№2 мектеп-интернаттың алпыс бес жылдан астам тарихы бар. Мұнда тірек-қимылында бұзылысы бар балалар білім алады. Қазіргі кезде 171 бала мектепте, 208 оқушы үйден оқытылады. Мектеп директоры, тәжірибелі ұстаз Бақытгүл Ермекованың айтуынша, білім ордасында сапалы білім берумен қатар, тарихи, рухани құндылықтарды насихаттап, балаларды тағылымды істерге баулуда мазмұнды мәдени шаралар жиі өтіп тұрады.
Мереке күніне орайластырып отырған бұл мерекелік кештің орны бөлек. Ел қорғаны болған батырларды еске алып, Отан қорғауда қырағы күзетте тұрған сарбаздар ісін жас ұрпақ арасында насихаттауды мақсат еткен салтанатты шараға мектеп-интернаттың ардагер-ұстаздары шақырылып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар білім ордасының қамқоршылық кеңесінің мүшелері, демеушілер мен мектеп түлектері қатысты.
Мектептерде оқушыларға смартфон қолдануға тыйым салынуы мүмкін
Мерекелік кеште Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, «Азамат әлеуеті» ҚҚ президенті А. Сейсенова, мектеп-интернат ардагерлері И.В. Утробин, Қ. Нұрғожаева, қазақ футболының ардагері, Алматы футбол федерациясының президенті А.Ф. Мехтиев, DHL компаниясының бас директоры Е.Р. Багдашкин, мектеп түлегі, жүзуден және үстел теннисінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, паралимпиадалық спортшы және жаттықтырушы А. Оразбек, «Қазақстан халқына» қорының стипендияты, Халықаралық инженерлік-техникалық университетінің 2 курс студенті Р. Степанец, сонымен бірге Қ. Абдуллаевтың «Акниет» қоры, «Simax Solution» компаниясының өкілдері сөз сөйлеп, мектеп тарихы, тәрбиеленушілердің бүгінгі білім белесіндегі жетістігі туралы толғаныстарын жеткізді.
Мерекелік кеште мектеп шежіресі туралы фильм көрсетіліп, оқушылардың қолөнер көрмесі өтті. Әсерлі кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, халықаралық, республикалық, қалалық байқаулардың жеңімпаздары, 8-10-сынып оқушылары А. Амирова, А. Оразбай «Ән сал,сарбазым» әнімен, мектептің «Жауқазын» амсамблі, 5-сынып оқушыларының үрмелі аспаптар оркестрі қатысушыларды өз өнерлерімен тәнті етті. Сондай-ақ әнші А. Тәшімбетов, №12881 әскери бөлімнің сарбаздары – капитан А. Шырынбек, кіші сержант Ә. Ынтықбаев, ефрейтор К. Қойшыбаева қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Салтанатты шара барысында мектеп директоры Бақытгүл Ермекова тірек-қимылында бұзылысы бар балаларға психологиялық, физикалық қолдау көрсетіп, олардың қоғамда өз орнын табуында тәжірибелі педагогикалық ұжымның еселі еңбегі жатқанын атап өтті. Айтуынша, ұстаздар қауымы заманауи оқу құралдарының көмегімен балалардың дамуына, тұлғалық қалыптасуына ықпал етіп келеді. Бүгінде мектепте 150 педагог жұмыс істейді. Осы ретте республикалық «Ақбота» зияткерлік олимпиадасы жеңімпаздарын дайындаған О.Айдосова, Р. Казлахынова, С. Рахимбекова, С. Ишанова, А. Мылтықбаева, Ф. Мамытбай сынды ұстаздар еңбегін атап өткен абзал. Абай атындағы ҚазҰПУ, Қыздар пегагогикалық ұлттық университетін бітіріп, осы мектепте тәжірибе жинақтаған дефектолог мамандар жұмысына да ерекше тоқталып өтуге болады.
«Мектебімізде педагогикалық ұжым оқушылардың үлгерім нәтижесіне, жекелеген пәндер бойынша жетістіктеріне басты мән береді. Ал кәсіби бағдар беру мақсатында қолдау көрсетіп, кеңес бере отырып, мамандық таңдауына, өз саласы бойынша табысты жұмыс істеп кетуіне, өмірден өз орнын табуына жәрдемдесуде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Жапония, Малайзия, Сингапур елдері тәжірибесімен танысқанымда мектеп-интернатымыздағы білім беру бағдарламасының шетелден кем түспейтініне көзім жетті. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Г. Дарыбаева, В. Тюринаның Хорватия, Нидерланд еліне сапарының нәтижелі болғанын да атап өткім келеді. Бүгінде ұстаздарымыз «Perkins» халықаралық мектебінде 20-дан астам педагог білімін жетілдіріп, алдыңғы қатарлы педагогикалық технологияларды игеріп, тәжірибесін жетілдіру үстінде. Мектепте «Perkins» тәжірибесі негізінде ресурсты кабинет жұмыс істейді. Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, меценат, «Astana Motors» холдингінің негізін қалаушы Н. Смағұловтың қолдауымен мектебіміз әмбебап тренажерлермен жабдықталған. Оқушыларымыз пәнаралық олимпиадалармен қатар спорттық жетістіктерімен де көзге түсіп жүр. Бұл ұжымның ғана емес, ұстаздар еңбегінің жемісі, демеушілердің қолдауының нәтижесі. Биыл 4 оқушымыз мектепті қызыл аттестатқа бітіргелі отыр. Республикалық пәнаралық олимпиада жеңімпаздары Ш. Абдулхайқызы, Э. Мұсақожаев, И. Жақай, Т. Ибраева, сонымен қатар М. Мұхтарбек, М. Рысбай, К. Байгелова, сондай-ақ оқушыларымыздың спорттағы жетістіктері де назар аударарлық. Ал мектеп түлектері қоғамдық өмірдің сан-саласында табысты еңбек етіп жүргені біздерді қуантады», деді Бақытгүл Ермекова.
Білім ордасы жарық әрі жайлы сыныптар, интерактивті тақталар, зертханалар мен жаңа шеберханалармен жабдықталған. Мектепте балалардың психологиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес арнайы оқу бағдарламасын қолдану өз жемісін беріп келеді. Педагогикалық ұжым заманауи мүмкіндіктерді қолдана отырып, балалардың қоғаммен ықпалдасуы үшін әлеуметтік-психологиялық оңалту, жеке оқу үрдісі арқылы білім беруге ынталандыру, адаптивті мүмкіндіктерін арттыру бағытында жұмыс істеп келеді.
АЛМАТЫ