Фото: Әлеуметтік желіден
Былтыр көктем айында «Металлург» саябағына жаңа ескерткіш орнатылған. Алайда мүсінде оның кімге арналғаны көрсетілмеген. Бір жылдан кейін мүсін жоғалып, ескерткіш тұрған тұғыртас қираған күйі қалған. Сынған тастарды көрген тұрғындар бұл бей-берекетсіздікті әлеуметтік желіге жариялаған.
Қала әкімдігі мүсіннің саябақ аумағының идеологиялық тұжырымдамасына сәйкес келмей қалғанын мәлімдеді. Неліктен бұл мәселе тек бір жылдан кейін анықталғаны нақтыланбады. Сондай-ақ ескерткішке қанша қаражат жұмсалғаны да айтылмады. Нәтижесінде мүсінді басқа жерге көшіру туралы шешім қабылданған. Бірақ нақты қай жерге орнатылатыны әзірге белгісіз.
«Тақырыптық бірізділікті сақтау және спорт қауымдастығының ұсыныстарын ескере отырып, қазіргі таңда оны басқа жерге орнату мәселесі қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта мүсін әкімдіктің жауапты сақталуында тұр. Бұл мәселе спорт ардагерлері мен еңбек сіңірген спорт қайраткерлерімен бірлесіп талқыланып жатыр», дейді Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шанхайдағы Пушкин ескерткіші: Екі рет қиратылып, қайта тұрғызылған кешен туралы аз-кем әңгіме
Еске салайық, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде танымал болу мақсатында табиғат пен тарихи нысандарды бүлдіру жағдайлары жиілеп кетті. Ішкі істер министрлігі мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын тағы да ескертті.