралы жазғанбыз.